Әйгілі фотодағы желтоқсаншы қайда?

Әйгілі фотодағы желтоқсаншы қайда?

Әйгілі фотодағы желтоқсаншы қайда?
ашық дереккөзі
1986 жылғы Желтоқсан оқиға-сы – тарихта қалған, тәуел­сіздіктің бастауы болған елеулі оқиға. 16-19 желтоқсанда қазақтың жігерлі жас­тары елінің азаттығы мен бостандығы үшін алаңға шықты. Олардың жанына бат­қан қақаған қыстың ызғары емес, әкім­шіл-әміршіл жүйенің қыспағы бо­латын. Намысты жастардың ішінде Анар Рақымжанова да болды. Оны үш милиция қызметкері алаңнан алып бара жатқан сәтте түсірілген сурет бүгінде көпке та­ныс. «Алаңға құрбыммен бардым...» Қазақтың қаршадай қызы ол кезде небәрі 19 жас­та болатын. Алматыда құрылыста жұмыс іс­теп жүрген ол кезекті еңбек демалысына шы­ғып, ауыл­ға барып келген еді. 16 желтоқсан кү­ні сөз байласып жүрген жігіті, қазіргі ота­ға­сы­мен ки­нодан шығып, таксимен келе жатқанда ра­дио­дан Қонаевты қызметінен алып, орнына Г.Кол­бинді тағайындағанын естиді.  Ести сала алаң­ға бар­мақ болады. Алайда жолдан сырқат­танып кел­ген Анар 17 желтоқсан күні жұмысқа бар­май, құр­бысы Гүлшат екеуі емханаға барып, ем­делуге де­малыс алған. Содан кейін екі қыз ав­тобуспен ор­талық алаңға барады.
«Біз барғанда адам көп еді, әсіресе жастар. Сол көптің ішіне кірген бойда Гүлшат екеуіміз бір-бірімізді таппай қалдық. Топ болып ән айт­тық. Әлі есімде, көп адам жиналып тұрғанда тол­қын сияқты тербеліп, алға қарай шығып ке­тіп­пін. Бір уақытта бәрі тоқтап қалды. «Не бол­ды?» деп қарағанда, бері қарай жүгіріп келе жат­қан солдаттарды көрдік. Бәрі бұрылып қа­шып жатты. Ал мен не істерімді білмей, аңтары­лып тұрып қалыппын. Артынан қашу керек еке­нін түсініп, енді бұрыла бергенімде шалынып құ­ладым. Сол кезде екі жағымнан екі курсант кө­теріп алды. «Өзім жүремін» деп біреуінің қо­лын қаққанымды білемін. Негізі, олар үшеу бо­лыпты. Олар мені артқа қаратқан жоқ. Әйтеуір, жоғары қарай жүріп келе жатқанымды білемін», – деп еске алады Анар Рақымжанова.
 width=Жастарды алаңнан қуу үшін әскерилер олар­ды соққыға жығып, жазалағаны, аяусыз жан­шы­лып, күшпен басылғаны тарихтан белгілі. Кей­бірін оқудан, жұмыстан шығарып, қудалап, қыл­мыстық жауапкершілікке тартқан. Арада қан­ша уақыт өтсе де, сол ызғарлы сәт кейіп­кері­міздің көз алдында.
«Көлікке кірсем, тек қыздар екен. Негізі, бізді ұста­ған қазақтар болды. Іші адамға толған кезде бір үлкен кісі кіріп, сөйлегені есімде. «Өңкей қа­зақтың қыздары отыр. Ал сендер қазақтың жігіт­тері екенсіңдер. Қыздарды босатыңдар» деді. Кім екені есімде жоқ. Құрметті, белгілі кісі болды ма екен деп ойлаймын. Сосын ол кісіні авто­бус­тан түсіріп жіберді. Сонда «Қыздарға қолдарыңды тигізбеңдер. Босатыңдар» деп тағы айқайлады. Бірақ өкінішке қарай, ол кісінің айтқаны орын­далған жоқ», – дейді кейіпкеріміз.
