ҚазҰУ ұжымы Түркияның екі жетекші университетінде қонақта болды

ҚазҰУ ұжымы Түркияның екі жетекші университетінде қонақта болды

ҚазҰУ ұжымы Түркияның екі жетекші университетінде қонақта болды
ашық дереккөзі
ҚазҰУ ұжымы биыл екінші рет Түркияда тегін демалып, тәжірибе алмасып жатыр. Аталған іс-шара университет ректоры Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен қолға алынды. 14-21 желтоқсанға жоспарланған сапар аясында 50-ге жуық оқытушы-профессор Ақтеңіз, Білім университеттерінің қызметімен танысып, біліктілігін арттыруда. Делегация құрамында комендант, іс басқармасы, өндірістік цех, кітапхана, арт орталығының қызметкерлері, IT мамандар мен журналистер бар. Ақтеңіз университеті – Түркиядағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Жерорта теңізінің жағалауында орналасқан университет кампусында 250-ден аса ғимарат бар. Білім ордасының ғылыми-технологиялық базасы жоғары мүмкіндіктерге ие. Сондай-ақ логистикалық коммуникациясы жолға қойылған. ҚазҰУ ұжымы түрік жоғары білім беру жүйесімен етене танысып, оқу үдерісін ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасады. Сонымен қатар заманауи білім беру, инновациялық әзірлемелер мен оқытудағы озық технологиялар тақырыбында тренингтерге қатысады. Іссапар барысында бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша әріптестікті одан әрі нығайту көзделіп отыр. ҚазҰУ делегациясымен кездесуде Ақтеңіз университетінің денсаулық сақтау саласын басқару ісі кафедрасының меңгерушісі Мұстафа Чобан сөз сөйлеп, ЖОО-ның медицина саласындағы жетістіктеріне тоқталды.
«Ақтеңіз университеті медицина саласында орасан жетістіктерге ие. Мұнда сүйекке, бетке пластикалық ота жиі жасалып жүргенін ерекше атап өткен жөн. Аталған оқу орнындағы мамандар пластикалық ота жасау арқылы бедеулікке ұшыраған әйелдерге бірнеше рет ана болу бақытын сыйлаған. Сондай-ақ Ақтеңіз университетінде туберкулезді зерттейтін арнаулы орталық жұмыс істейді», – деді ол.
Сөз соңында Мұстафа Чобан алдағы уақыта ҚазҰУ мен Ақтеңіз университеті арасында бірлескен жобалар іске асырылатынын айтты.