Тәуелсіздік туралы ой
Тәуелсіздік туралы ой
Елдікке қатысты қай нәрсеге де селқос қарауға болмайды. Әсіресе, Тәуелсіздікке! Себебі ұлтымыздың ұлы жазушысы, «Қазақ даласының әр тасы – қағбам, әр бұтасы – сәждам» деп білген Әбіш Кекілбайұлы айтпақшы, «Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік». Демек, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп отырған қазақ елі азаматтары өткенді де, болашақты да бір сәт есінен шығармауы керек.
Тағдырдың аласапыран дауылы талай елдің астан-кестеңін шығарып, тарихын жойған, халқын жан-жаққа шашып, өткенін ұмыттырған. Ондай кесапатты шақтардан біздің ата-бабаларымыз да сырт қалмады. Еуразияны түгел бауырына басып, күркіреген Ғұндар мен Батыс-Шығысты бірдей дірілдеткен Түркі қағанатының да, одан берідегі Алтын Орда мемлекеті мен соның ізбасары Қазақ хандығы да кезінде алыс-жақынға даңқы кетіп дәуірлегенмен, күндердің күнінде ішкі алауыздық пен сыртқы зымияндықтың кесірінен күйреп тынғаны қазір бәрімізге белгілі. Бірақ «орнында бардың оңалмай қалмайтыны» белгілі.
Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған қазақ халқы да 1947 жылы соңғы ханымыз жат қолынан қаза тапқан соң тура 70 жыл патшалық Ресейдің қанды шеңгелінде өлместің күнін кешсе, 1917 жылы Ресей империясын күйреткен қызыл өкімет те патшалықтың бұрынғы бодандарын қолынан шығармады. Сөйтіп, КСРО атты әлемнің алтыдан бірін уысында ұстаған мемлекеттің темір бұғауында тағы 75 жылға жуық ғұмыр кешті. Бірақ осы бір 144 жылдан аса уақыттың ішінде патшалық Ресейге де, кейінгі қызыл өкіметке де қарсы қару көтерген қазақтар қанша қырғынға ұшыраса да азаттықтан бас тартқан жоқ. Басқасын былай қойғанда, 1929-1931 жылдарда Кеңес өкіметіне қарсы 372 рет көтерілген халықтың ерлігі – әлемдік тарихта сенсациялық құбылыс. Сондықтан халықтың түпсанасында «түбінде тәуелсіз елге айналу қажет, сол үшін күрестің барлық түрінен бас тартпау керек» деген ойдың шоғы маздап жатты. Міне, сол үзілмеген, өлмеген арман 1986 жылы қазақ жастарын алаңға алып шықты. Ал бұл шаңырағы шайқалғанымен іргесі әлі берік Кеңес өкіметі үшін түске де кірмейтіндей қорқыныш еді. Алайда тым құрығанда қазақты қазақ басқарсын деген, соншалық сорақы деуге келмейтін зиянсыз талаптың тым өрістеп кетуінен (анығы ұлттық сана-сезімнің оянуынан) зәресі ұшқан Кеңес өкіметі қазақ жастарын аяусыз жазалады. Оқудан, жұмыстан қуды, соттады, өлім жазасына кесті. Бірақ жаңа дәуірдің тынысын ашып, азаттыққа деген құлшынысын оятқан қазақтың көкөрім жастарының жанкештілігі зая кетпеді, қызыл империяның барлық жерінде Желтоқсан оқиғасынан кейін бас көтеріп, орталықтағы өкіметке өз талаптарын қоя бастады. Сөйтіп, әлемнің алтыдан бөлігін бауырына басып отырған алып мемлекеттің берекесі кетіп, жайымен ыдырай бастады.
1990 жылы 25 қазанда XII шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен тарихи құжат – «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданды. Бұл тарихи құжат Қазақстанның нағыз тәуелсіздігіне апаратын құқықтық бастама еді. Ұзамай, яғни 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы қабылданды. Сөйтіп, қазақ халқы бұдан 144 жыл бұрын айырылып қалған тәуелсіздігіне қайта қол жеткізді. Бұл біздің жадымыздан мәңгілікке шықпайтын ақиқат болуы тиіс!
