Еркебұлан Дайыров: Қазақты алты құрлыққа танытатын кез келді

Еркебұлан Дайыров: Қазақты алты құрлыққа танытатын кез келді

Еркебұлан Дайыров: Қазақты алты құрлыққа танытатын кез келді
ашық дереккөзі

Отандық режиссерлердің бәрі оны өз фильмінен көргісі келеді. Өйткені оның жалғандыққа жол бермейтінін, халтураға ұрынбайтынын біледі.  Мойнына артылған міндетті межелі биіктікке жеткізгенше тынбайтынына кино мамандарының көзі әбден жеткен. Сондықтан Еркебұлан Дайыровқа сұраныстың жоғары болуы заңды. Көрермен оның театрдағы (М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры), кинодағы кейіпкерлерінің ешқайсысын жатырқаған емес, жақсы көрді. Әсіресе, Бауыржанын («Бауыржан Момышұлы») ерекше ұнатты. Әбішіне («Жұлдыздар тоғысқанда»), Рауаны («Шлагбаум») мен Сапарына («Тараз») сүйсінді. Ал жуырда ғана елмен қауышқан Жәнібек сұлтанына («Алмас қылыш») түрегеліп тұрып қол соқты.

Көрерменнің көзайымына айналған актер киноның камералары алдында еркін көсілгенімен, БАҚ алдында ашыла бермейді. Сұхбат алғысы келген талай журналистің өтінішінен бас тартты. Онысы кісілігінен емес, кішілігінен. Айтары бар ағалар тұрғанда алға шығып сөйлеуді, БАҚ бетіне желпілдеп шыға беруді құптамайды. Десе де, Еркебұлан Дайыровты кең құлашты әңгімеге тартудың сәті түсті. Театртанушы Салтанат Әбілғазиева да актерге көкейдегі сұрақтарын қойды. Олай болса, оқырман назарына үшеудің әңгімесін ұсынамыз.

Анар Лепесова: – Әдетте кинодан көп көрінетін актерлар БАҚ беттерінен де түспейді. Бірақ олардың қатарында сіз жоқсыз. Көптен бері журналистерді жолатпай жүрсіз. Неліктен? Еркебұлан Дайыров: – Шынымды айтсам, түсірілімдерден, қойылымдардан қол босамады. Ақпараттық технологияның дамыған заманында болып жатқан оқиғаларды көпшіліктен жасыра алмайсың. Өнеріңе, тіпті өміріңе қатысты жаңалықтың барлығы ғаламтор бетінде жүреді. Өзің туралы  өзің білмейтін дүниелерді өзгелерден естіп жатасың. Оның үстіне, БАҚ бетіне қайта-қайта жыртыңдап шыға бергім келмейді. Сұхбат беру үшін көпшілікке айтар әдемі жаңалығың, тұжырымдалған ойың болуы керек. Бөлісуге тұрарлық пікіріңді, қоғамға пайдалы істеріңді қорытындылап, ұсына білуің қажет. Әйтеуір жарнама бола берсін деп, микрофон созғанның бәріне тұра ұмтылу табиғатыма жат нәрсе. Қарап отырсам, мешін жылында біраз іс тындырылыпты. Өзім қатысқан бірнеше жоба жарыққа шықты. Көрермен жақсылы-жаманды пікірін айтты. Мамандар кәсіби бағасын берді. Айтылған, жазылғанның бәрін салмақтап, бір күні өз көзқарасымды айтармын деп жүргенмін. Соның сәті бүгін түскен сияқты. Сіздер мені көндірдіңіздер ғой (күліп). Салтанат Әбілғазиева:  – Ұстазыңыз Е.