Нұртөре ЖҮСІП, сенатор: Рухы мықты ұлт қандай сынақтан да сүрінбейді
Нұртөре ЖҮСІП, сенатор: Рухы мықты ұлт қандай сынақтан да сүрінбейді
Таяуда сенатор Нұртөре Жүсіп Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің басшысы болып тағайындалған еді. Осы орайда депутатпен комитет жұмысының бағыт-бағдары, жоғарғы палатада қаралып жатқан заң жобалары, жұмыс барысы, қоғамның рухани-әлеуметтік ахуалы мен кей мәселелер туралы әңгіме өрбіткен едік.
– Жақында Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің басшысы болып тағайындалдыңыз. Сұхбатымызды осы комитеттің жұмысы жайлы сауалдан бастасақ. Комитеттің жалпы жұмыс істеу бағдары қандай? Қандай бастамалар жоспарланып отыр?
– Біздің комитет Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті деп аталады. Комитет жұмысы ақпарат және қоғамдық даму, мәдениет және спорт, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық, оқу-ағарту және ғылым салаларындағы өзекті мәселелерді терең зерделеп, заңдық-құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған. Биыл белгіленген жұмыс жоспарымен жұмыс істедік. Бірқатар өзекті заңның қабылдануына атсалыстық.
Жұмыссыздық – бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселесі, оған тиісінше көңіл аудармау болашағымызға балта шабумен тең. Жұмыссыздық мәселесіне біржақты қарау дұрыс емес, оған терең үңілу керек. Еңбек нарығын мемлекеттік реттеудің жаңа моделін құру арқылы елдің шектеулі еңбек ресурстарын тиімді пайдалану үшін қолайлы жағдайлар жасау – мемлекетіміздің басты міндеті. Қазіргі еңбек нарығының көптеген проблемасы назардан тыс қалып отыр, ал «бәрі өздігінен қалыптасады, нарық бәрін реттейді» деген саясатты одан әрі жалғастыруға болмайды.
Жұмыссыздық деңгейі – еңбек нарығының негізгі индикаторы, әлеуметтік-экономикалық дамудың нақты жағдайын анықтаушы көрсеткіштердің бірі. Экономистердің пайымдауынша, жұмыссыздық деңгейі 4-5 пайыз болса, ол елдердің әлеуметтік-экономикалық даму бағытының қалыпты деңгейін көрсетеді. Ал бізде бүгінде жұмыссыздық деңгейі 2021 жылдың ІІІ тоқсаны бойынша 4,9 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Жыл сайын орта есеппен 360 мың адам «Еңбек» бағдарламасы бойынша тұрақты жұмысқа орналасқанын ескерсек, неге жұмыссыздық деңгейі бірнеше жыл бойы өзгермейді деген сұрақ туындайды. Себебі жұмысқа орналасқан адам саны өскен сайын жұмыссыздық деңгейі төмендеу керек, бұл – заңдылық. Мысалы, 2020 жылы басталған пандемия кезінде, әлемде экономикасы ең мықты елдердің өзінде жұмыссыздық деңгейі 2018-2019 жылдармен салыстырғанда, 2020 жылы 5,4 пайыздан 6,5 пайызға өскен. Сонда қалай, біздің экономикамыз ең мықты болғаны ма? Әлде Президент айтқандай, бұл жерде де «көзбояушылық» па?
Сөзіміз дәлелді болу үшін осы жағдайдың анық-қанығына тоқталып өтейін. Қолдағы ақпаратқа сәйкес, «Еңбек» бағдарламасы арқылы 2021 жылдың қорытындысы бойынша 402 мың адам, бос жұмыс орындарына тұрақты жұмысқа орналасқан, бұған қосымша ЖАО арқылы 329 мың жаңа жұмыс орны құрылған. Бір қарағанда жыл сайын тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмысқа орналасу көрсеткіші өте жоғары, ал осы ақпараттың қаншалықты шынайы екеніне ешбір жауапты органдар көзімізді жеткізе алмай отыр.
