Әйгілі фотодағы желтоқсаншы қайда?
Әйгілі фотодағы желтоқсаншы қайда?
1986 жылғы Желтоқсан оқиға-сы – тарихта қалған, тәуелсіздіктің бастауы болған елеулі оқиға. 16-19 желтоқсанда қазақтың жігерлі жастары елінің азаттығы мен бостандығы үшін алаңға шықты. Олардың жанына батқан қақаған қыстың ызғары емес, әкімшіл-әміршіл жүйенің қыспағы болатын. Намысты жастардың ішінде Анар Рақымжанова да болды. Оны үш милиция қызметкері алаңнан алып бара жатқан сәтте түсірілген сурет бүгінде көпке таныс.
«Алаңға құрбыммен бардым...»
Қазақтың қаршадай қызы ол кезде небәрі 19 жаста болатын. Алматыда құрылыста жұмыс істеп жүрген ол кезекті еңбек демалысына шығып, ауылға барып келген еді. 16 желтоқсан күні сөз байласып жүрген жігіті, қазіргі отағасымен кинодан шығып, таксимен келе жатқанда радиодан Қонаевты қызметінен алып, орнына Г.Колбинді тағайындағанын естиді. Ести сала алаңға бармақ болады. Алайда жолдан сырқаттанып келген Анар 17 желтоқсан күні жұмысқа бармай, құрбысы Гүлшат екеуі емханаға барып, емделуге демалыс алған. Содан кейін екі қыз автобуспен орталық алаңға барады.
«Біз барғанда адам көп еді, әсіресе жастар. Сол көптің ішіне кірген бойда Гүлшат екеуіміз бір-бірімізді таппай қалдық. Топ болып ән айттық. Әлі есімде, көп адам жиналып тұрғанда толқын сияқты тербеліп, алға қарай шығып кетіппін. Бір уақытта бәрі тоқтап қалды. «Не болды?» деп қарағанда, бері қарай жүгіріп келе жатқан солдаттарды көрдік. Бәрі бұрылып қашып жатты. Ал мен не істерімді білмей, аңтарылып тұрып қалыппын. Артынан қашу керек екенін түсініп, енді бұрыла бергенімде шалынып құладым. Сол кезде екі жағымнан екі курсант көтеріп алды. «Өзім жүремін» деп біреуінің қолын қаққанымды білемін. Негізі, олар үшеу болыпты. Олар мені артқа қаратқан жоқ. Әйтеуір, жоғары қарай жүріп келе жатқанымды білемін», – деп еске алады Анар Рақымжанова.
Қаскелеңдегі полиция бөліміне апарды
Содан қыздарды Қаскелеңдегі полиция бөлімінің жертөлесіне апарып қамап, тергейді. Содан кейін алдынан, қырынан суретке түсіріп алған. Ұстап әкеліп жатқан адамдардың көптігі соншалық, жертөледе орын қалмайды. Бірақ қыздарды көп ұстамай, жібереді. Босатқан кезде қалтасында бір тиыны қалмаған, қолсөмкесі құрбысында кеткен Анар не істерін білмей тұрғанда, сұрақ-жауап алған кісі келіп, «Қарындасым, жолыңа ақшаң бар ма?» деп сұрайды. «Жоқ» деген жауапты естіген соң, қолына бір сом ұстатады. «Қазақ жігіті деп ойлаған едім. Өйткені бізбен қазақша сөйлесті. Бірақ сол жердегі қыздар оның ұйғыр екенін айтты» деп еске алады өзі.
Тергеуші берген қаражатқа бес қыз Алматыға жетіп алады. Жатақханаға жеткен соң артынша құрбысы Гүлшат та келеді. Анарды алып кеткен күні құрбысы да ұсталған болатын. Ол Фрунзе аудандық полиция бөліміне жеткізіледі. Орыстардың қолына түскен ол басынан қатты соққы алған.
