Жаңалықтар

«Міржақып. Оян, қазақ!» сериалын түсіруге 8 ай уақыт кетті - Мұрат Есжан

ашық дереккөзі

Күні кеше Қазақстан ұлттық телеарнасынан «Міржақып. Оян, қазақ!» атты кинокартина көрерменге жол тартты.

Алты бөлімнен тұратын тарихи-драмалық туындыда Міржақып Дулатұлы өмірінің 1909-1935 жылдардағы кезеңі, «Оян, қазақ!» кітабының жарыққа шығуы, оның ашаршылық кезіндегі қоғамдық-саяси қызметі, Қызылорда, Семей, Мәскеудегі «Бутырка» абақтысындағы жылдары және жан жары Ғайнижамалмен махаббат хикаясы баяндалады. Аталған туынды жайында, түсірілім жұмыстары туралы сауалымызға тарихи телехикаяның қоюшы режиссері Мұрат Есжанмен сұхбат барысында жауап алдық. – Тәуелсіздік күні қарсаңында Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлына арналған телехикая көпшілік назарына ұсынылды. Құтты болсын! Кейінгі жылдары ұлт зиялыларына қатысты отандық тарихи телесериалдар көп түсіріліп жатыр. «Міржақып. Оян, қазақ!» та сол туындылардың жалғасы деуге болады. Жалпы, бұл идея қайдан келді?

– Тарихи тұлғалардың ішінде өзіме ең жақыны – Ахмет Байтұрсынұлы. Санаулы ғұмырында көп істің басында жүргеніне, бәріне үлгергеніне таңғалатынмын. Мен әуелде соның жауабын табуға тырыстым. Ол шығармашылық ізденіске ұласты. Кейін деректі, көркем туынды түсіру туралы ой келді. 2021 жылы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басшылығы тарихи тұлғаларға арнап фильмдер түсіруді қолға алды. Сол жылы халыққа Ахметті көрсетейік деген ұсынысын айтты. Осылайша телеарна басшылығының жоспары мен менің ішкі арман-мақсатым үйлесім тапты. Бұған дейін 2020 жылы «Хабар» агенттігіне «Абай жолы» сериалын түсіргенбіз. Онда «Абай жолы» романының жазылу тарихы, барысы туралы көрсеттік. Ахмет пен Міржақып - Алаш идеясының өміршеңдігі ұрпақтар жалғастығында екенін ұғындырып, сол идеяны жүзеге асыру жолында аянбай қызмет еткен ұлт зиялылары. Сондықтан екеуінің есімі ел аузында қатар аталады. «Ахмет. Ұлт ұстазы» фильмінен кейін «бұл дүниенің жалғасы Міржақып болуы керек» деп ойладым. Ахмет ойнаған кинода Міржақыптың, Міржақып ойнаған кинода Ахметтің рөлі көрсетілуі тиіс. Яғни, жобаларда сабақтастық болғаны жөн. Біз Ахметті түсіріп жүргенде «Қазақстан» телерадиокорпорациясына Ахметтің жалғасы ретінде Міржақыпты түсіргіміз келетінін айттық. Алайда, Міржақып ол кезде мемлекеттің, телеарнаның биылғы жоспарында болмады. Дегенмен, көп өтпей, ұсынысымыз мақұлданды. Осы ретте айта кетейін, «Міржақып. Оян, қазақ!» – телеарнаның кейінгі екі жылда түсірген 11- тарихи телехикаясы.

– Міржақып Дулатұлына қатысты туындының сценарийін жазуға, сериалды түсіруге қанша уақыт кетті?

– Бұл жоба сәуір айында бекітілді. Сценарийін жазып бастар алдында көп іздендік. Алаштанушы ғалымдармен кездестік және естеліктерді, зерттеулерді, монографияларды, мақалаларды, тергеу материалдарын оқып шықтық. Сценарийін жазуға үш ай, дайындыққа шамамен екі ай, түсірілім жұмыстарына тағы екі айдай уақыт кетті. Қалған бір айда монтажын жасадық. Бас-аяғы 8 ай жұмыс істедік.

– Қаржы жағынан қиындықтар болды ма?