Білім саласы бойынша да мәселе жетерлік. Бізде неғұрлым пәндер көп болса, соғұрлым оқу үлгерімі жақсы болар деген үміт бар, алайда осыны оқушылардың оқу үлгерімі күткен деңгейде емес. Мемлекет басшысы әлемдік үрдістерді ескеріп, негізгі пәндерді оқытуға ерекше назар аудару қажет екенін атап өткен болатын. Бұл мәселені Сенат депутаттары да талай рет көтерген, мәселе әлі де шешімін тапқан жоқ. Біз аймақтарға барғанда халықпен жиі кездесеміз, олардың жанайқайын естіп те жүрміз. Білім сапасына көңілі толмайтынын, сондықтан қосымша ақша төлеп, балаларына репетитор жалдауға мәжбүр екенін айтып, «мектепте алмаған білімі үшін біз неліктен қалтамыздан ақша төлеуіміз керек» деген орынды сұрақ көтеруде. Бұл – ойланатын мәселе.
Білім саласына мемлекет қаражатты аз жұмсап жатқан жоқ. Мысалы, орта білімге 2018 жылы 1,1 трлн теңге бөлінсе, 2021 жылы 2 есеге өсті. Соңғы жылдары байқағанымыздай, білім сапасының мәселесін тек қаражат шешеді деген теріс пікір қалыптасты ма деген ой туады, ал шын мәнінде қаражатсыз-ақ шешетін мәселелер назардан тыс қалғандай.
Ұлттық құндылықтар мен ұлттық мүдде тұрғысынан да біздің комитеттің алда белгілеген жоспары бар. Сенат жанынан құрылған «Ұлттық мүдде: диалогтар алаңы» деген пікірталас алаңы бар. Сол жерде қоғамды толғандырған көптеген мәселе ашық талқыланады.
Негізі, кез келген реформаның өзегі – халықтың рухына тікелей байланысты. Рухы мықты ұлт қандай сынақтан да сүрінбей өтеді.
– «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында ұлттық фильмдерді шығаруға бөлінетін қаражатты бөлудің жаңа тәсілдері ұсынылған еді: 70 пайыз – тарихи, патриоттық және имидждік; 30 пайыз – жеке киножобаларды, оның ішінде дебюттік фильмдерді қаржыландыруға жұмсалмақ. Осы уақытқа дейін түсірілген тарихи фильмдердің, әсіресе мемлекеттің қолдауымен түсірілгендерінің төңірегінде мақтау мен сын қатар жүретіні жасырын емес. Фильмнің бюджеті оның сапасына сай келмейтін тұстар қалай реттелмек?
– Заң кинематография және мәдениет саласындағы құқықтық реттеудің тиімділігін арттыру, сондай-ақ кинематография және мәдениет мәселелерін реттейтін республикамыздың жекелеген заңнамалық актілерінің нормаларын сәйкестікке келтіру мақсатында әзірленді. Қазақстанның кинематография саласындағы инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған. «Балалар анимациялық фильмі», «отбасылық көруге арналған фильм» санаттарында шетелдік кинокартиналардың міндетті түрде дубляжы енгізіледі, бұл қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге, барлық аудитория үшін фильмдердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған нормада көзделген (мысалы, мектепке дейінгі және одан кіші жастағы балалар субтитрлерді еркін оқи алмайды). Сондай-ақ ұлттық кинокомиссия құру, шетелдік инвесторларды тарту, Қазақстанның киноөнімдерін халықаралық кинонарықтарда, кинобизнес алаңдарында және басқа да іс-шараларда ілгерілету арқылы елімізде кинематографияны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мәселелері реттелді.
Ең бастысы, мемлекеттік қаражатты үнемдеуге бағытталған норма көзделгенін айта кеткен жөн. Мәселен, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ ұлттық фильмдерінің сахналық-қойылымдық құралдарын сақтау, олардың сақталуын қамтамасыз ету мемлекеттік қаражатты үнемдеуге және декорацияларды, реквизиттер мен костюмдерді бір жерге шоғырландыруға мүмкіндік береді. Шетелдік заңды тұлғалар үшін кинематография саласындағы субсидияның шекті мәнін (130 000 АЕК) азайту да отандық кино өндірісін дамытуға ықпал етеді. Бұл норма халықаралық тәсілдерге сәйкес енгізіледі, өйткені көптеген елде бұл шек әлдеқайда төмен. Сонымен қатар «Балалар анимациялық фильмі», «отбасылық көруге арналған фильм» санаттарында шетелдік кинокартиналардың міндетті түрде дубляжы енгізілді, бұл қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге, барлық аудитория үшін фильмдердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде «Аватар – Су жолы», «Қара Қабылан» фильмдерінің дубляжы сәтті жасалды. Бюджет қаржысына түсірілетін ұлттық фильмдер сапалы болуы тиіс.