Обаевты ауылда алаң­сыз жүрген жерінен Асқар Тоқпанов алып келіпті оқуға. Әдетте ата-ана атаулы баласын жібергісі келмейтін актер дейтін кәсіпке сізді не жетеледі? Еркебұлан Дайыров: – Батырлық дастандарды, қазақтың ертегілерін көп оқып өскендіктен болар, бала күнімде батыр болғым келетін. Батырды ойнау үшін актер болуың керек. Әр нәрсенің бір қозғаушы күші болады ғой. Сол арманның жетегінде жүріп, балабақшада, мектепте кішігірім сахналық көріністерге қатыстым. Мұғалімдерім де өнерге барғаным жөн болатынын жиі айтатын. Әсіресе, әдебиет пәнінен сабақ беретін Дариға Саламатова деген ұстазым «Сен актер болуың керек, өнер жолына бар! Сенің орның –  сахнада» деп құлағыма құя бергеннен кейін бе, бала мінез сенгіш болған соң ба, қиялым сол кезден бастап өнер дейтін өр әлемде жүретін. Мектептегі үлкенді-кішілі шаралардың бәріне белсене қатысып, өзімді нағыз өнерпаздай сезінетінмін. Үйде тоғыз баланың кенжесі болдым. Бауырларымның әрқайсысы әр салаға кетті. Мен өнер жолын таңдадым. Қолымнан басқа кәсіп келмейтінін түсіндім. Математика, химия, физика деген пәндер басыма қонбайтын. Әдебиетті, тарихты жақсы көрдім. Мен секілді көркем шығармаларға, тарихи әдебиеттерге құмартқандар әдетте журналистиканы таңдап жатады ғой. Бірақ дәл сол кезде әпкем журналистика факультетінде оқып жатқандықтан бір үйге бір журналист жетер дедім де, өнерге бет бұрғанды құп көрдім. Алайда әкем бұл таңдауыма түбегейлі қарсы болды. «Еркектің оқуын оқы» дегенге келтірді. Бірақ өзімнің көңіл қалауым болғандықтан, еркеліктің, қадалған жерден қан алатын, қырсық мінездің арқасында дегеніме жеттім (күліп). Анар Лепесова: – Бірақ білуімізше, оқу орнына бірден түсе алған жоқсыз... Еркебұлан Дайыров: – Иә, мектепті 2003 жылы бітірдім. Бірақ сол жылы жоғары оқу орнына түсе алмадым. Бір жылдан кейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына, Есмұхан Обаевтың шеберханасына түстім. Есағамдай алтын ұстаздан тәлім алғаныма, өнер саңлақтарының шеберханасынан өткеніме Аллаға мың да бір шүкір айтамын. Анар Лепесова: – Актер үшін әр түсірілім алаңы бір-бір мектеп десек, қателеспейтін болармыз. «Алмас қылыш» сіз үшін қандай жаңалық ашты? Кейіпкеріңіз – Жәнібек сұлтан сізге не берді? Сұлтанның образын бүгінгі көрерменге жақындата түсу қиын соққан жоқ па? Еркебұлан Дайыров: – Бекжан Тұрыс ағамыздың «Қазақтың ішінен қазақ іздеп жүрмін» деген сөзі есіме түсіп отыр. Осындай іргелі туындыны экранға шығарып, халықпен қауыштыру – Тәуелсіз ел болғаннан бергі, Мәңгілік ел боламыз деп алдымызға ұлы мақсат  қойғаннан кейінгі алғашқы қадам. Кино – ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін құрал. Тарихымызға, тамырымызға үңілген әрбір туынды өскелең ұрпақтың ұлттық рухын шыңдайтыны талассыз. Мысалы, біздің балалық шағымыз  тоқсаныншы жылдармен тұспа тұс келді. Сол уақытта мереке сайын теледидардан берілетін «Батыр Баянды», «Қозы Көрпеш», «Қыз Жібек», «Менің атым Қожаны» қайталап көруден жалықпайтынбыз. Шынымды айтсам, мен үшін солардан керемет кино болған жоқ. Әлі күнге дейін теледидардан көріп қалсақ телміреміз де қаламыз. Кейін өсе келе, есейе келе, шекара асып, ел көргеннен кейін  ұлтқа, өзіңнің туған жеріңе, еліңе деген сүйіспеншілік арта түседі екен. Оның өркендеуіне титтей де болса үлес қоссам деген құлшыныс алға жетелей түседі. «Алмас қылышқа» келер болсақ, бұл – Қазақ хандығының 550 жылдығы мен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қазақ елі» телехикаясының кинонұсқасы. Елбасының идеясымен Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романы бойынша түсірілді. Бұл туынды Кеңес Одағының қылышынан қан тамып тұрған кезеңде жазылғаны белгілі. Соған қарамастан, жазушының ешкімнен қаймықпай қазақты тарихымен табыстыруы, батыр бабаларымен қауыштыруы – үлкен ерлік. Қазақты ұлттық тамырынан ажырату саясаты үстемдік құрып тұрса да, тарихынан қол үзбей, кейінгі ұрпақ қазақ екенін ұмытпас үшін жанын құрбан еткен ата-бабаларымыздың жанкештілігінің жанында – біздің «елге қызмет» деп жалаулатып жүргеніміз түкке тұрмайтын нәрсе. pogudx175ve9rc235o.dd1b494a Жәнібек рөліне бекітілгеннен кейін көкейімде бір-ақ ой болды: ел өзінің Жәнібегінен жеріп кетпесе екен дедім. Бабамызды өз биігінен аласартып алмаймын ба деп жүрексіндім.  Фильмді тамашалаған көрерменнің ойында «Біздің ханымыз осындай болған ба? Сонда Қазақ хандығын осындай адамдар құрған ба?» деген жағымсыз пікір қалыптаспас үшін барымды салдым. Қолдан келгенше біздің қанымызда сақталған қазақы болмысты көрсетуге ұмтылдық. Киноны көрген іні-қарындастарым кинотеатрдан «Біздің ата-бабамыз осындай қиындықтардан өткен екен ғой,  жаудан қаймықпаған осындай батыр бабалардың ұрпағы екенбіз» деп рухтанып шықса, біздің жеңісіміз – сол. Орыс – қазақты әбден зерттеген халық. Кезінде біздің даламызда емін-еркін жортқан жолбарысты неге жойып жіберді? Қазақтың рухын сындыру үшін. Бұрын қазақтың жігіттері қатар жүрген достарының әйелі жүкті болса, оған балаң жолбарыстай болсын деп, даланы кезген бір жолбарысты қолға түсіріп, соның терісін алдына әкеп жайып тастайды екен. Аяғы ауыр әйел соған  қарап жүріп қуаттанатын көрінеді. Сөйтіп, құрсағындағы сәби дүниеге келген соң Мағжан атамыз айтқандай, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты болып өскен. Қазақ айбарлы аңға ғана емес, ұлан-ғайыр даласына, тұмса табиғатына, сайын даласына, тау-тасы, құмы мен шөліне қарап қуаттанған халық. Біздің өзге халықтан, өзге ұлттан ерекшелігіміз де осында. Әлі де сол қалпымыздан тайған жоқпыз. Табиғатымыздан, болмысымыздан ажырадық деп даурығатындар көп. Бос сөз. Өшкенді жаңғырту өз қолымызда. Бар дүниені бағалай білу керек.  «Алмас қылыш» ізашар болып, оның соңынан тарихи фильмдерді тоқтаусыз түсіре беру керек. Қаузайтын тақырып көп. Тарихымызды кезең-кезеңге бөліп, әрқайсысын бір фильмнің желісіне арқау етсек, ұпайымыз түгенделмек.  Ең әуелі, ұлттық рух көтерілмек. Мәселен, «Алмас қылышты» көрген қаладағы туыстарымның бірі: «Фильмнің соңында залдағы көрермендер «Алаш» деп айғайлап шапалақ ұрды» дейді. Міне, ең бас­ты нәтиже! Киноға келген жетпіс адамның жетеуінің көкейінде із қалдыра алсақ – мақсатқа жеткеніміз. Солар іштей мақтанып, «Міне, ата-бабамыз аттың жалында, түйенің қомында жүріп осындай мемлекет құрып, ұлан байтақ жерді алып қалған» деп арқаланып шықса, біз үшін үлкен жеңіс. Шыны керек, екі жылға созылған жанкешті еңбектің нәтижесін көріп, қуанғанда ақшаның да, атақ пен даңқтың да құны болмай қалады екен. Салтанат Әбілғазиева:  – «Біткен іске сыншы көп». Ерінбегеннің бәрі фильм туралы пікірін айтты. Естігенді салмақтап үлгерген боларсыз.  