Жаңалықтар

Астананың жаңа ауданына «Нұра» атауын беру ұсынылды

ашық дереккөзі

Астананың жаңа ауданына «Нұра» атауын беру ұсынылды

Бүгін Астана қаласының мәслихатында тұрақты комиссияның отырысы өтті деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Жиында алғаш болып баяндама жасаған Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп ономастика комиссиясының қорытындысын жариялады. Атап айтқанда, бұған дейінгі талқылаулар мен ұсыныстар негізінде Астана аумағынан құрылатын жаңа ауданға «Нұра» атауын беру ұсынылды. «Бесінші аудан құрылатыны белгілі болған сәттен бастап, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері және аға буынмен бірнеше рет кездесулер өткіздік. Онда топонимикаға байланысты түрлі тақырыптар мен ұсыныстар айтылды, талқыланды. Ұсыныстарды талқылай келе, оның екеуін ономастикалық комиссияның қарауына бердік. Жиында ортақ пікірге келіп, жаңа ауданға «Нұра» атауын беру туралы ұсыныс мақұлданды. Сіздерге де осы ұсыныспен келіп тұрмыз», - деді Сәкен Есіркеп. Депутаттар бұл бастаманы мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қарау туралы шешім қабылдады. Тиісінше, атауды нақты бекіту немесе оған өзгеріс енгізуді мақұлдау алдағы отырыстарда талқыланады.