Нұртөре ЖҮСІП, сенатор: Рухы мықты ұлт қандай сынақтан да сүрінбейді

Нұртөре ЖҮСІП, сенатор: Рухы мықты ұлт қандай сынақтан да сүрінбейді

Нұртөре ЖҮСІП, сенатор: Рухы мықты ұлт қандай сынақтан да сүрінбейді
ашық дереккөзі
Таяуда сенатор Нұртөре Жүсіп Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым коми­тетінің басшысы болып тағайындалған еді. Осы орайда депу­татпен ко­митет жұмысының бағыт-бағдары, жоғарғы палатада қаралып жатқан заң жо­балары, жұмыс барысы, қоғамның рухани-әлеуметтік ахуалы мен кей мә­селелер туралы әңгіме өрбіткен едік. – Жақында Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің бас­шысы болып тағайындалдыңыз. Сұх­батымызды осы комитеттің жұ­мы­сы жайлы сауалдан бастасақ. Коми­тет­тің жалпы жұмыс істеу бағдары қан­дай? Қандай бастамалар жос­пар­ланып отыр? – Біздің комитет Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті деп аталады. Ко­митет жұмысы ақпарат және қоғамдық даму, мәдениет және спорт, еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау, денсаулық, оқу-ағарту және ғылым салаларындағы өзекті мә­селелерді терең зерделеп, заңдық-құқық­тық негіз қалыптастыруға бағытталған. Биыл белгіленген жұмыс жоспарымен жұ­мыс істедік. Бірқатар өзекті заңның қабыл­дануына атсалыстық. Жұмыссыздық – бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселесі, оған тиісінше көңіл аудармау болашағымызға балта шабу­мен тең. Жұмыссыздық мәселесіне бір­жақты қарау дұрыс емес, оған терең үңі­лу керек. Еңбек нарығын мемлекеттік рет­теудің жаңа моделін құру арқылы елдің шек­­теулі еңбек ресурстарын тиімді пай­да­лану үшін қолайлы жағдайлар жасау – мем­ле­кетіміздің басты міндеті. Қазіргі еңбек на­ры­ғының көптеген проблемасы назар­дан тыс қалып отыр, ал «бәрі өздігінен қа­лып­тасады, нарық бәрін реттейді» деген сая­сатты одан әрі жалғастыруға болмайды. Жұмыссыздық деңгейі – еңбек нары­ғының негізгі индикаторы, әлеу­меттік-экономикалық дамудың нақты жағ­дайын анықтаушы көрсеткіштердің бірі. Экономистердің пайымдауынша, жұ­мыс­сыздық деңгейі 4-5 пайыз болса, ол ел­дердің әлеуметтік-экономикалық даму бағытының қалыпты деңгейін көрсетеді. Ал бізде бүгінде жұмыссыздық деңгейі 2021 жыл­дың ІІІ тоқсаны бойынша 4,9 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Жыл сайын орта есеппен 360 мың адам «Еңбек» бағдар­ла­масы бойынша тұрақты жұмысқа орна­лас­қанын ескерсек, неге жұмыссыздық дең­гейі бірнеше жыл бойы өзгермейді деген сұрақ туындайды. Себебі жұмысқа орна­лас­қан адам саны өскен сайын жұмыссыздық дең­гейі төмендеу керек, бұл – заңдылық. Мы­салы, 2020 жылы басталған пандемия ке­зінде, әлемде экономикасы ең мықты ел­дердің өзінде жұмыссыздық деңгейі 2018-2019 жылдармен салыстырғанда, 2020 жылы 5,4 пайыздан 6,5 пайызға өскен. Сонда қалай, біздің экономикамыз ең мық­ты болғаны ма? Әлде Президент айтқандай, бұл жерде де «көзбояушылық» па? Сөзіміз дәлелді болу үшін осы жағдай­дың анық-қанығына тоқталып өтейін. Қолдағы ақпаратқа сәйкес, «Еңбек» бағ­дарламасы арқылы 2021 жылдың қоры­тындысы бойынша 402 мың адам, бос жұ­мыс