«Қыздарды шашынан ұстап, қабырғаға соққан екен, құрбымның көзі ісіп кеткен, мүлдем ашылмайды. Үсті-басының бәрі көгерген. Басынан жарақат алып келді. Қазір де соның салдарынан басы ауырады. Денсаулығы жоқ.
Оны кейін жұмыстан шығарып жіберді. Сөз байласып жүрген жігіті Қадыр Төлеубаев та Желтоқсан оқиғасына қатысқан. Оларды Боралдай жаққа апарып, үстіндегі киімдерін, етігін шешіп алып, шұңқырға «төккен» екен. Сөйтіп, жалаңаяқ, көйлекшең күйі жаяулатып тұратын жеріне әрең жеткен. Сырт киімінің төсқалтасында құжаттары кетіп қалыпты. Содан ол да, құрбым да біраз уақыт жұмысқа орналаса алмады. Кейін екеуі үйленді», – дейді Анар Рақымжанова.
Кейіпкеріміздің ағасы Ерлан да сол күні милицияның қолына түскен екен. Олардан әзер құтылған соң дереу қарындасын іздеп келеді. Сөйтіп, бауырлар желтоқсанның қаһарлы күнінде қуана табысады.
«Балаңа дұрыс тәрбие бермедің» деп әкеме сөгіс жариялады...»
Анар Рақымжанованың әкесі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Төлеген Рақымжанов ол кезде мектеп директоры болатын. «Балаңа дұрыс тәрбие бермедің» деп әкесіне сөгіс жариялап, өзін 5 жылға дейін оқуға түсу құқығынан айырады.
«Құрылыста жұмыс істейтінмін. Жұмыстан шығарған жоқ. Себебі жұмыста жақсы жағымнан көрінген соң бастығым, украин әйелі Анна Кунина деген кісі мені қорғап, алып қалды. Бірақ маған бес жыл оқуға тапсыра алмайтын қаулы шығарды. Кейін билетімді алып қойып, комсомолдан шығарды, ақшамызды кесті. «Жоғары разряд берілмесін» деп бұйрық берген», – дейді.
Анар Рақымжанова Еңбек ауылындағы 8 жылдық мектепте, кейін нағашыларының ауылындағы мектепте білім алған. Содан кейін бір жыл Семей қаласында жұмыс істеп, 1985 жылы Алматыға ауысады. Сол жақта құрылыс басқармаларының бірінде жұмыс істейді. Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтына тапсырайын дегенде құжаттарын жоғалтып алады. Бұл 1986 жыл болатын. Осы жылы қыста «Желтоқсан оқиғасына» қатысқаны үшін жазаланып, өзі айтқандай, бес жылға дейін жоғары оқу орнына түсу құқығынан айырылды. Осылайша, мұғалім болуды армандаған қыз өмірінде түрлі жағдайлар болып, сол күйі оқуға түсе алмай қалады. Десе де, алаңға барғанына еш өкінген емес.
«Маған елімнің, жерімнің тыныштығы керек. Халқыма бейбіт өмір тілеймін. Балаларым бақытты болса деймін. Байлыққа, атаққа көп қызықпайтын адаммын. Өткен өмір қайта айналып келмейді. Сондықтан өткенге өкінбеймін.
Желтоқсан біраз дүниені өзгертті. Ол кезде қателеспесем, екі-ақ қазақ мектебі болды. Балабақша да аз еді. Осы оқиғадан кейін жағдай ақырындап қалпына келіп, қазақ мектептері көбейе бастады. Желтоқсанның ызғарлы күнінде қаншама жас азаттық жолында жанын қиды. Тірі қалғандарының көбінің бүгінде денсаулығы жоқ. Жағдайы мәз емес. Қаншама адам мүгедек болып қалды. Бойында бұрынғы үрей әлі күнге дейін қалып қойған адамдар бар. Олар әлі де қорқып, соны айта алмай жүр. Кейбірі баспанасыз. Сондықтан Үкімет жеңілдік жасап, оларға көмек көрсетсе екен. Сонымен қатар «Желтоқсан көтерілісі» деген статус берілсе деймін», – дейді кейіпкеріміз.