ЭКСПО-ның бойтұмарларына өзгеріс енгізіледі
ЭКСПО-ның бойтұмарларына өзгеріс енгізіледі
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі ауқымды шара қарсаңында Сәуле, Мөлдір және Қуат атты бойтұмарларды қала көшесіне орналастырған еді. "Сәуле», «Мөлдір», «Қуат» атты тұмарлар Күн, Су, және Жел энергиясын, үшеуі бірігіп болашақтың энергиясын білдіреді.
Алайда бұл қуыршақ бейнелердің түр-тұлғасына көңілі толмаған жұрт "Бойтұмар ретінде жасалса да, қазаққа ұқсатуға болмай ма?" деген сауалды төтесінен қойған болатын. Әсіресе, бойы тапал, көзі қысыңқы "Сәуле" бойтұмарына шүйліккен жұрт әлеуметтік желіде шулаған-ды. Содан кейін бұл ақпарат құралдарында да кеңінен талқыланып, телеарна жаңалықтарынан да көрсетілді. Бұл бойтұмарларды кім жасағаны белгісіз, алайда телеарнаға сұхбат берген компания өкілі: "Сәуле, Мөлдір, Қуатты кім жасағанын білмейміз. Негізі бойтұмар жасау ісі бізге жүктелген болатын" деген еді.
Ал ЭКСПО-2017 компаниясы халықтың сынын ескере отырып, бойтұмарларды қайта жөндейтін болыпты. «Біз халықтың пікірін тыңдап, бойтұмарларды қайта жөндеуден өткізгеннен кейін барып, орнатпақпыз. Бойтұмарлардың бірін біреулер бұзып кеткеннен кейін оны халық сынай бастады. Бірақ, біз жедел әрекет етіп, бойтұмарларды орнынан әкеттік де, демеушілерге халықтың сынын жеткіздік», - деді журналистердің сұрағына жауап берген «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық команиясының маркетинг департаментінің директоры Аллен Чайжүнісов.