орындарына тұрақты жұмысқа ор­на­ласқан, бұған қосымша ЖАО арқылы 329 мың жаңа жұмыс орны құрылған. Бір қара­ғанда жыл сайын тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмысқа орналасу көрсеткіші өте жоғары, ал осы ақпараттың қан­шалықты шынайы екеніне ешбір жауап­ты органдар көзімізді жеткізе алмай отыр. Білім саласы бойынша да мәселе же­тер­лік. Бізде неғұрлым пәндер көп болса, соғұрлым оқу үлгерімі жақсы болар деген үміт бар, алайда осыны оқушылардың оқу үлгерімі күткен деңгейде емес. Мем­ле­кет басшысы әлемдік үрдістерді ескеріп, не­гізгі пәндерді оқытуға ерекше назар ау­дару қажет екенін атап өткен болатын. Бұл мәселені Сенат депутаттары да талай рет кө­терген, мәселе әлі де шешімін тапқан жоқ. Біз аймақтарға барғанда халықпен жиі кездесеміз, олардың жанайқайын естіп те жүрміз. Білім сапасына көңілі толмай­тынын, сондықтан қосымша ақша төлеп, балаларына репетитор жалдауға мәжбүр еке­нін айтып, «мектепте алмаған білімі үшін біз неліктен қалтамыздан ақша тө­леуі­міз керек» деген орынды сұрақ көтеру­де. Бұл – ойланатын мәселе. Білім саласына мемлекет қаражатты аз жұмсап жатқан жоқ. Мысалы, ор­та білімге 2018 жылы 1,1 трлн теңге бө­лін­­се, 2021 жылы 2 есеге өсті. Соңғы жыл­дары байқағанымыздай, білім сапасының мәселесін тек қаражат шешеді деген теріс пі­кір қалыптасты ма деген ой туады, ал шын мәнінде қаражатсыз-ақ шешетін мә­се­лелер назардан тыс қалғандай. Ұлттық құндылықтар мен ұлттық мүдде тұрғысынан да біздің коми­теттің алда белгілеген жоспары бар. Сенат жа­нынан құрылған «Ұлттық мүдде: диа­лог­тар алаңы» деген пікірталас алаңы бар. Сол жерде қоғамды толғандырған көптеген мә­селе ашық талқыланады. Негізі, кез келген реформаның өзегі – халықтың рухына тікелей байла­ныс­ты. Рухы мықты ұлт қандай сынақтан да сүрінбей өтеді. – «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне кине­ма­тография және мәдениет мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында ұлттық фильмдерді шы­ғару­ға бөлінетін қара­жатты бөлудің жаңа тәсілдері ұсыныл­ған еді: 70 пайыз – тарихи, пат­риоттық және имидждік; 30 пайыз – же­ке кино­жобаларды, оның ішінде дебют­тік фильмдерді қаржыландыруға жұмсал­мақ. Осы уақытқа дейін түсірілген та­­рихи фи­льмдердің, әсіресе мем­ле­кеттің қолдауы­мен түсірілгендерінің төңірегінде мақтау мен сын қатар жү­ретіні жасырын емес. Фи­льмнің бюд­жеті оның сапасына сай кел­мей­тін тұстар қалай реттелмек? – Заң кинематография және мәдениет са­­ласындағы құқықтық реттеудің тиім­ді­лі­гін арттыру, сондай-ақ кинематография жә­не мәдениет мәселелерін реттейтін рес­публикамыздың жекелеген заңнамалық актілерінің нормаларын сәйкестікке кел­тіру мақсатында әзірленді. Қазақ­стан­ның кинематография саласындағы инвести­ция­лық тартымдылығын арттыруға бағыт­тал­ған. «Балалар анимациялық фильмі», «от­ба­­сылық көруге арналған фильм» са­нат­тарын­да шетелдік кинокартиналардың мін­детті түрде дубляжы енгізіледі, бұл қа­зақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге, бар­­лық аудитория үшін фильмдердің қол­­жетімділігін