«М. Әуезовтің 125 жылдығы»: Анкарада арнайы конференция өтті

«М. Әуезовтің 125 жылдығы»: Анкарада арнайы конференция өтті

«М. Әуезовтің 125 жылдығы»: Анкарада арнайы конференция өтті
ашық дереккөзі
Қазақстанның Түркиядағы елшілігі және М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолдауымен Анкара Қажы Байрам Вели университетінің Еуразия және Түркі әлемі ғылыми-зерттеу орталығы мен әдебиет факультетінің ұйымдастыруымен «Мұхтар Әуезовтің мұрасы және ұлт мәдениеті» атты халықаралық конференция өтті деп хабарлады turkystan.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Халықаралық конференцияның ашылу салтанатында Анкара Қажы Байрам Вели университетінің әдебиет факультеті, қазіргі түрік диалектілері мен әдебиеттері бөлімінің меңгерушісі M. Фатих Киришчиоғлу, Еуразия және Түркі әлемі ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Наджие Ата Йылдыз, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Бәбиханұлы Ақыш және елшілік қызметкері Нышанкүл Қаратаева сөз сөйледі. Конференция барысында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты тарапынан Мұхтар Әуезовтің жазған кітаптары, киген киімдері және сирек кездесетін суреттерінен құралған көрме ұйымдастырылды. Фатих Киришчиоғлу өзінің сөзінде XX ғасырдың басында қазақ ұлтының аса ірі әдебиетшілерінің бірі Мұхтар Әуезовке биыл 125 жыл толған мерейтойына орай ұйымдастырылып отырған бүгінгі халықаралық конференцияның Анкара Қажы Байрам Вели университетінде өтіп жатқаны үлкен мәртебе екенін атап өтті. Танымал қазақ әдебиетінің классигі М. Әуезов ауыз әдебиетінің түрлі жанрларында маңызды шығармалар қалдырғанына назар аударып, оның шығармаларының ішіндегі ең күрделісі және атын әлемге паш еткен 15 жыл бойы жазған «Абай жолы» тарихи роман эпопеясы қазіргі ұрпаққа өшпес із қалдырған маңызды шығарма деді. Наджие Ата Йылдыз өз сөзінде Мұхтар Әуезов және «Манас» дастаны туралы сөз қозғап, онда әлемге әйгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Дүниенің қай жеріне барсаң да қасымда екі нәрсе болады, бірі -  Манас, екіншісі - Мұхтар Әуезов» деген сөздеріне назар аударып, М. Әуезов Ташкенттегі Орта Азия ұлттық университетінің шығыстану факультетінде докторлық жұмысы барысында «Манас» дастанына қажетті зерттеу материалдарын жинақтап, «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялағанын, кейіннен 4 томнан тұратын «Қырғыз халқының батырлық дастанының» жазылу тарихы жөнінде баяндады. Н. Бәбиханұлы Ақыш өз сөзінде М. Әуезовтің еңбектерінде қазақ халқының XIX ғасырдағы мәдени, саяси, әлеуметтік және тұрмыстық рухани өмірін жан-жақты көрсете білгенін, жазушының әдеби шығармаларының тілі күрделі екенін, оның шығармалары 116 тілге аударылғанын, жазушының жазған еңбектері орыс тіліне аудару барысында кездескен мәселелерге тоқталып өтті. М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты Әлмира Қалиева өзінің баяндамасында М. Әуезовтің жазушы ретінде қалыптасуына, сол кездегі мәдени, әлеуметтік және саяси жағдайлардың әсер еткенін, Мұхтар Әуезовтің азаматтық тұғырының қалыптасуы мен қаламының ұшталуына «Абай» журналы мен «Сарыарқа газеті» ерекше ықпал еткенін атап өтті.