Қазақ тілінің қоғамдағы ықпалын зерттеп жүрген шотландиялық Тара Мэтьюс

22 желтоқсан, 2022 / Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
ашық дереккөзі
Қазақ тілінің қоғамдағы ықпалын зерттеп жүрген шотландиялық Тара Мэтьюс Кейінгі кезде Қазақстанға арнайы келіп зерттеу жүргізетін шетелдік ға­лымдар саны арта түсуде. Төл мә­дение­тіміз бен тілімізге қызығатын олардың біра­зының біздің елде тіпті жылға жуық зерт­теу жүргізгені туралы бұған дейін га­зетімізде жазған болатынбыз. Бұл жо­лы жас ғалым Тара Мэтьюстің әлеуметтік желілерде жұмыс орындарындағы қазақ тілінің қолданысы туралы сауалнама жүргізіп жатқанын байқап қалдық. Шот­ландияда туып-өскен ол бұл тың та­қы­рыпты таңдауға бірнеше себеп болғанын айтады. Зерттеу жұмысына бел шеше кіріс­кен әрі қолы қалт еткенде Алматы мек­тептерінің бірінде тегін сабақ беретін Тараға хабарласып, әңгімелескен едік. – Әлеуметтік желілерден қазақ ті­лінің жұмыс орындардағы қолданысы туралы сауалнама жүргізіп жатқа­ныңыз­ды көзіміз шалып қалды. Қа­зақ­станға арнайы келіп зерттеу жүр­гі­зіп жүрсіз бе? Әлде осында оқисыз ба? Жалпы, қай елден боласыз? – Мен – Шотландия елінің перзентімін. Нақ­тырақ айтсам, ондағы Данди қала­сын­да туып-өстім. Кейін Эдинбург универ­си­те­тінде қытай тілі және лингвистика ма­ман­дығы бойынша жоғары білім алдым. Сол аралықта Қытайда бір жылдай тұрып кел­дім. Сосын Шотландияның туризм ин­дустриясында біраз уақыт жұмыс істе­дім. Содан соң әлемді таниын әрі өзім де же­тіле түсейін деген мақсатпен Грузия елі­не жұмысқа барып, онда ағылшын тілі пә­нінен сабақ бердім. Бұл мен үшін қызық та қажет тәжірибе болды. Одан кейін жұ­мысымды Әзербайжан елінде жалғас­тыр­дым. Сосын Шотландияға қайта оралып, ма­гистратурада білімімді ұштай түскенді жөн көрдім. Сөйтіп, Erasmus Mundus бағ­дар­ламасы Орталық және Шығыс Еуропа, Ре­сей және Еуразия зерттеулері маман­ды­ғы бойынша оқуға түстім. Бағдарлама ере­жесіне сәйкес, бірінші семестрді Эсто­нияның Тарту университетінде оқысам, екін­ші семестрді Шотландияның Глазго уни­верситетінде жалғастырдым. Магист­рант­тарға келесі жылды тағы басқа елде оқу­ға мүмкіндік беріледі. Сол кезде біреу­лері Польшаға, енді біреуі Украинаға ба­рып оқуды құп санаса, мен Қазақстанды таң­дадым. Қазақстанда, соның ішінде Алма­тыда тұрып жатқаныма жуырда екі жыл болады. Әлемді жайлаған пандемияға бай­ланысты зерттеу жұмыстары ұзаққа со­зылып кетті. Дегенмен процестің осын­шалық ұзарып, нәтижесінде осында ұзақ уақытқа қалғаныма қуаныштымын. – Демек, көп шетелдік қызығатын Ал­ма­ты сізге де ұнаған болып тұр ғой... – Әлбетте! Алматыда тұру оңай екен. Осы­­ған таңғалдым. Бұған дейін айтқа­ным­дай, оқу, жұмыс барысымен бірнеше елде тұрдым. Десе де, Алматыда өз үйімде жүр­гендей сезінемін. Мұнда мынадай ба­ланс байқалады: Алматыда заманауи үлгі­дегі мейрамхана мен дүңгіршек көп. Сөйте тұра, дәстүрлі нәрселер де жетерлік. Жер­гі­лікті мәдениеттен хабар беретін