– Одан бөлек, Сенат қарауында қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша заң жобасы жатыр екен. Мақсаты – асыл- тұқымды ит тұқымдары ұлттық орталығының қызметін айқындау арқылы осы саладағы субъектілердің қызметін құқықтық реттеу. Бұл ұлттық орталықтың қызметі нендей?
– Қазақ итті «Жеті қазына» қатарына қосады. Кезінде небір мықты төбет және тазы тұқымдары болды. Өкінішке қарай, біз сол игілікті жоғалтып алуға қарадық. Байырғы ит тұқымдарынан қалғаны 32 жұп қана. Осылардың санын анықтау, тұқымын көбейту ісімен ұлттық орталық айналысады. Жұмыс енді ғана басталып жатыр. Иттерді міндетті тіркеуге алу, тазы мен төбет тұқымдарын қорғау, өсімін молайту, таза тұқымын сақтау және асылдандыру тарапында көптеген жұмыс істеу керек. Мәселен, Түрікменстан өздерінің Алабай тұқымды иттерін қалай қадірлейді: оны ешбір шетелге сатпайды, ұлттық құндылық ретінде мақтаныш етеді. Біз де сондай деңгейге жетсек жаман ба?
– Тіл мәселесін биік мінберлерде үнемі көтеріп жүресіз. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейте түсу үшін дәл қазір не істелу керек деп есептейсіз?
– «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» дегенді жиі айтамыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады», – деді. Мемлекет басшысы «отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады», – дей келіп, осы тұрғыда балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет екенін атап көрсетті. Дұрыс талап. Енді соны орындау керек.
Мемлекеттік тіл төңірегінде түйткіл көп: қазақ қоғамның санасында «қазақ тілі – мемлекеттік тіл, енді тек осы тілде сөйлейік, осы тілді қолданайық» деген берік түсінік әлі қалыптаспай отыр. Заң тұрғысынан алғанда талап күшеюге тиіс. Қазақстанда кез келген адам мемлекеттік қызметке қазақ тілін білмей өтуі тиіс емес. Тіл заңының орындалу тәртібін бақылайтын және жауапкершілікке тартатын механизмдерін де ойластырса артық болмайды. Қазақ тілін қазақстандықтарды біріктіруші факторға айналдыру үшін қазақ тілін өз ұрпағымыздың тілі ретінде қалыптастыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Тілдің дамуы үш тетікке тікелей байланысты. Олар қандай тетіктер? Басқару, ұйымдастыру, ақпарат. Осы үш тетік тұтас іске қосылса, елдегі тілдік ахуал тез өзгереді.
Тіл де жаңару үдерісінен өтеді. Қазір Google Translate қазақ тіліндегі дыбыстауды аудара алатын мүмкіндікке ие. Google Translate мобильді қосымшасының жаңартылған нұсқасында қазақ тіліндегі дыбыстауды аударуға мүмкіндік беретін жаңа функция бар. Бұл туралы App Store-дағы «қандай жаңалық» қосымшасы бөлімінде жазылған. Алайда Google Translate десктоп-нұсқаларында қазақ тіліндегі дыбыстауды аудару әзірше іске қосылмаған.
Дәл қазір біздің қоғамдағы ең күрделі мәселелердің бірі – кітап оқу деңгейінің төмендеуі. Қоғамда «кітап культі» болуы керек. Мұнсыз алысқа бара алмаймыз. Бала тұрмақ, арнайы тіл мамандары немесе сол салаға жақын қоғам иелері болмаса, ересектердің өзі де кітап бетін ашпайтын халде екені ащы шындық. Бұл мәселе бізде ғана емес, шет мемлекеттердің көбінде, тіпті кітап өркениеті дамыған Батыс Еуропа елдерінде де дабыл қағарлық деңгейге жетіп отыр. Мұндай қауіп адамгершілік және құқықтық өлшемдері жетілген, өмірлік құндылықтар жүйесі нақтыланған қоғам орнату үшін үлкен кедергі болатыны сөзсіз. Сол себепті де, әсіресе біздің еліміз үшін, кезек күттірмей шешілуі тиіс түйткілдің бірі қоғамның, оның ішінде жастар мен балалардың кітап оқу мәдениетінің қалыптасуы деп ойлаймын.
– Жақында ғана өткен Президент сайлауы қарсаңындағы үгіт-насихат жұмыстары халықтың хал-ахуалын, әлеуметтік жағдайын, аймақтардағы мәселелерді тереңірек анықтауға да мүмкіндік берді деуге болады. Сіздіңше, қазір халықты алаңдатып отырған ең негізгі 3 проблема қандай?
– Бірінші инфляция. 11 айда экономиканың өсімі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға төмендеді. Инфляция деңгейі 19,6 пайызға жетті. Жаппай қымбатшылық елдің тұрмысын ауырлатып жіберді.
Екінші денсаулық. Қазір ауру түрі көбейді. Тіпті, «жасарды» десек те болады. Жаңа туған сәбилерден қант диабеті, даун ауруының белгілері анықталып жатыр. Әсіресе, ауылдағы денсаулық мәселесі өткір тұр. Еліміздегі ауыл тұрғындары 7 миллион 800 мың адам. Бұл халықтың 41 пайызы. Ауруды ерте анықтау диагностикасы нашар. 5 мыңнан астам медициналық мекеме, оның ішінде 2 мыңнан астам медпункт, 800 фельдшерлік-акушерлік пункт, 203 аурухана ауыл халқына медициналық көмек көрсетеді. 1 700-дей медицина қызметкері, 1 000-ға жуық дәрігер жетіспейді. Әсіресе, өлім-жітімнің, соның ішінде сәби өлімінің өсуіне әсерін тигізетін факторларды атап өткім келеді. Перинаталдық орталықтардың ғимараттары негізінен ескі типтік жобада салынған бұрынғы ғимараттар, қазіргі санитарлық талаптарға сай емес, сонымен қатар есепке алынған босанатын аналарымыз толық скринингтен өтпейді, қамтылуы 86 пайыз, себебі мамандардың жетіспеушілігі, әсіресе УЗИ мамандары, неонатолог және акушер-гинеколог мамандар тапшы. Бір ғана мысал: жоғары категориялы акушер-гинеколог
320 мың теңге алса, сондай дәрігер Ресейде 1 млн 500 мың тенге жалақы алады. 2021 жылы 284 акушер-гинеколог жұмыстан кеткен. Сондықтан Үкімет ұлттық жоба аясында Ана мен бала денсаулығын қорғауға арналған арнайы бағдарлама қабылдаса, нұр үстіне нұр болар еді.
Үшінші білім. Қалалық және ауылдық мектептердің 4-9-сынып оқушыларының оқу жетістіктерінің нәтижелеріне қатысты соңғы үш оқу жылын талдап көрдік. Оқу үлгерімі өте нашар, 4-9-сынып оқушыларының 43 пайызы 3-ке оқитындар, бұл екіге оқитын оқушыларды есепке алмағанның өзінде. Ең алаңдатарлық жағдай – бастауыш мектептердегі 2-4-сынып оқушыларының оқу үлгерімінің 38 пайызы үш деген бағамен аяқтағандар. Сонда балаларымыздың бойына алғашқы білім берудің негізін қалауда жағдай осындай болса, жоғары сыныпқа барғанда олардан қандай білім күтуге болады?
Төртінші жұмыссыздық. Ресми ақпараттар еліміздегі жаңа жұмыс орындары мен тұрақты жұмысқа орналасты деп сендіріп жүрген есептердің шындыққа жанаспайтынын дәлелдеп отыр. Яғни, біздегі жұмыс орындарының бәрі уақытша. Мемлекет басшысы «1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейді. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Сөйте тұра, орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген көпірме есеп берілуде», – деген болатын. Қоғамға шынайы ақпарат керек, жалаң цифрлар негізінде жұмыс істеуге болмайтынын бәріміз түсініп отырмыз. Өңірлердегі жұмыспен қамту мәселесі де осындай жағдайда.
– Әңгімемізді депутаттық сауалдарға байланысты сұрақпен түйіндесек. Депутаттар мәселелерді зерттеп, жауаптыларға сауал жолдап жатады, бірақ олардан қаншалықты кері байланыс болады? Жалпы, сіз жолдаған сауалдардың шамамен қаншасы шешімін тапты? Жауапсыз қалатын сұрақтардың үлесі шамамен қанша?