Еркебұлан Дайыров: – Кино туралы мақтау да, сын да жетерлік. Оң-терісін салмақтап, салиқалы пікір білдіргендар бар. Әйтеуір бірдеңе деу керек деп, негізсіз сынап жатқандар да жоқ емес. Айта берсін. Сол мықтылар бізбен бірге алты ай бойы сүйектен өтетін суықта, қар мен мұздың, тастай ер тоқымның үстінде жүріп көрсін. Мүлдем басқаша сайрайтыны анық. Қалтаның қамы үшін емес, ұлттың ұпайын түгендеу үшін істелген іс. Сыңаржақтыққа басып, кері тартқанша, қолдау көрсетейік! Қазақ үшін түсірілген туындыны әрбір қазақ көрсін. Тамырына үңілсін, тарихын танысын. Анар Лепесова: – Өзіңізбен түсірілім алаңдарында әріптес болып жүрген жас киноактерлердің көпшілігі шетелдік экрандарды бағындыра бастады. Жатжұрттық фильмдерден сізді қашан көреміз? Еркебұлан Дайыров: – Бұның бәрі бір Алланың қолындағы, уақыттың еншісіндегі нәрсе. Бастысы, ниет бар. Қазақтың атын алты алашқа емес, алты құрлыққа танытатын кез келді деп ойлаймын. Әріптестерім танытып та жүр. Мұнымен тоқтап қалмау керек. Қашанғы Голливудтың киноларына телміріп отырамыз? Алғашқы қадамды Ригадан бастадым. Латвияда қазақтың даңқты композиторы Әміре Қашаубаев туралы «Әміре» фильміне түстім. Әміре Қашаубаев Парижде өткен ЭКСПО көрмесіне Кеңес Одағының атынан қатысқан. Сол жерде даланың қазағы домбырасымен Еуропаны таң қалдырған. «Әміре» фильмі шетелдік прокатқа шығады деп жоспарланып отыр.  Шетелдік экранға алғашқы қадамымыз – осы кино. Меніңше, бәрі өзіңнің тәлейіңе, талабыңа байланысты. Егер мақсатқа ұмтылсаң, жатпай-тұрмай дайындалсаң, тіл үйренсең, неге шетелге шықпасқа? Жолыңа кім бөгет? Шетелге барып, киноға түсу үшін ешкімнен рұқсат сұрамайсың. Бұрынғыдай біреуге жалтақтамайсың. Кеңестер Одағының тұсында аға-апаларымыз Орталықтың рұқсатынсыз шетел асып, өнер көрсете алмайтын. Құдайға шүкір, қазір Тәуелсіз елміз. Біздің де айтарымыз бар, көрсетеріміз бар. Соның бәрін дәріптейтін уақыт жетті. Салтанат Әбілғазиева: – Қоржы­ныңыз­дағы кесек рөлдердің бірі – қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының образы. Көрерменге соғыс жылдарының қасіретін, батырдың өр рухын сезіндіру үшін қандай қиындықтардан өттіңіз?   Еркебұлан Дайыров – Бұл фильм жарыққа шыққаннан кейін берілген сұхбаттарда айтқан едім, тағы да қайталап өтейін: Бәукеңнің көзін көрген кісілердің біразы әлі ортамызда. Сондықтан да қателік жіберуге қақым жоқ еді. Бауыржан Момышұлындай кесек тұлғаны сомдау бір жағынан үлкен бақыт болса, екінші жағынан актерлік жолымдағы ең күрделі сынақтардың бірі болды. Қолымнан келгенше қазақтың өзі көрген, білген, қадірлеп, қастерлеген батырдың бейнесін шынайы көрсетуге тырыстық. Ол кісі туралы жазылған естеліктер көп, даңқты ердің бейнесі қаншама шығармаға арқау болған. Соның бәрін оқи отырып, фильм режиссері Ақан Сатаевпен кеңесе отырып дүниеге келген образ болатын. photo_100060Анар Лепесова: – Пошановтың «Шлагбаумы» арқылы Ресейдің «Күміс Георгий» жүлдесін олжаладыңыз. Жастардың арасынан алғашқылардың бірі болып «Серперді» алдыңыз. «Намыс» та – көптің қолы жете бермейтін марапат. Актерлардың бірін атақ өсірсе, екіншісін керісінше, өшіреді. Сіз үшін атақ деген не? Еркебұлан Дайыров: – Атаққа байланған адам емеспін. Халықтың өзі сені актер деп таныса, еңбегіңді бағаласа, содан асқан атақ, содан артық марапат жоқ деп ойлаймын. Қазір өзіміз көпшіліктің алдына шығып баяндамасақ та, өмірімізге, шығармашылығымызға қатысты жаңалықтар ғаламтор бетінде ұдайы жарияланып отырады. Сондай-ақ, сомдаған рөліміз жайлы жазған жақсылы-жаманды пікірлері де әлеуметтік желілер арқылы жетіп жатады. Көрерменнің жазған мақтау-мадақтауларын, ақжарма тілектерін оқығанда кеудеңе орден-медаль таққандай марқаясың, мақтанасың. Елдің саған деген шынайы ықыласын, пейілін сезінгенде атақ алғандай арқаланасың. Ал мемлекет беретін марапатқа келер болсақ,  біреудің алдына барып, атақ сұрап көрген емеспін. Атаққа лайықты ештеңе істеген жоқпын. Еңбегім еленбеген, тасада қалып қойған тұсым жоқ. Аллаға шүкір, бергеніне тәубә деймін. Атақ – арманым емес. Салтанат Әбілғазиева: – Соңғы уақытта театр көрермендерін жиі сағындырып жүрсіз. Бірнеше айға, кейде тіпті бірнеше жылға созылып кететін түсірілімдерден шаршағанда сахнадағы Балуан Шолақ, Бүркіт, Қалауын, Айдар, Меркуциоларды өзіңіз де сағынатын боларсыз. Сондай сәттерде ең әуелі қай рөлге аңсарыңыз ауады? Неліктен? Еркебұлан Дайыров: – Әрбір рөлің өзіңнің ішіннен шыққан балаң сияқты ғой. Бәрін сағынамын. Әр кейіпкерімде өз болмысымның кішкентай бір бөлшегі бар. Кейіпкерлерімнің бәрі де шындық, әділеттілік іздейді. Ұлттың  қамын жегендер. Әрқайсысының өз шындығы бар. Бәрін жақсы көремін. Мынау артық, мынау кем деп бөле алмаймын. Бірақ ішінде ерекше сағынатыным – «Мөлдір махаббаттағы» Бүркіт. Бүркіт – Кеңес Одағы тұсындағы солақай саясаттың құрбаны болған қаншама жастың жиынтық бейнесі. Қарап отырсақ, қазақтың  көрмегені жоқ. Тарихтың тереңіне үңілген белгілі азаматтардың, білімді аға-әпкелеріміздің әңгімелерін тыңдап отырып, бүгінгідей бейбіт күн кешу үшін көп нәрсе құрбан еткенімізді ұғасың. Сындарлы жолдарда сынып кетпей, түп-тұқиянымызбен құрып кетпей, еңселі ел болып отырғанымызға шүкірлік ету қажет. Кейде көп сөйлейтініміз, бос сөйлейтініміз бар. Отырып алып ауызға түскенді айта береміз. Беріп тұрған несібемізді кесірімізбен кетіріп аламыз ба деп қорқамын. Сондықтан да барға қанағат, жоққа сабыр деуіміз керек. Айналамызда толассыз соғыстар жүріп жатыр. Шекарамыздан сәл ғана қашықта жатқан талай мемлекет құрып кетіп жатыр. Сондай қауіп-қатердің ортасында отырып, бейбіт ғұмыр кешіп отырғанымызға тәубе дейік. 79e67b3b8fa92bf289429b9f504735c2-1000x700 Анар Лепесова: – Театрда жаңа рөлге дайындалып жүр екенсіз... Еркебұлан Дайыров: – Есмұхан Обаев ағамыз сахналап жатқан «Бақыт кілті» спектаклінде бас­ты рөлді сомдамақпын. Бауыржан Қанатұлы атты кейіпкерімді ел алдына алып шығар күн жақын. Спектакльдің премьерасы 27-28 қаңтар және 11 ақпан күндеріне жоспарланып отыр. Қазір қызу дайындық үстіндеміз. Жасаған жұмысымыздың бағасын патша көңілді көрермен өзі бере жатар. Анар Лепесова: – Бәсекесіз өнер өспейді деп жатады. Сіздердің ұжымда бәсеке мен күндестіктің аражігі ажыратылған ба?  