 width=Қаскелеңдегі полиция бөліміне апарды Содан қыздарды Қаскелеңдегі полиция бөлімінің жертөлесіне апарып қамап, тергейді. Содан кейін алдынан, қырынан суретке түсіріп алған. Ұстап әкеліп жатқан адамдардың көптігі соншалық, жер­төледе орын қалмайды. Бірақ қыздарды көп ұстамай, жібереді. Босатқан кезде қалтасында бір тиыны қалмаған, қолсөмкесі құрбысында кеткен Анар не істерін білмей тұр­ғанда, сұрақ-жауап алған кісі келіп, «Қарындасым, жолыңа ақшаң бар ма?» деп сұрайды. «Жоқ» деген жауапты естіген соң, қо­лына бір сом ұстатады. «Қазақ жігіті деп ойла­ған едім. Өйткені бізбен қазақша сөйлесті. Бірақ сол жердегі қыздар оның ұйғыр екенін айтты» деп еске алады өзі. Тергеуші берген қаражатқа бес қыз Алматыға жетіп алады. Жатақханаға жеткен соң артынша құр­бысы Гүлшат та келеді. Анарды алып кеткен күні құрбысы да ұсталған болатын. Ол Фрунзе ау­­дандық полиция бөліміне жеткізіледі. Орыс­тардың қолына түскен ол басынан қатты соққы алған.
«Қыздарды шашынан ұстап, қабырғаға соқ­қан екен, құрбымның көзі ісіп кеткен, мүл­дем ашылмайды. Үсті-басының бәрі көгерген. Ба­сы­нан жарақат алып келді. Қазір де соның сал­дарынан басы ауырады. Денсаулығы жоқ. Оны кейін жұмыстан шығарып жіберді. Сөз бай­ласып жүрген жігіті Қадыр Төлеубаев та Жел­тоқ­сан оқиғасына қатысқан. Оларды Боралдай жақ­қа апарып, үстіндегі киімдерін, етігін шешіп алып, шұңқырға «төккен» екен. Сөйтіп, жалаңаяқ, көйлекшең күйі жаяулатып тұратын жеріне әрең жет­кен. Сырт киімінің төсқалтасында құжаттары кетіп қалыпты. Содан ол да, құрбым да біраз уа­қыт жұмысқа орналаса алмады. Кейін екеуі үй­ленді», – дейді Анар Рақымжанова.
Кейіпкеріміздің ағасы Ерлан да сол күні милицияның қолына түскен екен. Олардан әзер құтыл­ған соң дереу қарындасын іздеп келеді. Сөй­тіп, бауырлар желтоқсанның қаһарлы күнін­де қуана табысады. «Балаңа дұрыс тәрбие бермедің» деп әкеме сөгіс жариялады...» Анар Рақымжанованың әкесі, Қазақстан Жазу­шылар одағының мүшесі, ақын Төлеген Рақым­жанов ол кезде мектеп директоры бола­тын. «Балаңа дұрыс тәрбие бермедің» деп әкесіне сө­гіс жариялап, өзін 5 жылға дейін оқуға түсу құ­қығынан айырады.
«Құрылыста жұмыс істейтінмін. Жұмыстан шы­ғарған жоқ. Себебі жұмыста жақсы жағымнан кө­рінген соң бастығым, украин әйелі Анна Ку­ни­на деген кісі мені қорғап, алып қалды. Бірақ ма­­ған бес жыл оқуға тапсыра алмайтын қаулы шы­ғарды. Кейін билетімді алып қойып, ком­со­молдан шығарды, ақшамызды кесті. «Жоғары раз­ряд берілмесін» деп бұйрық берген», – дейді.