дүние­лерді аңғаруға болады. Мұнда осы екеуі аралас, мен осыған таң-тамаша болдым. Сон­дықтан да маған осында тұрған ұнай­ды. Алматыдан бөлек, Алматы облысының төңірегіне көп саяхат жасадым. Сонымен қатар, Ақтау қаласына бардым. Өзбек­стан­ға бара жатқан кезде Шымкентте жарты күн болдым. Астанаға екі рет бардым. Бас қа­ланың көздің жауын алатын әсем ғи­ма­раттары ұнады. Ол қалаға турист ретін­де барған дұрыс секілді. Ал бірақ онда ұзақ уақыт тұра алмайтын сияқтымын (күліп). Маған Алматыда тұрған көбірек ұнайды. Тағы бір айта кетерлігі, Шотландияда да тау көп, қарасаң көзің тоймайтын әдемі жер­лер де жетерлік. Бірақ жеке көлігің жоқ болса, ол жерлерге жету қиын. Ал Ал­ма­тыда ұнайтыны, тау етегіне дейін, тіпті тау шаңғы курортына дей автобусқа мініп бара аласың. Әрі ол жолды жарты сағат немесе 40 минут қана жүресің. Өте оңай. Ал Шотландияда егер көлік жүргізе ал­масаң, табиғатты зерттеу қиынға соғады. Дегенмен Алматыдағы жол кептелісі мен ауа­ның ластануы алаңдатады. Көп таны­сым, әсіресе шетелдіктермен Алматы тура­лы әңгімелесе қалсақ, мұны баса айтады. Егер қаладағы көлік қозғалысы дұрыс реттеліп, ауаны ластайтын зиянды зат­тар азайса, Алматы – өмір сүру үшін та­ма­ша орын. – Сұрайын дегенім, магистрлік дис­сертацияңыздың тақырыбы тек қа­зақ тілімен байланысты ма? Әлде түр­кі тілдер тобына кіретін барлық тіл­дің қолданысын жіті зерделеп жүр­сіз бе? – Диссертациямның тақырыбы – Қа­зақстандағы тіл саясаты, тілге деген көз­қа­рас және тілдің жұмысқа тұруда және жұ­мыс орындарында қолданылуы арасын­дағы байланыс. Байқағаныңыздай, жұмы­сым тілді зерттеуге байланысты болған­дықтан, мені қазақ тілінің, сондай-ақ орыс тілінің қолданылу аясы қызықтырды. Көп­шіліктің қазақ тілін үйренуге не түрт­кі немесе не кедергі болғанын білгім ке­леді. Тілден бөлек, мұнда исламның та­ралуы, сондай-ақ оның басқа діндерден айыр­машылығы қызықтырады. Ал бірақ мені негізінен жұмыс орындардағы, биз­нестегі және жұмысқа тұру кезінде тілдің қол­данылуын зерттеп жүрмін. Орысша ғана сөйлейтін этникалық орыстардың қа­зақ тіліне деген көзқарасы, сондай-ақ қа­зақ тілінде сөйлей алмаса жұмыс табу қаншалықты қиын екенін зерттеп-білгім ке­леді. Мұнда жақсы жұмысқа орналасу үшін орыс тілін білуің керек екені айдан анық. Дей тұрғанмен қазір қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолдану аясы кеңей­ді, маңызы арта түсті. Азаматтардың көзқарасы оң бағытқа өзгерді. Қазір қазақ тілі үлкен сұранысқа ие. Сервистер мен өнімдер әзірлеуде де қазақ тіліне ба­сым­дық берілетіні байқалады. Дегенмен кей мейрамханаларда... – Иә, бізде мейрамханалар мен ка­фе­лерде ас мәзірінің қазақша жа­зыл­­майтынына байланысты дау әлі тын­шымай тұр. – Мен де осыны байқадым. Алматы мек­тептерінің бірінде волонтер болып жұ­мыс істеймін. Онда оқушыларға ағыл­шын тілін үйрететін маманға көмек­те­се­мін. Оқушылар өзара қазақша көп сөй­ле­седі. Күні бойы мектепте қазақшаны көп