Тәуелсіздік туралы ой

Тәуелсіздік туралы ой

Тәуелсіздік туралы ой
ашық дереккөзі
Елдікке қатысты қай нәрсеге де сел­қос қарауға болмайды. Әсіресе, Тәуел­­­­­сіздікке! Себебі ұлтымыздың ұлы жа­зу­­­шысы, «Қазақ даласының әр тасы – қағ­­бам, әр бұтасы – сәждам» деп білген Әбіш Кекілбайұлы айтпақшы, «Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауап­кер­­ші­лік». Демек, бүгінгі тәуелсіз Қазақ­стан­­да өмір сүріп отырған қазақ елі аза­мат­тары өткенді де, болашақты да бір сәт есі­нен шығармауы керек. Тағдырдың аласапыран дауылы талай елдің астан-кестеңін шығарып, тарихын жойған, хал­қын жан-жаққа шашып, өткенін ұмыттырған. Ондай ке­сапатты шақтардан біздің ата-баба­лары­мыз да сырт қалмады. Еуразияны түгел бауырына ба­сып, күркіреген Ғұндар мен Батыс-Шығысты бір­дей дірілдеткен Түркі қағанатының да, одан бері­дегі Алтын Орда мемлекеті мен соның ізба­сары Қазақ хан­дығы да кезінде алыс-жақынға даң­қы кетіп дәуірлегенмен, күндердің күнінде ішкі алауыздық пен сыртқы зымияндықтың ке­сірінен күйреп тын­ғаны қазір бәрімізге белгілі. Бірақ «орнында бар­дың оңалмай қалмайтыны» белгілі. Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған қа­зақ халқы да 1947 жылы соңғы ха­нымыз жат қолынан қаза тапқан соң тура 70 жыл патшалық Ре­сей­дің қанды шеңгелінде өлместің кү­нін кешсе, 1917 жылы Ресей им­пе­риясын күйреткен қызыл өкімет те патшалықтың бұрынғы бодан­да­рын қолынан шығармады. Сөй­тіп, КСРО атты әлемнің алтыдан бі­рін уысында ұстаған мемлекеттің те­мір бұғауында тағы 75 жылға жуық ғұмыр кешті. Бірақ осы бір 144 жылдан аса уақыттың ішінде пат­шалық Ресейге де, кейінгі қызыл өкі­метке де қарсы қару көтерген қа­зақтар қанша қырғынға ұшыраса да азаттықтан бас тартқан жоқ. Бас­қасын былай қойғанда, 1929-1931 жылдарда Кеңес өкіметіне қар­сы 372 рет көтерілген халықтың ер­лігі – әлемдік тарихта сен­са­ция­лық құбылыс. Сондықтан ха­лық­тың түпсанасында «түбінде тәуелсіз елге айналу қажет, сол үшін кү­рес­тің барлық түрінен бас тартпау ке­рек» деген ойдың шоғы маздап жат­ты. Міне, сол үзілмеген, өлмеген ар­ман 1986 жылы қазақ жастарын алаң­ға алып шықты. Ал бұл шаңы­ра­ғы шайқалғанымен іргесі әлі бе­рік Кеңес өкіметі үшін түске де кір­мейтіндей қорқыныш еді. Алай­да тым құрығанда қазақты қазақ басқарсын деген, соншалық сорақы деуге келмейтін зиянсыз талаптың тым өрістеп кетуінен (анығы ұлт­тық сана-сезімнің оянуынан) зәре­сі ұшқан Кеңес өкіметі қазақ жас­тарын аяусыз жазалады. Оқудан, жұмыстан қуды, соттады, өлім жа­засына кесті. Бірақ жаңа дәуірдің тынысын ашып, азаттыққа деген құл­шынысын оятқан қазақтың кө­көрім жастарының жанкештілігі зая кетпеді, қызыл империяның бар­лық жерінде Желтоқсан оқиға­сынан кейін бас көтеріп, орталық­тағы өкіметке өз талаптарын қоя бас­тады. Сөйтіп, әлемнің алтыдан бөлігін бауырына басып отырған алып мемлекеттің берекесі кетіп, жайымен ыдырай бастады. 