Анар Рақымжанова Еңбек ауылындағы 8 жыл­дық мектепте, кейін нағашыларының ауы­лындағы мектепте білім алған. Содан кейін бір жыл Семей қаласында жұмыс істеп, 1985 жылы Алматыға ауысады. Сол жақта құрылыс басқар­ма­ларының бірінде жұмыс істейді. Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтына тапсырайын дегенде құжаттарын жоғалтып алады. Бұл 1986 жыл болатын. Осы жылы қыста «Желтоқсан оқи­­­ғасына» қатысқаны үшін жазаланып, өзі айт­қандай, бес жылға дейін жоғары оқу орнына түсу құқығынан айырылды. Осылайша, мұғалім болуды армандаған қыз өмірінде түрлі жағ­дайлар болып, сол күйі оқуға түсе алмай қалады. Десе де, алаңға барғанына еш өкінген емес.
«Маған елімнің, жерімнің тыныштығы керек. Хал­қыма бейбіт өмір тілеймін. Балаларым ба­қыт­ты болса деймін. Байлыққа, атаққа көп қы­зық­пайтын адаммын. Өткен өмір қайта айналып кел­мейді. Сондықтан өткенге өкінбеймін. Желтоқсан біраз дүниені өзгертті. Ол кезде қа­телеспесем, екі-ақ қазақ мектебі болды. Бала­бақ­ша да аз еді. Осы оқиғадан кейін жағдай ақы­­­рындап қалпына келіп, қазақ мектептері кө­бейе бастады. Желтоқсанның ызғарлы күнінде қан­шама жас азаттық жолында жанын қиды. Тірі қалғандарының көбінің бүгінде денсаулығы жоқ. Жағ­дайы мәз емес. Қаншама адам мүгедек болып қалды. Бойында бұрынғы үрей әлі күнге дейін қа­лып қойған адамдар бар. Олар әлі де қорқып, со­ны айта алмай жүр. Кейбірі баспанасыз. Сон­дықтан Үкімет жеңілдік жасап, оларға көмек көр­сетсе екен. Сонымен қатар «Желтоқсан кө­тері­лісі» деген статус берілсе деймін», – дейді кейіп­керіміз.
 width=«Желтоқсан жақындағанда біртүрлі сезімді бастан кешемін...» Анар Рақымжанова бүгінде Алматы қала­сын­да тұрады. Жолдасы екеуі бір ұл, бір қыз тәр­бие­леп өсіріп, немере сүйіп отыр. Жолдасы да Жел­­­тоқ­сан оқиғасына қатысқан. Оны кезінде 33-баппен жұмыстан шығарған екен.
«Желтоқсан айы жақындағанда жолдасым «Анар, сен желтоқсанды жарата қоймайсың ғой, иә» деп айтады. Жүрегімді ауыртатыны рас. Қан­ша уақыт өтсе де, сол талай жасты тоңдырған ке­зең еске түсіп, жанға батады. Өйткені онда ме­нің жастығым жатыр. Жүрегімде қалып қой­ған сол бір оқиғаны ұмыту мүмкін емес. Сон­дық­тан желтоқсан айы жақындағанда тілмен айтып жет­кізе алмайтын біртүрлі сезімді бастан кеше­мін», – дейді кейіпкеріміз.
Анар Рақымжанова мұрағаттан сол кездегі құ­жаттарын тауып, былтыр ғана ақталғанын жет­кізді. Құрбысы Гүлшат Төпенованы көп жыл­дардан кейін іздеп тауып, сөйлескенін айтады. Желтоқсанның ызғарлы күні Брежнев атындағы алаңда түсірілген көпке таныс сурет туралы кейі­нірек білген екен. «Видеоны көрген кезде өзім­нің кетіп бара жатқанымды алғашында бай­қамаппын», – дейді ол. Суреттегі бейнені өзінен бұрын құрбысы Гүлшат таныған болатын. Теле­дидардан Желтоқсан оқиғасы туралы бей­не­жазбаны көрсеткенде Анарды көрсетіп, «Міне, бұл – менің құрбым» деп, мақтанышпен айтып жүре­ді екен.

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