Бердібек Сапарбаев: Ұйықтап отыратын болсаңдар, қылмыскер қашып кетеді!
Бердібек Сапарбаев: Ұйықтап отыратын болсаңдар, қылмыскер қашып кетеді!
Ақтөбеде 14 нысанның құрылысы ұзақ жылдан бері тоқтап тұр. Қонақ үй, автосалон, тұрғын үйлердің құрылысы басталып, кейін иесі шетел асып кеткен. Нысандарды кері қайтаруға жергілікті биліктің күші жетер емес. Құрылыс жұмыстарын қадағалаушы органдардың жұмысына облыс әкімінің көңілі толмайды. Бердібек Сапабаев жемқорлық жайлаған саланы сынға алды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Ақтөбе қаласының орталық көшесіндегі «Космос» қонақ үйінің иесін заң аясында жазалаймыз деп ойлаған облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы оны уысынан шығарып алды. Құрылыс иесі шетел асып кеткен. «14 нысан әлі күнге дейін тоқтап тұр. Тең жартысында құжаттары жоқ. Деректерге қарасам, жер телімі қай жылы берілді, құрылыс қашан басталды деген сұрақтарға жауап берілмеген. Осыдан 10 жыл бұрын басталған құрылыс біту қажет еді. Неге құқық қорғаушыларға, прокуратураға бармаймыз? Егер құрылыс ондаған жылға созылса, не үшін оған жобалық-сметалық құжат, сараптама жасайды. «Космос» қонақ үйін қара дедім. Сендер өйтіп-бүйтіп жүргенде иесі қашып кетті. Бітті, барлығың жиналғанмен, таба алмайсыңдар. Бір әйел ұсталды, іске қатысы жоқ. Ол түрмеде отыр, түгі де жоқ. Бәрін білеміз. Сендер ұйықтап отыратын болсаңдар, солай болады»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Өткен жылы Ақтөбеде құрылыс қызметінің сапасын бақылау мақсатында жоспардан тыс 190 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 108 субьект әкімшілік жауапқа тартылып, 21 миллион теңге айыппұл салынды. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетовтің айтуынша, өңірде жылына 40-50 миллиард теңгенің құрылысы жүргізіледі екен. Есептегенде салынған айыппұл көлемінің тым аз екені анық. Басқарма басшысы шағын және орта бизнесті тексеруге рұқсат жоқ екенін алға тартты. Дегенмен, ереже бойынша құрылыс маманы кез келген жұмыстың сапасын бақылауға мүмкіндігі бар.
«Неге үйлер құлап жатыр? Себебі, техникалық, авторлық қадағалау қызметі жүргізілмеген, жобалық-сметалық құжаттағы талаптардың барлығы пысықталмаған. Екі жауапты қызметкер күнде құрылыс басында жүретін болса, үйлер құламас еді. Менің ойымша, нағыз жемқорлық осы жерде. Барлығы келісіп алған. Тапсырыс беруші, мердігер, жобалаушы, сараптамашы. Техникалық, авторлық қадағалаушылар жалақы алғанда айына бір рет құрылыс жұмыстарымен танысып, алғанына мәз болып жүреді»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
«Кейін қазақша айтқанда, «әкесін танытып» айыппұл салса, олар ештеңе істей алмайды. Сенің айыппұлың 40-50 мың теңгеден аспайды. Қалтасынан ұрса, олар жұмыс істейді», - дейді аймақ басшысы.