– Осы күнге дейін айтып келе жатырмын. Жасырын емес, бізде сериалдарға белгілі бір мөлшерленген тариф бар. Ешкім одан артық ақша бөле алмайды. Мемлекеттен бөлінетін қаржы – тарихи сериалдардың шығынын көтермейді. Ол –  жыл сайынғы болатын проблема. Қаржы – қашанда бар мәселе. Оны былтыр да тілге тиек еттік. Одан бөлек, елімізде тарихи орындар аз болғандықтан, локация жағынан қиындықтар туындады. Сондай-ақ реквизит, декорация, массовка бойынша да проблемалар көп болды.

– Актерлер құрамын таңдауда неге басымдық берілді?

– Басты және қосалқы рөлдерді алғанда 80-ге жуық актер түсті. Негізгі рөлдерді 10-15 адам сомдады. Айтпақшы, мұнда былтыр түсірілген «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалының актерлік құрамы сақталды. Олар Ахмет ұлт ұстазы болған кезеңдегі параллель оқиғаларды ойнап шықты. Ал актер таңдауда ең бірінші кейіпкерге қаншалықты жақын екеніне мән беремін. Әр актердің өзінің табиғаты бар. Соған дөп түсу керек. Екіншіден, тілге баса мән беремін. Актерде қазақы үн болуы маңызды. Үшіншіден, сөзді түсінуі керек. Мәтіндер тарихи, күрделі ескі қазақтардың тілінде жазылған. Оны жаттап емес, түсініп айтатын актерлерді таңдап алуға тырысамыз. Телесериалда Гүлнәр Міржақыпқызының әкемді ақтаймын деп жүрген кезіндегі хаты оқылады. Оны Қазақстанның халық әртісі, белгілі актриса Гүлжан Әспетова ойнайды. Гүлжан Әспетова – кезінде Әзірбайжан Мәмбетовтің мектебінен өткен. Сонымен қатар Бикен Римова, Ыдырыс Ноғайбаевпен бір саханада ойнаған. Ол кісімен бірге жұмыс істеудің өзі – үлкен мәртебе.

– Ұлт ұстазына қатысты сериалға әлеуметтік желілерде «туған жері Торғай көрсетілмеді» деген сарындағы сыни пікір айтылды. Кино саласында жүрген мамандар, әдебиетшілер мен тарихшылар да өз бағасын берді. Оларға қатысты не айтасыз?

– Бұл принципиалды түрдегі деректі фильм емес. Сондықтан бұл жерде бірінші кезекте шарттылыққа жүгінемін. Торғайға барып, үш минуттық материалды түсіріп келгенге бір серияның шығыны кетіп қалуы мүмкін. Торғайға барып, даланы түсіргеннен гөрі бір маңызды оқиғаны қамтыған артығырақ. Түсірілім барысында бізде қаржыға байланысты таңдау болды. Маңызды оқиғаны таңдадық. Бұл деректі фильм болмағандықтан, Торғайдың даласының кадры болуы керек  дегенге мен келіспеймін. Қазақтың даласы бәріне ортақ. Ахмет – Торғайдың шекарасынан шығып кеткен тұлға. Ахмет Торғайдың емес, қазақтың Ахметі. Қанша адам болса, сонша пікір бар. Міржақыпқа қатысты да сын айтылуы мүмкін. Дегенмен, біздің белгілі бір ұстанымдағы көзқарасымыз, алға қойған мақсатымыз бар. Қолымыздан келгенше, шамамыз жеткенше жасауға тырыстық. Ары қарай бағасын көрермен бере жатар.

– Алаш зиялылары туралы тағы сериал түсіру жоспарда бар ма?

– Алдағы уақытта тек Алаш зиялыларын ғана емес, өзге де тарихи тақырыптарды қамтығымыз келеді. Бізде көбіне жаугершілік заман, хандық дәуір тұсындағы фильмдер жиі түсіріледі. Бертіндегі XX ғасырдың басы көп қамтылмай қалды. Сол себепті тарихи тұлғалар ғана емес, тарихи оқиғалар қамтылатындай және оны ашып көрсететін жобалар көбейсе екен деймін. Сондай-ақ оның жауапкершілікпен, ыждағаттылықпен жасалғанын қалаймын. Барлығы көрерменге жетуі керек. Жалпы, тарихи оқиғаларға қатысты жоспарларым көп. Мына бір оқиғаның мәні ашылуы керек, мына бір тұлғаның еңбегі көрінуі қажет деген идеялар жетерлік. Мүмкіндік болып жатса, ойлаған дүниелерімнің бәрін жүзеге асыруға бар күш-жігерімді жұмсаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!