Жаңалықтар

40 жылдан бері трактор айдайтын көпбалалы ана

ашық дереккөзі

40 жылдан бері трактор айдайтын көпбалалы ана

Ауылдың қайнаған тіршілігі, ұзын көшелері. Алыстан құлаққа шалы­натын трактордың гүрілі. Бұл көрініс Алтын Құттыбайқызына ерекше ыстық. Өйткені бала кезінен кең даланың тынысын бойына сіңіріп өскен ол қыз бала болса да, көлікке, соның ішінде тракторға қызықты. Қы­зығып қана қоймай, жастайы­нан техниканың құлағында ойнады. Сөйтіп, жер жыртып, шөп орып, көмір тасып, ерлер­мен қатар еңбек етті. «Бір трактор бір үйді асырайды» дейді ол күліп. Бүгінде жасы алпысты алқымдаған тракторшы ана сүйікті ісінен әлі де қол үзген емес. Алтын Құттыбайқызы – Түркістан облы­сына қарасты Монтайтас ауылының тұрғыны. 80-жылдары Шымкентте пошта операторы ма­мандығы бойынша білім алған. Кейін Таш­кент­тегі техникумда білімін жетілдіріп, жұ­мыс істеді. Алайда жастайынан техникаға әуес бо­лып өскен қыздың аңсары тракторға ауа бере­ді. Сөйтіп, Қазығұрттағы училищенің үш ай­лық трактор жүргізу курсын оқып, жиырма жа­сында үлкен көліктің рөліне отырады. О­сы­дан кейін шаруашылықтың жұмысын дөң­ге­ле­тіп алып кетеді. «Бізге мектепте еңбек сабағынан трактор жүр­гізуді үйрететін. Кейін тағы оқыдым. Кә­сі­бімді жақсы көремін. Басында байқағаным, алып техниканы тізгіндеп жүрген кісілердің көбі арық, кішкентай болады. Соған қарап, «Өз­дері кішкентай болып, үлкен көлікті қалай ай­дайды екен?» деп ойлайтынмын. Сөйтсем, май­мен жүретін болған соң жүргізген кезде жеп-жеңіл болады екен. Қатты қызыққаным сон­шалық, тез үйреніп алдым. Тракторды ай­да­ған кезде жұрттың бәрі таңғалды. Бірінші кө­лігім мен шөп шабатын машинамды 1985 жы­лы алдым», – дейді Алтын Құттыбайқызы. Кейіпкеріміз күн-түн демей еңбектеніп, сов­хоздың жерін жыртты. Ол уақытта тәр­тіп қатаң болатын. Білікті агроном маман­дар жыртылған жерді сантиметрмен тексереді. Өйткені арық қалып кетсе, бидай орғанда ком­байн сынады екен. Сонымен қатар жырт­қан жердің тереңдігі 30-40 сантиметрден кем бол­мауы тиіс. Бұл талап орындалмаса, бидай­ды арамшөп басады. К-700-ді тізгіндеген Ал­тын Құттыбайқызы өзіне қойған талаптың үде­сінен шығып, жұмысын жауапкершілікпен ат­қарды. Әрине, ол үшін сабырлық, мұқият­ты­лық және шеберлік қажет. «Трактормен атқаратын жұмыс көп бо­ла­тын. Жүгері, су әкелеміз, теміржолдан көмір та­­симыз. Көмірді Газ-53 көлігімен таситын. Бұл көлік тез апарады, бірақ бензині қымбат. Сол үшін жүргізушілері екі-үш мың теңге ала­ды. Ал мен трактормен мың теңгеге апара­тын­мын. Арзан болғандықтан, бізге өтініш жа­сай­тын адамдар көп болды. Негізі, мұндай жұ­мыс­тардың басы-қасында ер адамдар жүретіні бел­гілі. Жүгері тасуға барғанда басқа совхоз­дар­дан келген адамдар бізге кезек бермей, кір­гізбей қоятын. Сонда «Өткізбесеңдер, қа­ғып-соғып кіріп кетемін, жолдан былай тұ­рың­дар» деймін ғой күліп. Содан кейін «Ой­бай, Алтын келе жатыр» деп шетке тұратын бол­ды. Қасымда екі үлкен кісі бар еді. Олар да «Ал­тын, сен баршы» мені жіберетін болды. Кей­де мінез де керек», – дейді. Ауыр техниканы тізгіндеген бойжеткен ауыл­дасына тұрмысқа шығады. Өзімен бірге тракторын ала келген келіннің көлік жүр­гізуі­не ата-енесі мен күйеуі қуанбаса, қарсы болған емес. Осылайша, ол ауыл арасында «тракторшы келін» атанады. «Келін болып түскенде анамнан үйренге­нім бойынша мәнті, палау пісірдім. Бір күні қа­мыр жайдым. Енем «Тамақ істей алады екен­сің ғой. Қайдан білейін, тракторшы дегенге үй тір­лігін істей алмайтын шығар деп ойлап едім» деп таңғалғаны бар. Содан кейін үйге қо­нақ келсе «Менің келінім тамақ та істей ала­ды, қамыр да жая алады» деп мақтап оты­ратын болды. Өзім үйдің тұңғышымын. Жол­да­сым да үйінің бірінші перзенті. Әулеттегі үл­кен келін болған соң уайымдаған болар», – дейді Алтын Құттыбайқызы.