арттыруға бағытталған нор­мада көзделген (мысалы, мектепке дейін­гі және одан кіші жастағы балалар суб­титрлерді еркін оқи алмайды). Сондай-ақ ұлттық кинокомиссия құру, шетелдік ин­весторларды тарту, Қазақстанның ки­ноөнімдерін халықаралық кинонарықтар­да, кинобизнес алаңдарында және басқа да іс-шараларда ілгерілету арқылы елімізде кинематографияны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мәселелері реттелді. Ең бастысы, мемлекеттік қаражатты үнем­деуге бағытталған норма көз­дел­генін айта кеткен жөн. Мәселен, Ш.Ай­­­­­ма­нов атындағы «Қазақфильм» АҚ ұлт­тық фи­льмдерінің сахналық-қойылымдық құрал­дарын сақтау, олардың сақталуын қам­та­масыз ету мемлекеттік қаражатты үнем­деуге және декорацияларды, рекви­зит­тер мен костюмдерді бір жерге шоғыр­лан­дыруға мүмкіндік береді. Шетелдік заңды тұлғалар үшін кинематография саласын­дағы субсидияның шекті мәнін (130 000 АЕК) азайту да отандық кино өндірісін да­мы­туға ықпал етеді. Бұл норма халық­ара­лық тәсілдерге сәйкес енгізіледі, өйткені көп­теген елде бұл шек әлдеқайда төмен. Со­нымен қатар «Балалар анимациялық фи­льмі», «отбасылық көруге арналған фи­льм» санаттарында шетелдік кинокартина­лар­дың міндетті түрде дубляжы енгізілді, бұл қазақ тілінің қолданылу аясын кеңей­туге, барлық аудитория үшін фильмдердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік бере­ді. Қазірдің өзінде «Аватар – Су жолы», «Қа­ра Қабылан» фильмдерінің дубляжы сәтті жасалды. Бюджет қаржысына түсірі­ле­тін ұлттық фильмдер сапалы болуы тиіс. – Одан бөлек, Сенат қарауында қа­за­қы ит тұқымдарын сақтау және өсі­мін молайту мә­селелері бойынша заң жо­басы жатыр екен. Мақсаты – асыл- тұқымды ит тұқым­дары ұлттық орта­лы­ғының қызметін ай­қын­дау арқылы осы саладағы субъек­тілер­дің қызметін құ­қықтық реттеу. Бұл ұлттық орта­лық­тың қызметі нендей? – Қазақ итті «Жеті қазына» қатарына қо­сады. Кезінде небір мықты төбет жә­не та­зы тұқымдары болды. Өкінішке қарай, біз сол игілікті жоғалтып алуға қарадық. Байыр­ғы ит тұқымдарынан қалғаны 32 жұп қана. Осылардың санын анықтау, тұ­қы­мын көбейту ісімен ұлттық орталық ай­налысады. Жұмыс енді ғана басталып жа­тыр. Иттерді міндетті тіркеуге алу, тазы мен төбет тұқымдарын қорғау, өсімін мо­лай­ту, таза тұқымын сақтау және асылдан­дыру тарапында көптеген жұмыс істеу ке­рек. Мәселен, Түрікменстан өздерінің Ала­бай тұқымды иттерін қалай қадірлейді: оны ешбір шетелге сатпайды, ұлттық құн­дылық ретінде мақтаныш етеді. Біз де сон­дай деңгейге жетсек жаман ба? – Тіл мәселесін биік мінберлерде үне­мі көтеріп жүресіз. Қазақ тілінің қол­дану аясын кеңейте түсу үшін дәл қазір не істелу керек деп есептейсіз? – «Қазақстанның болашағы – қазақ ті­­­­­лінде» дегенді жиі айтамыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әде­­биеті де, ділі мен діні де – тілінде. Ме­нің­ше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесік­тен, отбасынан басталады», – деді. Мем­ле­кет басшысы «отбасында ана тілінде сөй­леп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықы­ла­сы терең, құрметі