Партиялық бақылау комитеті жылдық жұмысын қорытындылады
Партиялық бақылау комитеті жылдық жұмысын қорытындылады
«AMANAT»-тың Партиялық бақылау комитетінің жиынында осы жылы атқарылған жұмыс қорытындыланды.
Партиялық бақылау комитетінің (ПБК) төрағасы, Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының мүшесі Артур Платонов халықтың белсенді атсалысуының арқасында өңірлік 216 сайлауалды бағдарлама талқыланып, қабылданғанын атап өтті. Онда азаматтардың 17 мыңнан астам ұсынысы ескерілді.
Бұл ретте, жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында биылғы 11 айда экономика өсімі 4,6%-дан 2,7%-ға дейін баяулағанын, инфляция соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жетіп, 19,6%-ды құрағанын мәлімдеді. Ел экономикасындағы осындай жағымсыз жағдай партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру сапасына тікелей әсер етеді.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, биыл тұрғызылады деп жоспарланған 18 млн шаршы метр тұрғын үйдің жыл соңына дейін 15,1 млн шаршы метрі немесе 137,7 мың баспана салынады.
«Шамамен 3 млн шаршы метрді салып үлгере алмай жатырмыз. Бұған жұмыс кестесінен артта қалу, қаржыландырудың жеткіліксіздігі себеп болып отыр. Алайда, ең басты кедергі – құрылыс материалдарының қымбаттауы. Белгілі бір деңгейде импортқа тәуелділік болғандықтан, елге құрылыс материалдарын жеткізу кезінде қиындықтар орын алды», – деді министр.
2022 жылы атқарылған жұмысты қорытындылай келе, Артур Платонов биыл Комитет орталық және жергілікті атқарушы органдарға 200-ден астам нақты ұсыныс бергенін атап өтті. Жергілікті жерлерде партиялық бақылау комиссияларымен бірлесіп еңбек ұжымдарымен, тұрғындармен, қоғам қайраткерлерімен және тағы басқалармен 600-ден астам дөңгелек үстел, 1 100-ден астам кездесу, сондай-ақ 5 мыңнан астам көшпелі отырыс пен рейд өткізілді.