Катар-2022: Хорватия құрамасы қола жүлде жеңіп алды

Катар-2022: Хорватия құрамасы қола жүлде жеңіп алды

Катар-2022: Хорватия құрамасы қола жүлде жеңіп алды
ашық дереккөзі

Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатында Хорватия құрамасы қола жүлдегер атанды деп хабарлады turkystan.kz.

Бүгін 3-орын үшін сайыста Хорватия мен Марокко құрамалары кездесті. Ойын басында хорватиялық футболшылардың басымдығы байқалып тұрды. Шабуылды оң және сол қанаттан ұйымдастырған олар 7-минутта есеп ашты. Аталған құрама футболшысы Йошко Гвардиол әуелеп келген допты баспен қақпаға соқты. Арада көп ұзамай марокколық құрама таразы басын теңестіріп үлгерді. Ойынның 9-минутында Ашраф Дари мергендік танытты. Кездесу барысында марокколық футболшылар қателікке жиі бой алдырды. Десе де олардың қателігін қақпашы Ясин Буну түзеп жатты. Ал 42-минутта ол Мислав Оршичтің тепкен соққысына қауқар көрсете алған жоқ. Екінші кезеңде де хорватиялықтар тізгінді өз қолынан шығармауға тырысты. Екі құраманың да есепті өзгертетін мүмкіндігі болған еді. Осылайша Хорватия қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, қола жүлдеге қол жеткізді. Еске салсақ, хорватиялық футболшылар әлем чемпионаты финалдық сатыларында Африка құрлығынан келген үш құрамамен кездесуінде бірде-бір гол жіберген жоқ. Топтық кезеңде 2014 жылы Камерунды 4:0, 2018 жылы Нигерияны 2:0 есебімен жеңген еді. Айта кетсек, әлем чемпионатында 3-орын үшін соңғы 10 кездесуде еуропалық құрамалар жеңімпаз атанды. Енді финалда Аргентина - Франция құрамаларының кездесуі 18 желтоқсанда елорда уақытымен 21:00-де «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.