ес­ти­мін, сосын кафелер мен басқа орын­дар­ға барсам, қазақшаны мектептегідей көп естімеймін. Бірақ кейінгі кезде мен бар­ған мекеменің біразы алдыңа қазақ тілін­де әзірленген мәзірді алып келетін болды. Әрине, әлі аз, бірақ өзгеріс бар. Со­сын жуырда Қазақстанға белгілі банктің тер­миналын қолданған кезде бір байқа­ғаным, бұған дейін онда басты тіл ретінде орыс тілі тұратын, ал қазір батырманы бас­саң, бірден қазақ тіліндегі нұсқау­лық­тар шығады. Сондай-ақ бұрын көпшілік ме­ні­мен орысша көп сөйлесетін-ді. Акцент бар екенін байқаған соң менімен ағыл­шынша сөйлесетін болды. Қазір жас­тар орысшадан гөрі ағылшынша сөйлеуге көп қызығушылық танытады. Әрі қазақ­шаны бәрінен биік қояды. Мұндай қар­қын­мен алдағы он жылда бәрі басқаша бо­лады деп ойлаймын. – «Мектепте волонтермін» дейсіз бе? Сонда сіз мектепте тегін сабақ бе­ре­сіз бе? – Иә, қол бос кезде көмектесемін. Ағыл­шынша айтсам, бұл – first-hand experience. Біріншіден, маған мұның пайдасы зор. Мысалы, Грузияда сабақ беруім ол елдің мәдениетіне жақын болуға көп кө­мектесті. Осындағы мамандардың көбімен ара­ласамын. Олар менің қуана-қуана кө­мек­тескеніме өте риза болады. Мен де олар­дан көмек сұраймын. Қазір қазақ ті­лі­нің жұмыс орындарда және жұмыс беру­дегі қолданысына байланысты сауал­наманы таратуды достарыма, университет өкіл­деріне айтып жүрмін. Негізі, мен сауал­наманы бір апта бұрын ғана бас­та­ған­­мын. Оны бір ай бойы жүргізуім ке­рек. Содан соң бұл тақырыпқа қызы­ға­тын ма­мандардан сұхбат аламын. Қазір сұх­батқа беруге келіскен мамандар жетерлік. Жал­пылама айтсам, сауалнама жүргізу кезінде 80-100 респонденттен жауап алуым қажет және 5-10 адамнан сұхбат алу жоспарда бар. Дегенмен мен әлі бірін­ші кезеңдемін. Бұл – тек бастамасы. Нәти­жесі туралы сөз ету әлі ерте. – Сізге дейін бұл тақырып төңіре­гін­­де зерттеулер жүргізген басқа ға­лым­дар бар ма екен? Соны біле ал­дыңыз ба? – КИМЭП университетінің со­циа­линг­вист-ғалымы Жұлдыз Смағұлова Қазақ­станда отбасы аясы мен мектептегі тілдің қолданылуы туралы жеке зерттеу жүгізіп, жіті зерделеген екен. Бірақ тілдің жұмыс орындарындағы және жұмысқа тұру к­е­зінде қолданылуын бұған дейін ешкім те­рең зерттемеген. Жұлдыздың зерттеуін­де бұл туралы сөз етіледі, бірақ оған ба­сым­д­ық бермеген. – Ал сіз зерттеу нысаны ретінде не­лік­тен Қазақстанды таңдадыңыз? – Ең алдымен маған түркі халық­тары­ның тілдері ұнайды. Олардың грамматика­сы өте қызық құрастырылған. Қазақ тілін білсең, қалған түрік тілдер тобына кіретін тіл­дерді түсіне аласың. Ұқсастық көп. Қа­зақ тілі ең көп таралған тілдер қатарына жат­паса да, ол «шағын» тіл емес. Көркем тіл. Мен ол тілді зерттеу арқылы тіл мәде­ние­тін әрі ол арқылы адамдардың қалай жа­қын араласатынын түсінгім келді. Сол кезде ғана мемлекет туралы толық түсінік қалыптастыра аласың. Мысалы, Грузияда тұрғанда грузин тілін шамалы білетін едім. Ол тілде аз сөйлесем де, адамдар жылы шы­рай танытып, мейірімін