«Азаттыққа жету қандай қиын болса, азаттыққа үйрену де сондай қиын» дейді Ә.Кекілбайұлы. Шын сөз екен. Қазақстан Республикасы азаттыққа қолы жеткен соң басқаны былай қойғанда, жан дүниесі орыстанып кеткен өз қазағымыздың көңілінде «енді еркін елге айналдық» деген мақтаныштан гөрі, «ел бола қояр ма екенбіз?» деген күдіктің басым болғанын несіне жасырайық. Ойы орнығып, пікірі қалыптасып үлгермеген жас ұрпақ емес, дүние сырына қанық деген үлкендеріміздің өткенді аңсап, өздері саналы ғұмырын арнаған коммунистік режимді қимай әжептәуір абдырады. Сартаптанып қалған сананы өзгерту, әрине, оңай емес, бірақ тарихтың дөңгелегі кері айнала ма?
Бір формациядан екіншісіне өту қашанда қиын, сондықтан өтпелі кезеңнің кісінің абыржытар небір қиындықтарымен бетпе-бет келгенде жүрегі шайлығып, бір жарым ғасырда әрең қол жеткен азаттықтың екпінінен талайлар тайсақтап, бұрынғы «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жаймашуақ» өмірді аңсап аһ ұрғандардың көкірек жарған күрсінісі күні кешеге дейін құлаққа жетіп жататын. Алайда уақыт бізді күтіп тұрмайды, әр дәуір өз заңына бағындырып, өз қағидасын ұсынады. Ендігі бағыт нарықтық экономика еді.
Әр нәрсенің жақсы да, жаман да жағы болады. Бұрын қанша тамақ тоқ, көйлек көк болғанымен адамның басында ерік бар ма еді? Шеберсің бе, олақсың ба, таланттысың ба, қабілетсізсің бе; бейнетқорсың ба, жатыпішерсің бе бәріне теңдей жұмыс беріп, теңдей ақы төлейтін кеңестік теңгермешіліктің арқасында жан қинамай жан бағушылар үшін нарықтық экономиканы қайтіп ұнатсын?! Оның үстіне, жаңа отау тігіп жатқан жас үкіметтің қалтасында мол қаржы қайдан болсын?! Міне, осындай алабұртқан көңілдің кесірінен «қимылдаған қыр асадыны» ескермей, «өлмегенге өлі балық табылар» деп күні өткеніне мәз болатындарға өзің үшін табыс табу оңайға түспеді. «Сен қойыңды бағып, бидайыңды егіп жүре бер, басқасында шаруаң болмасын» дейтін кеңестік өкімет бір қарағанда аса қамқор болып көрінгенімен қазақ ұлт ретінде қай шаруасын өзі шешіп еді? Рухани дүниесін әбден тонаған, ұлтты ұлт қылған талай тұлға туралы бір ауыз сөз айтқызбай қойған кеңестік саясаттың миды өрмекшідей торлаған зымиян тірлігі «надан, сауатсыз қазақ халқы октябрь революциясынан бұрын ен далада малын бағып жүре берген, ғылым-біліммен ісі болмаған, тек олардың көзін ұлы орыс халқы ашты» дегізіп қойған жоқ па еді күні кеше ғана? Соған имандай сеніп, өзімізді кемсітетін сөздің бәрін ақиқат деп ұғып келдік емес пе? «Қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына» жылайтын қазақ аз күнгі қиындыққа шыдамай, қаншама қазақтың қанымен келген келген тәуелсіздікті аялап, алақанға салып ұстамас па?