Әлде екеуін шатастыратындар бар ма? Еркебұлан Дайыров: – Әр адам өз қотырын өзі қаситын заман ғой. Ұжым үшін жауап беру әбестік болады деп ойлаймын. Әр қызметкер ұжымдағы жанына жақын адамдармен араласады емес пе? Менің жаныма жақын жандар –  өзімнің замандастарым, қатарластарым, берілген рөлді тең бөліп ойнайтын актерлер. Әрине, бәсекелестік бар. Оның болуы заңды. Өйткені бәсеке жоқ жерде өсу жоқ. Онсыз істеген дүниеңнің сапасы болмайды. Меніңше бәсекенің мәні – неге озды емес, неге қалдым деуде. Алда болғың келсе – еңбек ет, терле, талаптан. Театрдағы өзім араласатын ортада – аға-бауырларым, қатар жүрген дос-құрбының арасында күндестік пен бәсекенің аражігі ажыратылған. Көреалмаушылық, іштарлықтың жоқ екеніне талай мәрте көзім жетті. Менің осы ұжымда қызмет етіп келе жатқаныма биыл он жыл болды. Егер ішіне арамдық бүккендер болса, осы уақыт ішінде бетпердесі ашылатын еді. Бірлігіміз, риясыз сыйластығымыз үзілмесе екен деймін. Анар Лепесова: – «Шлагбаумдағы» Рауан мен «Тараздағы» Сапардың арасында ұқсастық көп. Мұны штамп деп сынағандар бар. Керісінше, актерлік қолтаңба қалыптастырудың көрінісі деп мақтағандар да болды. Қайсысы жөн? Ақиқатын өзіңіз айтыңызшы... Еркебұлан Дайыров: – Жұмыс менікі болғандықтан, ақиқаты өзіме ғана мәлім. Түсіндіруге тырыса­йын. Түсінген жан түсінер, түсінбесе, амал қанша?! Сапар мен  Рауанның арасында ұқсастық бар екені рас. Екеуін бір актер ойнағандықтан емес. Екі кейіпкер де – осы қоғамдағы әділетсіздікке күйінген, жоқшылықты көрген адамдар. Қазір кім нашар өмір сүргісі келеді? Жайлы баспана, жұмсақ орындықты кім армандамайды? «Шлагбаумдағы» Рауан – өзім әлі күнге дейін араласып-құраласып жүрген достарымның жиынтық образы. Базарда тұрған бауырларымның образы. Спортта жүрген ерлердің бейнесі. Ауылдағы әке-шешеге бес-он тиын берсек екен деп адал еңбек етіп жүріп, әділетсіздіктің құрбаны болған, үлкен мегаполистің қатыгез заңдарына төзе алмаған жігіттердің образы. Бұл ойдан құрастырылған оқиға емес, өмірдің өзінен алынған. 357359 Ал енді «Тараз» фильміндегі Сапарға келетін болсақ, ол – ойдан шығарылған кейіпкер. Бірақ көтерген жүгі, арқалаған жауапкершілігі Рауандікінен жеңіл емес. Ол да қарапайым спортшы. Мойнына жоқшылықтың қамыты ілінген. Отбасын, бауырларын жеткізсем дейді. Баласын ештеңеден тарықтырғысы келмейді. Досына адал. Сертіне берік. Нағыз қазақтың жігіті. Сапарды жаман, Рауанды жақсы деп көрсетуге қақым жоқ. Екеуі де мықты жігіттер. Тағдырлас кейіпкерлердің арасындағы ұқсастық үшін актерге мін арту артық деп ойлаймын. Анар Лепесова: – Жоғарыда аталған екі фильм­де де күңгірт бояу тым көп. Біздің режиссерлерде криминалдық драма тек қана қараңғылықтан тұруы керек деген ой қалыптасқан сияқты. Әлде қара түс жасандылықты жасыру амалы ма?  