биік болады», – дей келіп, осы тұрғыда балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет екенін атап көрсетті. Дұрыс талап. Енді соны орындау керек. Мемлекеттік тіл төңірегінде түйткіл көп: қазақ қоғамның санасында «қазақ тілі – мемлекеттік тіл, енді тек осы тіл­де сөйлейік, осы тілді қолданайық» деген берік түсінік әлі қалыптаспай отыр. Заң тұр­ғысынан алғанда талап күшеюге тиіс. Қа­зақстанда кез келген адам мемлекеттік қыз­метке қазақ тілін білмей өтуі тиіс емес. Тіл заңының орындалу тәртібін бақы­лай­тын және жауапкершілікке тартатын ме­ханизмдерін де ойластырса артық бол­май­ды. Қазақ тілін қазақстандықтарды бірік­тіру­ші факторға айналдыру үшін қазақ тілін өз ұрпағымыздың тілі ретінде қа­лып­тастыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Тілдің да­муы үш тетікке тікелей байланысты. Олар қандай тетіктер? Басқару, ұйымдас­тыру, ақпарат. Осы үш тетік тұтас іске қо­сыл­са, елдегі тілдік ахуал тез өзгереді. Тіл де жаңару үдерісінен өтеді. Қазір Google Translate қазақ тіліндегі ды­быстауды аудара алатын мүмкіндікке ие. Google Translate мобильді қосымшасының жаңар­тылған нұсқасында қазақ тіліндегі ды­быстауды аударуға мүмкіндік беретін жаңа функция бар. Бұл туралы App Store-дағы «қандай жаңалық» қосымшасы бөлі­мінде жазылған. Алайда Google Translate десктоп-нұсқаларында қазақ тіліндегі ды­быстауды аудару әзірше іске қосылмаған. Дәл қазір біздің қоғамдағы ең күр­де­лі мәселелердің бірі – кітап оқу деңгейінің төмендеуі. Қоғамда «кітап куль­ті» болуы керек. Мұнсыз алысқа бара ал­май­мыз. Бала тұрмақ, арнайы тіл маман­дары немесе сол салаға жақын қоғам иелері болмаса, ересектердің өзі де кітап бетін аш­пайтын халде екені ащы шындық. Бұл мә­селе бізде ғана емес, шет мемлекеттердің кө­бінде, тіпті кітап өркениеті дамыған Ба­тыс Еуропа елдерінде де дабыл қағарлық дең­гейге жетіп отыр. Мұндай қауіп адам­гершілік және құқықтық өлшемдері же­тіл­ген, өмірлік құндылықтар жүйесі нақ­ты­ланған қоғам орнату үшін үлкен кедергі бо­латыны сөзсіз. Сол себепті де, әсіресе біз­дің еліміз үшін, кезек күттірмей шешілуі тиіс түйткілдің бірі қоғамның, оның ішінде жастар мен балалардың кітап оқу мә­дениетінің қалыптасуы деп ойлаймын. – Жақында ғана өткен Президент сайлауы қарсаңындағы үгіт-насихат жұ­мыстары халықтың хал-ахуалын, әлеуметтік жағдайын, аймақтардағы мәселелерді тереңірек анықтауға да мүм­кіндік берді деуге болады. Сіз­дің­ше, қазір халықты алаңдатып отырған ең негізгі 3 проблема қандай? – Бірінші инфляция. 11 айда эконо­ми­ка­ның өсімі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға тө­мен­деді. Инфляция деңгейі 19,6 пайызға жет­ті. Жаппай қымбатшылық елдің тұр­мы­сын ауырлатып жіберді. Екінші денсаулық. Қазір ауру түрі кө­­бейді. Тіпті, «жасарды» десек те бо­ла­ды. Жаңа туған сәбилерден қант диа­бе­ті, даун ауруының белгілері анықталып жа­тыр. Әсіресе, ауылдағы денсаулық мәсе­ле­сі өткір тұр. Еліміздегі ауыл тұрғындары 7 миллион 800 мың адам. Бұл халықтың 41 пайызы. Ауруды ерте анықтау диагнос­ти­касы нашар. 