Жаңалықтар

«Ұлы дала» әдеби байқауының үздіктері анықталды

ашық дереккөзі

«Ұлы дала» әдеби байқауының үздіктері анықталды

Бүгін «AMANAT» партиясында «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы қорытындыланды. Биыл әдеби конкурс ұлы ағартушы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына және жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналды деп хабарлады turkystan.kz. Іс-шараны ашқан «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов алдағы уақытта бұл жобаның аясын кеңейтіп, аудандық, облыстық, содан кейін республикалық деңгейде өткізуді ұсынды. Сонымен қатар, биыл тұңғыш рет тағайындалған «Алаш аманаты» арнайы сыйлығын алаштанушы-зерттеуші, балалар жазушысы Елдос Тоқтарбай, «Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған» арнайы сыйлықты ақын, жазушы, киносценарист Ұларбек  Нұрғалымұлы иеленді. Ал «Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған» арнайы сыйлықты жазушы Абай Аймағамбетов жеңіп алды. «Кез келген байқау жарқ етіп жарияланғанда емес, дәстүрге айналған кезде оған авторлар дайындықпен келіп, өз жемісін бере бастайды. Биыл бұл шығармашылық бәйге Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналғаннан кейін авторларға оның жауапкершілік жүгі жеңіл болмағаны анық. Әдебиет – тұтас қоғаммен ұштасып жатқан дүние. Сондықтан әдебиетті қолдау – тек руханиятты қолдау емес, жалпы қоғамның оң бетбұрысына әсер ету деген сөз», – деді Ұларбек  Нұрғалымұлы. Сондай-ақ, партияның Орталық аппаратында өткен іс-шарада Қостанай облысының Торғай ауылындағы «А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының әдеби музейінің» қызметкерлері көрме ұйымдастырды. Онда Ұлт ұстазы тұтынған заттар, құнды жәдігерлер, қайраткер шығармаларының түпнұсқасы және т.б заттар қойылды.