Еркебұлан Дайыров: – Оны режиссердің өзінен сұрау керек шығар. Актер ретінде менің көңілімнен шықты. «Шлагбаумды» түсіргенде күн райының өзі сондай күңгірт болып тұрды. Қара күз өтіп, қыс  жақындап қалған кез. Күннің көзі анда-санда бір көрінетін. Оның үстіне, киноның жанрының өзі күңгірттікті талап етті. Фестивальға арналған фильм болғаннан кейін бұл – оператор мен режиссердің, актердің таза қолтаңбасы, өздерінің үлкен бәйгеге жаратып қосқан аттары. Бәйгеге қосқан аттардың бәрі аппақ болмайды ғой, біреуі торы, біреуі қара, біреуі күрең болады. Соның ішіндегі қара күреңі біздің осы туындымыз шығар. Өзгелерден оқ бойы озық шапқан жүйрігі де сол. Қазақ киносының намысын лайықты  қорғап шықты. Қай елге бармасын, қандай кинофестивальге қатыспасын – бәрінен жүлделі болып қайтты. Сондықтан анау қара, мынау көк демей, жетістікке қуана білгеніміз дұрыс болар. 14354665642270 Салтанат Әбілғазиева: – Тәжірибе жоқ кезде ұсынылған рөлдерді таңдаған жоқсыз. Қазір тәжірибеңіз толысқан. Шеберлігіңіз шыңдалған. Талғамыңыз өскен. Шақырылған фильмге түсуге болатын-болмайтынын қандай талаптар бойынша анықтайсыз? Еркебұлан Дайыров: – Ең әуелі, штамптан қашамын. Сені бір рөлден көргеннен кейін режиссерлердің бәрі сондай образды тағы да ойнап берсе деп ойлайды. Өзінің киносында дәл сол Еркебұлан жүрсе дейді. Көрерменді жалықтыратын сондай бірізділіктен аулақ болғым келеді. Бұрын-соңды сомдап көрмеген кейіпкерлерді алып шыққым келеді. Мәселен, ғашық адамды ойнауға болады. Неге көрмеске, қолдан келетін істі неге істемеске? Назар аударатын басты дүние – сценарий. Егер сценарий нашар болса, кірісіп не керегі бар? Одан гөрі театрда мауқымды басып, шеберлігімді шыңдап жүре бермеймін бе?! Сценарий жақсы болса, режиссер мықты болса, тіпті, мәселе режиссерде де емес, сені қызықтыратын образ болса, фильм­ге түсуге болады. Анар Лепесова: – Жас болсаңыз да қазақтың мен деген театр және кино режиссерларымен жұмыс істеп үлгердіңіз. Еркебұлан Дайыров енді кімнің фильміне түсуді армандайды? Өзін қандай образда сынап көргісі келеді? Еркебұлан Дайыров: – Комедияға түскім келеді. Асқар Бисембинмен жұмыс істесем деймін. Асқар – жас режиссерлердің ішіндегі сауатты маман. Жасұлан Пошанов, Айдын Сахаманов сынды талантты режиссерлерді де осы қатарға жатқызамын. Салтанат Әбілғазиева: – Қандай рөлдерден бойыңызды аулақ саласыз? Еркебұлан Дайыров: – Төсек сахнасы бар рөлдерден. Анар Лепесова: – Театр сахнасында да, кинода да тарихи кейіпкерлерді жиі сомдайсыз. Демек, ізденіс тоқтамауы керек. Не оқып жүрсіз? Еркебұлан Дайыров: – Дәл қазір Ілияс Есенберлиннің «Алтын орда»  романын оқу үстіндемін. Салтанат Әбілғазиева: – Әдетте тілеулес қауымның аузынан «Биіктен көрін!» деген сөз жиі шығады. Әркімнің танымында биіктіктің өз өлшемі бар. Өнерде, өмірде сіз ұмтылатын биіктік қайсы? Еркебұлан Дайыров: – Пенденің биіктігі – имандылығы мен білімділігінде. Анар Лепесова: – Ендеше дәйім сол биіктіктен көрініңіз! Сұхбатыңызға рахмет!