1990 жылы 25 қазанда XII ша­қырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сінің қаулысымен тарихи құ­жат – «Қазақ Кеңестік Социалистік Рес­публикасының мемлекеттік еге­мендігі туралы» Декларация қа­был­данды. Бұл тарихи құжат Қа­зақ­станның нағыз тәуелсіздігіне апаратын құқықтық бастама еді. Ұза­май, яғни 1991 жылдың 16 жел­тоқсанында Қазақстан Республи­ка­сының Мемлекеттік тәуелсіздігі ту­ралы Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Конституциялық заңы қа­был­данды. Сөйтіп, қазақ халқы бұдан 144 жыл бұрын айырылып қалған тәуелсіздігіне қайта қол жеткізді. Бұл біздің жадымыздан мәңгілікке шықпайтын ақиқат болуы тиіс! «Азаттыққа жету қандай қиын болса, азаттыққа үйрену де сондай қиын» дейді Ә.Кекілбайұлы. Шын сөз екен. Қазақстан Республикасы азат­тыққа қолы жеткен соң бас­қа­ны былай қойғанда, жан дүниесі орыс­танып кеткен өз қазағы­мыз­дың көңілінде «енді еркін елге ай­нал­дық» деген мақтаныштан гөрі, «ел бола қояр ма екенбіз?» деген кү­дік­тің басым болғанын несіне жа­сырайық. Ойы орнығып, пікірі қа­лыптасып үлгермеген жас ұрпақ емес, дүние сырына қанық деген үлкендеріміздің өткенді аңсап, өз­дері саналы ғұмырын арнаған ком­мунистік режимді қимай әжептәуір абдырады. Сартаптанып қалған сананы өзгерту, әрине, оңай емес, бірақ тарихтың дөңгелегі кері айнала ма? Бір формациядан екіншісіне өту қашанда қиын, сондықтан өт­пе­лі кезеңнің кісінің абыржытар не­бір қиындықтарымен бетпе-бет кел­генде жүрегі шайлығып, бір жа­рым ғасырда әрең қол жеткен азат­тықтың екпінінен талайлар тай­сақ­тап, бұрынғы «қой үстіне боз­тор­ғай жұмыртқалаған жай­машуақ» өмірді аңсап аһ ұрған­дар­дың көкірек жарған күрсінісі күні ке­шеге дейін құлаққа жетіп жата­тын. Алайда уақыт бізді күтіп тұр­май­ды, әр дәуір өз заңына бағын­ды­рып, өз қағидасын ұсынады. Ен­дігі бағыт нарықтық эконо­ми­ка еді. Әр нәрсенің жақсы да, жаман да жағы болады. Бұрын қанша та­мақ тоқ, көйлек көк болғанымен адам­ның басында ерік бар ма еді? Ше­берсің бе, олақсың ба, талант­ты­сың ба, қабілетсізсің бе; бейнет­қор­сың ба, жатыпішерсің бе бә­рі­не теңдей жұмыс беріп, теңдей ақы төлейтін кеңестік теңгерме­ші­лік­тің арқасында жан қинамай жан бағушылар үшін нарықтық эко­номиканы қайтіп ұнатсын?! Оның үстіне, жаңа отау тігіп жат­қан жас үкіметтің қалтасында мол қаржы қайдан болсын?! Міне, осын­дай алабұртқан көңілдің ке­сірінен «қимылдаған қыр асадыны» ес­кермей, «өлмегенге өлі балық та­былар» деп күні өткеніне мәз бо­латындарға өзің үшін табыс табу оңай­ға түспеді. «Сен қойыңды ба­ғып, бидайыңды егіп жүре бер, бас­­қасында шаруаң болмасын» дей­тін кеңестік өкімет бір қар­а­ған­да аса қамқор болып көрінгенімен қаз­ақ ұлт ретінде қай шаруасын өзі шешіп еді? Рухани дүниесін әбден то­наған, ұлтты ұлт қылған талай тұл­ға туралы бір ауыз сөз айт­қыз­бай қойған кеңестік саясаттың ми­ды өрмекшідей торлаған зы­миян тірлігі «надан, сауатсыз қазақ хал­қы октябрь революциясынан бұ­рын ен далада малын бағып жүре бер­ген, ғылым-біліммен ісі бол­ма­ған, тек олардың көзін ұлы орыс хал­қы ашты» дегізіп қойған жоқ па еді күні кеше ғана? Соған имандай се­ніп, өзімізді кемсітетін сөздің бә­рін ақиқат деп ұғып келдік емес пе? «Қарнының ашқанына емес, қа­дірінің қашқанына» жылайтын қа­зақ аз күнгі қиындыққа шыда­май, қаншама қазақтың қанымен кел­ген келген тәуелсіздікті аялап, ала­қанға салып ұстамас па? Әрине, көпке топырақ шашу дұ­рыс емес, бірақ әрең жеткен азат­ты­ғымыздың қадіріне ол кезде ға­на емес, күні