5 мыңнан астам медициналық мекеме, оның ішінде 2 мыңнан астам мед­пункт, 800 фельдшерлік-акушерлік пункт, 203 аурухана ауыл халқына медициналық көмек көрсетеді. 1 700-дей медицина қыз­мет­кері, 1 000-ға жуық дәрігер жетіс­пейді. Әсіресе, өлім-жітімнің, соның ішінде сәби өлімінің өсуіне әсерін тигізетін фак­тор­лар­ды атап өткім келеді. Перинаталдық ор­та­лықтардың ғимараттары негізінен ескі тип­тік жобада салынған бұрынғы ғимарат­тар, қазіргі санитарлық талаптарға сай емес, сонымен қатар есепке алынған боса­на­тын аналарымыз толық скринингтен өт­пейді, қамтылуы 86 пайыз, себебі ма­мандардың жетіспеушілігі, әсіресе УЗИ ма­мандары, неонатолог және акушер-ги­неколог мамандар тапшы. Бір ғана мысал: жо­ғары категориялы акушер-гине­колог 320 мың теңге алса, сондай дәрігер Ресейде 1 млн 500 мың тенге жалақы алады. 2021 жы­лы 284 акушер-гинеколог жұмыстан кет­кен. Сондықтан Үкімет ұлттық жоба ая­сында Ана мен бала денсаулығын қор­ғауға арналған арнайы бағдарлама қа­был­даса, нұр үстіне нұр болар еді. Үшінші білім. Қалалық және ауылдық мектептердің 4-9-сынып оқушы­лары­ның оқу жетістіктерінің нәтижелеріне қатысты соңғы үш оқу жылын талдап көр­дік. Оқу үлгерімі өте нашар, 4-9-сынып оқу­шыларының 43 пайызы 3-ке оқитындар, бұл екіге оқитын оқушыларды есепке алма­ған­ның өзінде. Ең алаңдатарлық жағдай – бастауыш мектептердегі 2-4-сынып оқу­шы­ларының оқу үлгерімінің 38 пайызы үш деген бағамен аяқтағандар. Сонда бала­лары­мыздың бойына алғашқы білім беру­дің негізін қалауда жағдай осындай болса, жоғары сыныпқа барғанда олардан қандай білім күтуге болады? Төртінші жұмыссыздық. Ресми ақ­па­раттар еліміздегі жаңа жұмыс орын­­дары мен тұрақты жұмысқа орналас­ты деп сендіріп жүрген есептердің шын­дық­қа жанаспайтынын дәлелдеп отыр. Яғни, біздегі жұмыс орындарының бәрі уа­қытша. Мемлекет басшысы «1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейді. Бұл – соңғы 10 жыл­дағы ең нашар көрсеткіш. Сөйте тұра, ор­та­ша жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген кө­пірме есеп берілуде», – деген болатын. Қо­ғам­ға шынайы ақпарат керек, жалаң цифрлар негізінде жұмыс істеуге болмай­ты­нын бәріміз түсініп отырмыз. Өңірлер­дегі жұмыспен қамту мәселесі де осындай жағдайда. – Әңгімемізді депутаттық сауал­дар­ға байланысты сұрақпен түйіндесек. Депутаттар мәселелерді зерттеп, жауап­тыларға сауал жолдап жатады, бірақ олардан қаншалықты кері бай­ла­ныс болады? Жалпы, сіз жолдаған сауалдардың шамамен қаншасы шешімін тапты? Жауапсыз қалатын сұрақтардың үлесі шамамен қанша? – Негізінен, көтерген мәселелер аяқсыз қа­лып жатқан жоқ. Ұрпақ тәрбиесі – ең өзек­­ті мәселе. Бауыржан Момышұлының «Ер­те­гісіз өскен бала рухани мүгедек адам» деген қанатты сөзі бар. Гаджет атау­лы қан­ша дамыса да, адамның мейі­рі­міне, ата мен әженің ертегісіне жетпейді. Кембридж тәсілі бойынша 1-сыныпқа кірген оқу­шы­ның сөздік қоры үш мың сөзге жетуі керек. Ата-анасы күні бойы жұмыста, сәби кезінде ертегі тыңдамаған, тақпақ жаттамаған ба­ла­да сөздік қор қайдан болсын? «Ұйқыға жа­тарда балаңызға қандай кітап оқып бересіз? Жалпы, балаңызға кітап оқытасыз ба? Балаңыз кітап оқи ма?» деген сауалды сол тұстағы Қазақстанның Премьер-ми­нистрі А.