Айдос БҮРКІТБАЕВ, мүсінші: Ахмет атамыздың мүсінін жасарда тарихын көп зерттедік
Айдос БҮРКІТБАЕВ, мүсінші: Ахмет атамыздың мүсінін жасарда тарихын көп зерттедік
Биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы атап өтілді. Осыған орай Алматы қаласында Алаш қозғалысы рухани көсемінің ескерткішін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы өзі ашып, мүсін авторлары Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметовтің жұмысына оң бағасын берген болатын. Ағартушының қоладан жасалған алып мүсіні халықтың да көңілінен шықты. Бұған дейін елімізге белгілі көптеген тұлғалардың мүсінін жасаған шебер Айдос Бүркітбаев газетімізге сұхбат беріп, мүсін өнерінің қыр-сырын бөліскен еді.
– Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін көрген жұрт «айнытпай жасапты» деп, пікір білдіріп жатыр. Бұл туынды қалай өмірге келді?
– Алматыда Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішіне қатысты конкурс жарияланды. Оған еліміздің әр өңірінен 10-15 мүсінші қатыстық. Соның ішінде Тимур екеуіміз жасаған мүсінмен қоса, тағы бір-екі жұмыс мемлекеттік комиссияның қарауынан өтіп, нәтижесінде біздің жұмыс таңдалды. Жалпы, елімізде белгілі тұлғаның ескерткіші орнатылатын кезде әкімдік конкурс жариялайды. Мұның алдында жасаған мүсіндеріміз де осындай конкурс арқылы өткен.
Ескерткішті жасамас бұрын еліміздегі ұлт ұстазына арналған жұмыстарды қарап шықтық, отырған мүсіндері бар екен. Сөйтіп, ойлана келе қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салған ғалымның тұрған бейнесін жасайық деген шешімге келдік. Ескерткішті қарасаңыз, ағартушының сол қолында кітабы бар. Білім жолында жүріп, жастарға мол мұра қалдырған интеллигент адам болған соң, болмысын, мінезін осылай көрсетуге тырыстық.
Мүсінді екі айдан астам уақыттың ішінде толығымен бітірдік. Материалы қоладан, астындағы тасы граниттен жасалған. Жұмысымыз халықтың, Президенттің көңілінен шыққанына қуандық.
– Жақында Тараз қаласына қойылған жазушы Шерхан Мұртазаның ескерткішін де сіздер жасаған екенсіздер. Одан бөлек, мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов, композитор Шәмші Қалдаяқов ескерткішінің авторысыз. Тұлғалардың бейнесін сомдау оңай емес әрі үлкен жауапкершілік. Осы орайда тұлғалардың өмір жолын біраз зерттеген боларсыздар.
– Әрине. Бұған дейін Алматыда ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішті жасадық. Астана қаласына қойылған Әбу Насыр әл-Фараби, Алматыда жаңа өзіңіз айтып өткен Нұртас Оңдасынов, Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіштері, одан кейін Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атамыздың ескерткіші де біздің туынды. Тұлғаларға арналған мүсіннің сәтті шығуы оның сыртқы келбеті ғана емес, ішкі жан дүниесіне үңіліп, мінезін көрсете білуге де тікелей байланысты.
Мүсінді жасайтын кезде «Ол кісі кім?», «Қандай мамандық иесі болған?», «Қандай жолмен жүрген?», «Түрі, мінезі қандай болған?», «Бойы қандай?», «Қандай киім киген?» деген сұрақтарға жауап іздейміз. Өмірімен танысамыз, оқып, зерттейміз. Сонымен қатар ішкі жан дүниесіне үңілеміз.
Жұмысымызды көруге комиссия мүшелерінен 50 шақты адам келді. Арасында қазақ зиялылары, кезінде Шерхан атамызбен араласқан, бірге жүрген достары, әріптестері, замандастары бар. Жазушыны жақсы танитын жандарға жұмысымыздың ұнағаны бізге де қуаныш сыйлады. Одан кейін Астанада мемлекеттік комиссиядан өтті. Жалпы, кімнің мүсінін жасасақ та, өмірбаяны, еңбек жолы туралы мәліметтерді оқып, суреттерін, бейнематериалдарын қараймыз. Сосын образын шығарамыз.
– Мүсінін жасайтын тұлғаның өмір жолын оқып отырып, өзіңізге ерекше әсер еткен оқиға болды ма?
– Иә, әр тұлғаның өмір жолы өз алдына бір тарих сияқты. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлының тікелей ұрпағы болмағаны, «халық жауы» атанып, қасірет шеккені, артына мол мұра қалдырғаны, өзі емес, кейінгі ұрпақ үшін өмір сүрген жанкештілігі адамды бейжай қалдырмайды. Біз мүсінін жасаған тұлғалар тектілігімен, білімімен, кейінгіге қалдырған өнегесімен ел есінде қалды.
– Қалай ойлайсыз, елімізде мүсіншілердің еңбегі лайықты бағалана ма?
– Иә, мүсіншілердің еңбегіне сай еңбекақы төленеді. Авторлық сыйақысы да бар. Сонымен қатар мүсінші ескерткішті тиісті орнына өзі қоя алады немесе авторлықты белгілі бір компанияға беріп не болмаса сатуына болады.