бүгінге дейін жете қой­­мағанымыз аз емес. «Көш­пенді тұрмыс құлақкесті құл­дық­ты, діни фанатизмді, әлеуметтік көн­терілікті, билікке бас ұрушы­лық­ты мойындаған емес. «Бас кес­пек бол­са да, тіл кеспек жоқ. Өзіңе иіл­генге иіл: ол – әкеңнің құлы емес, өзіңе шүйілгенге шүйіл: ол – Құ­дайдың құлы емес» дейтін қағи­да­ны әліге дейін ұмытпай келген тең­дікшіл, бостандықшыл халық­тың жігерін тоталитаризм біржола­та жер жастандырып кете алмады. Ке­шегі кенеуі кетіп тұрған қызыл то­тали­таризмге алдымен қол кө­терген қауымбыз» (Ә.Кекілбайұлы) деп асқақтаудың орнына, неге өткенге қарайлағышпыз? Әрине, мұн­дай жалтақтыққа, өзіне сенбей өз­геге үміт артуға дайын тұру­шы­лыққа бір күнде жете қоймаған шы­ғар­мыз, бірақ сондай кесапатты ке­селден айығуға ұмтылмаған ел­дің ісі оңынан жүре бермесін де ес­тен шығармау керек. Орынды-орынсыз айта-айта өзі­міз қадірін кетіріңкіреп алған шын­дықты тағы бір қайталасақ, «елім маған не береді?» дегеннен гөрі «мен еліме не бердім?» дегенді бір сәт ой­лап көрсек, «Тәуелсіздік біз­дің ті­легімізді емес, біз оның ті­ле­гін ті­леуіміз қажет» (Ә.Кекіл­бай­ұлы) еке­­ніне көз жеткізу қиын болмас еді. Сондықтан Әбішке жү­гін­сек, «Өт­­пелі кезеңдегі өкімет­тің отан­шыл, әлеуметшіл, әділ де таза бол­ма­ғы – тарихи міндет. Өтпелі ке­зең­­дегі әлеуметтің ауызы бір, әре­кет­тері ықпалдас, ынтымақшыл бол­­мағы – тарихи парыз» екенін сезі­­нер едік. Осы арада айта кететін бір нәр­се бар. Қазір саясатты сынағыштар «біз­ге тәуелсіздік қантөгіссіз келді, оны бізге әлдекімдер сыйлап кетті» деуге бейім. Әрине, 1991 жылы тәуел­­сіз елге айналғанда бізге еш­кім «сендерге тәуелсіздік бердік, сол үшін бізге қарыздарсыңдар» де­­­­меген шығар, әлде атыс-ша­быс­сыз алған тәуелсіздік тәуел­сіз­дікке жатпай ма? Шын мәнінде, солай ма екен? Сонда халықты ізіне ерткен Сырым Датұлы, Исатай-Махамбет, Кенесары хан, Жанқожа мен Есет батырлардың қаны не үшін төгілді? Кеңестік кезеңнің үш жылында жүз берген 372 көтеріліс еріккеннің ермегі ме? Тіпті, 1986 жылғы Жел­тоқсан көтерілісінде елдік, теңдік талап еткен қазақ жастарының көрген азап-ақыреті ше? Оның бәрі азаттық жолындағы құрбандық емес пе? Демек, біз ресми түрде тәуел­сіздік алғанша оның ақысын қан­мен, қазақтың қанымен өтеген­біз! Ендеше саналы қазақ баласы үшін «аспаннан түскен тәуелсіздік» тура­лы ертегі айту ұят! Бүгінгі жас­тар ертеңгі болашағымыз, ал со­лар­дың құлағына әлгіндей ақиқатқа жат сөздерді құя берсек, тәуелсіздік­тің келешекте қандай қадір-қасиеті қалмақ?! Қазақстан тәуелсіз ел деген сөз қа­лайда біздің тағдырымыз өз қо­лы­мызда деген деген сөз. Оны тек атау­лы күндерде еске түсіріп қана қой­май, әр күні жадымызда жаң­ғыр­тып мағынасына терең бойлау па­рыз. Ендеше сөзіміздің соңында біз­дің шағын ой-толғауымызға айт­қан сөздері құбыланама болып отыр­ған Әбіш Кекілбайұлының бір-екі ауыз сөзін келтіріп, айтары­мызды түйіндесек: «Тәуелсіздігімізді сырттың ала­көз­дігінен, іштің алауыздығынан аман сақтап қалу – біздің тарих ал­дын­дағы ең басты парызымыз. Тәубемізден жаңылмасақ, тәуе­келімізден тайынбасақ, тәуел­сіз­ді­гіміздің тасы өрге домалайды».

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