Жаңалықтар

«Ақшамшық», «Монданақ»: ұмыт бола бастаған ұлттық ойындар

ашық дереккөзі

«Ақшамшық», «Монданақ»: ұмыт бола бастаған ұлттық ойындар

Әрбір ұлттың өзіндік тарихы, тілі мен діні, салт-дәстүрі, өнерімен қатар ұлттық ойындары да бар. Ертеден келе жатқан 150-ге жуық дәстүрлі ойындарымыздың бүгінде бірқатары ұмыт бола бастады. Turkystan.kz тілшісі олардың бір парасын назарларыңызға ұсынады. «Монданақ» Монданақты жазық, көгалды алаңда ойнайды. Қатысушылардың жасына шектеу жоқ. Бірақ ойыншылардың саны 15-20 адамнан көп болмауы керек. Ойынға қос қабаттап есілген орамал пайдаланылады. Ойынға қатысушылар аяқтарын ілгері созып, тізесін сәл көтеріп, шеңбер түзіп отырады. Бүгілген тізелерінің астынан ары-бері жүгірткен кезде орамал еркін өтетін болуы керек. Аяқтарының бастары шеңбердің ортасына жақын түйіседі. Тап сол жерде ойынды жүргізетін адам отырады. Ойын басталған кезде қолында орамалы бар ойыншының бірі ортадағы жүргізушіні орамалмен жонынан тартып қалып, оны лезде тізесінің астынан өткізіп жіберіп, «Әне кетті монданақ, міне кетті монданақ!» деп әндете жөнеледі. Бұл әнді барлығы қосыла шырқайды. Ойын жүргізушісі орамалды жұрттың аяқтарының астынан іздей бастайды. Әрине, орамалды тауып алу оңай емес. Өйткені, ойыншылардың бәрі қолдарын тізелерінің астында ұстап, ары-бері «жүгірген» орамалды бір-біріне өткізіп отырғанға ұқсайды. Егер жүргізуші орамалды ұстап алса, онда оны алып қойған ойыншымен орын ауыстырады. Сөйтіп, ойын қайта жалғасады. Бұл ойынның екінші бір түрінде орамалмен ұсталған ойыншы ортаға шықпас бұрын көпшіліктің ұйғаруымен өнер көрсетеді. Содан кейін ғана орындарын ауыстырады.  «Әуе таяқ» Бұл ойын көгалда немесе жай алаңда 12 адамның қатысуымен өтеді. Ойынға ұзындығы 80 сантиметрден аспайтын, жуандығы 4-5 сантиметр жұмыр таяқ пайдаланылады. Ойыншылар бірнеше жұпқа бөлінеді. Жүргізуші екі адамның әрқайсысына бір-бір таяқтан береді. Олардың біреyi таяғын әуелете лақтырған кезде, екіншісі ұшқан таяқты өз таяғымен ұруы тиіс. Таяқты кімнің лақтыратынын, кімнің оны кездеп ұратынын жеребе бойынша анықтайды. Егер ойыншылар екі топқа бөлінсе, ұшқан таяққа көбірек тигізген топ жеңген болып есептеледі. Сосын келесі кезекте лақтырушылар мен тигізушілер орын алмасады.