Әрине, көпке топырақ шашу дұрыс емес, бірақ әрең жеткен азаттығымыздың қадіріне ол кезде ғана емес, күні бүгінге дейін жете қоймағанымыз аз емес. «Көшпенді тұрмыс құлақкесті құлдықты, діни фанатизмді, әлеуметтік көнтерілікті, билікке бас ұрушылықты мойындаған емес. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Өзіңе иілгенге иіл: ол – әкеңнің құлы емес, өзіңе шүйілгенге шүйіл: ол – Құдайдың құлы емес» дейтін қағиданы әліге дейін ұмытпай келген теңдікшіл, бостандықшыл халықтың жігерін тоталитаризм біржолата жер жастандырып кете алмады. Кешегі кенеуі кетіп тұрған қызыл тоталитаризмге алдымен қол көтерген қауымбыз» (Ә.Кекілбайұлы) деп асқақтаудың орнына, неге өткенге қарайлағышпыз? Әрине, мұндай жалтақтыққа, өзіне сенбей өзгеге үміт артуға дайын тұрушылыққа бір күнде жете қоймаған шығармыз, бірақ сондай кесапатты кеселден айығуға ұмтылмаған елдің ісі оңынан жүре бермесін де естен шығармау керек.
Орынды-орынсыз айта-айта өзіміз қадірін кетіріңкіреп алған шындықты тағы бір қайталасақ, «елім маған не береді?» дегеннен гөрі «мен еліме не бердім?» дегенді бір сәт ойлап көрсек, «Тәуелсіздік біздің тілегімізді емес, біз оның тілегін тілеуіміз қажет» (Ә.Кекілбайұлы) екеніне көз жеткізу қиын болмас еді. Сондықтан Әбішке жүгінсек, «Өтпелі кезеңдегі өкіметтің отаншыл, әлеуметшіл, әділ де таза болмағы – тарихи міндет. Өтпелі кезеңдегі әлеуметтің ауызы бір, әрекеттері ықпалдас, ынтымақшыл болмағы – тарихи парыз» екенін сезінер едік.
Осы арада айта кететін бір нәрсе бар. Қазір саясатты сынағыштар «бізге тәуелсіздік қантөгіссіз келді, оны бізге әлдекімдер сыйлап кетті» деуге бейім. Әрине, 1991 жылы тәуелсіз елге айналғанда бізге ешкім «сендерге тәуелсіздік бердік, сол үшін бізге қарыздарсыңдар» демеген шығар, әлде атыс-шабыссыз алған тәуелсіздік тәуелсіздікке жатпай ма? Шын мәнінде, солай ма екен? Сонда халықты ізіне ерткен Сырым Датұлы, Исатай-Махамбет, Кенесары хан, Жанқожа мен Есет батырлардың қаны не үшін төгілді? Кеңестік кезеңнің үш жылында жүз берген 372 көтеріліс еріккеннің ермегі ме? Тіпті, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде елдік, теңдік талап еткен қазақ жастарының көрген азап-ақыреті ше? Оның бәрі азаттық жолындағы құрбандық емес пе? Демек, біз ресми түрде тәуелсіздік алғанша оның ақысын қанмен, қазақтың қанымен өтегенбіз! Ендеше саналы қазақ баласы үшін «аспаннан түскен тәуелсіздік» туралы ертегі айту ұят! Бүгінгі жастар ертеңгі болашағымыз, ал солардың құлағына әлгіндей ақиқатқа жат сөздерді құя берсек, тәуелсіздіктің келешекте қандай қадір-қасиеті қалмақ?!
Қазақстан тәуелсіз ел деген сөз қалайда біздің тағдырымыз өз қолымызда деген деген сөз. Оны тек атаулы күндерде еске түсіріп қана қоймай, әр күні жадымызда жаңғыртып мағынасына терең бойлау парыз.
Ендеше сөзіміздің соңында біздің шағын ой-толғауымызға айтқан сөздері құбыланама болып отырған Әбіш Кекілбайұлының бір-екі ауыз сөзін келтіріп, айтарымызды түйіндесек:
«Тәуелсіздігімізді сырттың алакөздігінен, іштің алауыздығынан аман сақтап қалу – біздің тарих алдындағы ең басты парызымыз.
Тәубемізден жаңылмасақ, тәуекелімізден тайынбасақ, тәуелсіздігіміздің тасы өрге домалайды».
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