– Негізінен, көтерген мәселелер аяқсыз қалып жатқан жоқ. Ұрпақ тәрбиесі – ең өзекті мәселе. Бауыржан Момышұлының «Ертегісіз өскен бала рухани мүгедек адам» деген қанатты сөзі бар. Гаджет атаулы қанша дамыса да, адамның мейіріміне, ата мен әженің ертегісіне жетпейді. Кембридж тәсілі бойынша 1-сыныпқа кірген оқушының сөздік қоры үш мың сөзге жетуі керек. Ата-анасы күні бойы жұмыста, сәби кезінде ертегі тыңдамаған, тақпақ жаттамаған балада сөздік қор қайдан болсын? «Ұйқыға жатарда балаңызға қандай кітап оқып бересіз? Жалпы, балаңызға кітап оқытасыз ба? Балаңыз кітап оқи ма?» деген сауалды сол тұстағы Қазақстанның Премьер-министрі А.Мамин мырзаның атына жолдадым. «Сізге және Үкімет мүшелеріне бір сұрақ қойғымыз келеді: Сіздердің балаларыңыз бен немерелеріңіз қандай кітап оқып жүр? Солардың арасында Қазақстанда шыққан кітаптар бар ма? Бар болса, олардың сапасына көңілдеріңіз тола ма?» деп мәселені төтесінен қойдым.
Горькийдің «балалар жазушысы өзге жазушылардан да сапалы жазуы керек» дейтін сөзі бар. Кішкентайлар үшін шығарма жазу оңай емес. Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, әрбір он жылдықта дүниеге келген бала психологиясы бір-бірінен мүлдем алшақ болады екен. Баланың жанын түсінбей, жақсы туынды шықпайды. Сондықтан халықтың рухани ахуалын балалар әдебиетінің дамуымен өлшеу керек. Гүлге су құймаса, солып қалады. Өспейді. Балалар әдебиеті де сол гүл сияқты. Бұл салаға қомақты қаржы құйылмаса, ешкім жөндеп айналыспайтын болады. Шығатын кітаптардың ішінде балалар әдебиетінің үлес салмағы өте төмен. Таралымы да, сапалық жағы да көңіл көншітпейді. Кейбір авторлар кітаптарды өз қаражатына шығарады. Қазір әлемде полиграфия жақсы дамыған, дизайн мен графиканың уақыты. Қазақстандағы баспалар жұмысы халықаралық стандарттарға сай келмейді. Кітаптардың бағасы қымбат. Халықаралық тәжірибелерге сүйену керек. Шетелде автор, иллюстратор, баспагер, әдеби агент – тұтас шығармашылық топ күш біріктіреді. Бұл ретте бізге алысқа бармай-ақ Ресей тәжірибесінен үйренуге болады. Ресейде Aromabook, Scentbook деген баспалар бар. Алма туралы өлең болса, алманың иісі шығады. Өте тартымды. Кітапқа ұялы телефоныңызды жақындатсаңыз, суреттер қимылдайды. Мұндай кітапты көрген балалар жабысып, айырылмай қалады. Ресейде «Театр теней» деген де керемет қосымша бар. Сурет арқылы балаларды әдебиетке қызықтырады. Ауылдық мектеп кітапханаларында балаларға арналған әдебиеттер жеткіліксіз. Интернет және гаджеттер ғасырында балалар кітап туралы ұмытпауы тиіс. Балалар әдебиетін дамыту үшін – балалар драматургиясы, балалар прозасы, балалар поэзиясы деген түрлі бәйге мен конкурс ұйымдастырып тұру керек. Қуыршақ театрларындағы балаларға арналған репертуар тым жұтаң. Олардың көбі ересектерге арналған. Қазір барлық күшті балалар әдебиетін дамытуға салу керек. Еліміздегі тілдерді дамытуға арналған «Мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту» бюджеттік бағдарламасы бойынша да біраз қаражат көзделген. Мемлекетте қаражат жоқ емес. Соның ең кем дегенде 50 пайызын балалар әдебиетін дамытуға бағыттау қажет. Еуропаның мемлекеттерінде, сондай-ақ Ресей, Латвия, Бельгияда кітаптарға салынатын қосымша құн салығы 5 пайыздан аспайды. Ұлыбритания, Ирландия, Норвегия, Польша, Украина елдерінде кітапқа салық мүлдем салынбайды.
Басқа сауалдарымды айтпаған күннің өзінде содан кейін Президент арнайы «Балалар жылын» жариялады. Осының өзі үлкен нәтиже деп білемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ділда Уәлибек