Жаңалықтар

Арадан он сегіз түрлі бал алатын омарташы

ашық дереккөзі

Арадан он сегіз түрлі бал алатын омарташы

Темірлан Ахмеджанов – он алты жасында жеке кәсібін ашқан омарташы. Кішкентайынан ара өсіретін ағасына көмектесіп, еңбекке ерте араласқан ол бал ара шаруашылығының қыр-сырын бір кісідей меңгерген. Сөйтіп, алты жыл бойы тәжірибе жинаған соң «Темірлан омартасы» шаруашылығының иесі атанды. Бүгінде жас кәсіпкер он сегіз түрлі бал шығарып, өзі туып-өскен Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданына ғана емес, еліміздің әр өңіріне табиғи бал мен ара шаруашылығы өнімдерін жеткізіп отыр. «Он жасымнан бастап ара шаруашылығымен айналыса бастадым. Ағам ара ұстайтын. Балаларды шаруашылығына көмекке шақырғанда бәрі «ара шағады» деп, қорқып келмей қалады. Кейбіреуінің аллергиясы бар, енді бірі ыстыққа төзе алмайтынын айтады. Ал мен бауырым болғандықтан көмек беруден бас тарта алмадым. Әрине, достарым оқу жылын аяқ­тап, демалып жатқанда омартаға барғым келмеген кездер де болды. Өйт­кені 40 градус ыстықта арадан қорғану үшін қалың киініп алатынмын. Бірақ қа­лай киінсем де, аралар амалын тауып ша­ғып алады. Алайда ағама менен басқа кім көмектеседі? Осыны ойлап, ара шақса да, ыстық күнде жұмыс істеу оңай бол­ма­са да шыдауға тура келді. Сөйтіп, бал қо­­­­раптарын алып жүруді, балауыз рама­ла­рын жасап, бал шайқауды және басқа да жұмыстарды істеп үйрендім», – дейді Темірлан. Кәсібін үш омарта ұясынан бастаған Темірлан жыл сайын ара ұяларын кө­бейтіп, бүгінде олардың санын 500-ден асыр­ған. Оны ары қарай көбейту үшін ка­на­далық технологияны қолдану қажет еке­­нін айтады. Қазір шаруашылықтың жұ­мысын әкесіне де үйреткен. Ал жаздыгүні қасына жұмысшы алады. Аралар қыстыгүні қолайлы өмір сүруі үшін жағдайын жасау керек. Темірлан бұл мә­селені де естен шығарған емес. «Қыста ара ұяларын Қалбатауға апара­мыз. Қар еріп, көктем шыққанға дейін ұстай­мыз. Өйткені қанаты қатайып, біраз күш жинауы керек. Содан кейін түрлі бал сорт­тарын алу үшін Шы­­ғыс Қазақстан­ның әр өңірін ара­лап, жақсы егіс­тік іздейміз. Мы­­­са­лы, Бо­жұ­­­ғырда бал аралары күн­ба­ғыс, қа­ра­құмық, экс­пар­цет сияқ­­ты шөп­­­те­р­ден бал жи­­­най­ды. Ал Рид­­дер­­­ге рапс балын алу үшін бара­мыз. Негізі, жаз мез­гі­лін­де Божығұрдағы омартада жұ­мыс істеп, өзге өңірдегі ара ұяларына электр бағылағышын ор­натып қоямыз. Бұл – қорғаныс үшін жа­сал­ған дүние. Осы уақытқа дейін омартамызда келеңсіз жағдай болған емес. Жергілікті диқандар да бізге қолдау білдіріп, қуанбаса, қарсы бол­май­ды. Себебі бал аралары егіс алқаптарын то­заңдандырып, мол өнім алуға ықпал ете­ді», – дейді жас кәсіпкер. Сонымен қатар бал арасын өсіретін кәсіпкер қазір Ресейден омарта шаруашылығына қажетті заманауи құрал-жабдықтар алып жатқанын айтты. Осы арқылы уақытты үнемдеп, жұмыс күшін азайтуға болады. Енді ол араның мың ұясы қыстап шығатын үлкен қора салмақ. «Өнімдерімді шетелге шығарамын де­ген ой жоқ. Елімізді табиғи балмен то­лық қамтамасыз еткім келеді. Әр от­ба­сының дастарқанында отандық өнім тұр­­са деп армандаймын», – дейді ол.

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