төкті. Қазақша сөй­лесем, менде біраз мүмкіндік болады деп ойладым. Зерттеу жұмысыма қажет процестерді қоспағанда, ел ішін саяхат­тауға, достар табуға көмектеседі. Негізі, қазақ тіліне қызығуымның себебі көп. Айтпақшы, маған қазақша поп музыка ұнайды. Өте әдемі естіледі. Маған бәрінен бұрын Ninety One тобының шығарма­шы­лығы ұнайды. Сосын «Алматыда жоқ-жоқ! Астанада жоқ-жоқ!» деп айтатын әнші қыздың есімі кім еді? – Ерке Есмахан. – Иә, Ерке Есмахан. Оның әндері ұнайды. Еркенің есімін үнемі ұмытып қала беремін (күліп). – Айтуыңызға қарағанда, сіз орыс жә­не қазақ тілін білесіз. Солай ғой? – Қазақ тілінен екі ай интенсивті он­лайн курс оқыған едім. Өкінішке қарай, оны ары қарай дамыта алмадым. Зерттеу жұмысыма байланысты орыс тілін бірінші оқуым керек болды. Бірақ қазір диссер­тация жазу мәселесі басты назарда тұрған­дықтан, уақытым аз, жұмысым көп. Сон­дықтан екі тілді толық меңгеруге жет­кілікті уақыт бөле алмай жүрмін. Дегенмен алдағы уақытта екі тілді де жетілдіргім ке­леді. – Бір қарағанда тілдің қолданылуы қарабайыр тақырып секілді көрінеді. Бірақ түбіне үңіліп, тереңдей түссең, оның қыр-сырына қанығып, тамсана түсесің. – Сондықтан да мен осы тақырыпқа қы­­­­зықтым. Адамдар тілдердің көп нәрсе­мен байланысты екенін, қоғамның көп ас­пектісіне ықпалы бар екенін, түрлі орта­дағы жойқын күшке ие екенін жете түсіне бермейді. Әрі-беріден соң бұл адамның біре­гейлігінің бір бөлігі емес пе?! Тілді зерттеу – өте қызық процесс. Сол үшін дәл Қазақстанға келгеніме қуанамын. Қазақ­станда тұру мен үшін өте жақсы тәжірибе болды. Бұл – мен тұрып жатқан бесінші ел. Маған Қазақстанда тұрған бәрінен де ұна­ды. Әрі мен мұнда ұзақ уақытқа тұрақ­тадым. Басқа елдерде кемі алты айға жуық тұрсам, мұнда тұрып жатқаныма екі жыл­ға жуықтады. Әлі жарты жыл тұрамын. Сосын Шотландияға қайтып, жасаған зерттеуімнің түгелін сонда пысықтаймын. Дегенмен мамыр айына дейін Қазақстанда болатыным көңіл қуантады. Қолым боса­ған кезде тауға көп барамын. Қазақ­стан­ның ішін, бәлкім Орталық Азия елдерін аралайтын шығармын. – Алматыда тұрған екі жыл ішінде шот­ландтар мен қазақтар арасында әлдебір ұқсастық барын байқадыңыз ба? – Өте жақсы сұрақ (ойланып). Біз – Ұлыбританияның бір бөлігіміз. Британдық мәдениетті ұстанамыз. Ағылшын тілінде сөйлесеміз. Бірақ біздің де өз мәдениетіміз бар. Ел ішінде шотланд тілі де кеңінен қол­данылады. Сөйте тұра, біз – үлкен мә­дениеттің бөлігіміз. Қазақ және орыс мә­дениеті деп үлкен ұқсастық жасағым кел­мейді, бірақ сіздерде орыс тілінің қол­данысы кеңінен таралған соң сол ор­таның өзіндік мәдениеті бар, сосын қазақ мәдениеті және бар. Бұл – бір-бірі­мен біте қайнасып жатқан екі мә­дениет. Осы тұр­ғыдан алғанда Шотландиямен ұқсас­тық байқаймын. Сосын, әлбетте адамдардың мінезі де ұқсас келеді. Қазақтар да шот­ландтар секілді ақ пейілді, мейірімді, ізгі ниет танытудан жалықпайды. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