Мамин мырзаның атына жолда­дым. «Сізге және Үкімет мүшелеріне бір сұрақ қойғымыз келеді: Сіздердің бала­ларыңыз бен немерелеріңіз қандай кітап оқып жүр? Солардың арасында Қазақстанда шық­қан кітаптар бар ма? Бар болса, олар­дың сапасына көңілдеріңіз тола ма?» деп мәселені төтесінен қойдым. Горькийдің «балалар жазушысы өзге жазушылардан да сапалы жазуы керек» дейтін сөзі бар. Кішкентайлар үшін шығарма жазу оңай емес. Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, әрбір он жылдықта дүниеге келген бала психологиясы бір-бірінен мүлдем алшақ болады екен. Бала­ның жанын түсінбей, жақсы туынды шық­пайды. Сондықтан халықтың рухани ахуа­лын балалар әдебиетінің дамуымен өл­шеу керек. Гүлге су құймаса, солып қала­ды. Өспейді. Балалар әдебиеті де сол гүл сияқ­ты. Бұл салаға қомақты қаржы құйыл­маса, ешкім жөндеп айналыспайтын бола­ды. Шығатын кітаптардың ішінде балалар әдебиетінің үлес салмағы өте төмен. Тара­лы­мы да, сапалық жағы да көңіл көншіт­пейді. Кейбір авторлар кітаптарды өз қа­ра­жа­тына шығарады. Қазір әлемде полиг­ра­фия жақсы дамыған, дизайн мен графи­ка­ның уақыты. Қазақстандағы баспалар жұ­мы­сы халықаралық стандарттарға сай кел­мейді. Кітаптардың бағасы қымбат. Ха­лықаралық тәжірибелерге сүйену керек. Шет­елде автор, иллюстратор, баспагер, әде­би агент – тұтас шығармашылық топ күш біріктіреді. Бұл ретте бізге алысқа бар­май-ақ Ресей тәжірибесінен үйренуге бола­ды. Ресейде Aromabook, Scentbook деген бас­­палар бар. Алма туралы өлең болса, ал­­маның иісі шығады. Өте тартымды. Кітап­қа ұялы телефоныңызды жақын­дат­саңыз, суреттер қимылдайды. Мұндай кі­тапты көрген балалар жабысып, айырыл­май қа­лады. Ресейде «Театр теней» деген де кере­мет қосымша бар. Сурет арқылы бала­ларды әдебиетке қызықтырады. Ауылдық мектеп кітапханаларында балаларға ар­нал­ған әдебиеттер жеткіліксіз. Интернет жә­­не гаджеттер ғасырында балалар кітап туралы ұмытпауы тиіс. Балалар әдебиетін да­мыту үшін – балалар драматургиясы, ба­лалар прозасы, балалар поэзиясы деген түр­лі бәйге мен конкурс ұйымдастырып тұру керек. Қуыршақ театрларындағы бала­ларға арналған репертуар тым жұтаң. Олар­дың көбі ересектерге арналған. Қазір бар­лық күшті балалар әдебиетін дамытуға салу керек. Еліміздегі тілдерді дамытуға ар­нал­ған «Мемлекеттік тілді және Қазақ­стан халқының басқа да тілдерін дамыту» бюджеттік бағдарламасы бойынша да біраз қаражат көзделген. Мемлекетте қаражат жоқ емес. Соның ең кем дегенде 50 пайы­зын балалар әдебиетін дамытуға бағыттау қажет. Еуропаның мемлекеттерінде, сон­дай-ақ Ресей, Латвия, Бельгияда кітаптарға салынатын қосымша құн салығы 5 пайыз­дан аспайды. Ұлыбритания, Ирландия, Норвегия, Польша, Украина елдерінде кітапқа салық мүлдем салынбайды. Басқа сауалдарымды айтпаған күннің өзінде содан кейін Президент ар­найы «Балалар жылын» жариялады. Осы­ның өзі үлкен нәтиже деп білемін. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ділда Уәлибек