Жаңалықтар

Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА: Айтыскерлер елдің өзекті мәселесін жырлады

ашық дереккөзі

Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА: Айтыскерлер елдің өзекті мәселесін жырлады

Жақында «AMANAT» партиясының қолдауымен «Алтын домбыра» ақындар айтысы Түркістан топырағында өтті. Екі күнге со­зылған дүбірлі дода ұлт ұстазы, ағартушы Ахмет Байтұр­сынұлының 150 жылдығына орайластырылған. Ақындардың таланты шыңдалып, тапқырлығы сыналатын өнер сайысының қазақ халқы үшін орны бөлек. Саяси ұйым қаймағы бұзылмаған төл өнерімізді сақтап, дәстүрімізді дәріптеуге үлес қосып, осы уақытқа дейін жүзге жуық республикалық ақындар айтысын ұйымдастырды. Бұл жолғы аламанға еліміздің әр түк­пірі­нен он сегіз ақын қатысып, бақ сынады. Олар­дың арасында талай жарыста топ жа­рып жүрген ақындар Рүстем Қайыртай, Тө­леген Жаманов, Біржан Байтуов бар. Қазылар ал­қасының шешімімен Еркебұлан Қайна­за­ров бәрінен оза шауып, «Алтын домбыра» ие­гері атанды. Осы орайда «AMANAT» пар­тия­сы Түркістан облыстық филиалы атқа­ру­шы хатшысының орынбасары, Түркістан об­лыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева түркі әлемінің рухани аста­на­сында өткен аламанның мән-маңызы тура­лы айтып берген еді. – Жылдың қорытынды айтысы «Ал­тын домбыра» мәресіне жетті. Киелі Түр­кістанды екі күн жырмен тербеген ақын­дардың өнерін жұртшылық қалай қ­а­былдады? – Біріншіден, «Алтын домбыра» айты­сы­ның Түркістан жерінде, рухани елордада өтуі орынды шешім болды. Осы рухани кеш­ті ұйымдастырған партияға алғыс білдіреміз. Бұл Президент сайлауынан кейін ұлтты ұйыс­тырып, елді біріктірген мағыналы кеш деп білемін. Жыр бәйгесін Ясауидің хик­мет­тері жазылған, бабаларымыздың ізі қалған ұлы мекенде өткені жұртшылыққа қуаныш сый­лап, рухын көтерді. Айтыс тамашалауға кел­ген жұрт талантты ақындардың өнерін ба­ға­лап, ұлттық өнерімізбен сусындап қайт­ты. Айтыстың өз тыңдарманы бар ғой. Сөз­дің парқын білетін азаматтар осындай мә­дени кештерге қуана келеді. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі бар емес пе Мұхтар Әуезовтің! Бұл өнер жас­тарды мейірімділікке, ұлтжандылыққа тәр­­биелейді. Ұлттық аспабымыз домбы­ра­ның үні жүректен қыл суырып алғандай адам жанын тербетіп, жан дүниеңді қоз­ғай­тын қасиеті бар. Жалпы, өзім айтысқа же­те­тін өнер жоқ деп есептеймін. Сондықтан осын­дай іс-шаралар жалғасын таба берсе дейміз. Айтулы аламан айтыс ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай өткізіліп отыр. Алаштың тәуелсіздікті көк­сеген рухты, ұлтжанды азаматының өмірін, кейінгі ұрпаққа қалдырған ерен еңбегін еске алдық. Айтыс, күй өнері тек қазақ халқында бар екенін білесіз. Біздің өзге халықтан ерек­шелігіміз де осында деп ойлаймын. Екі күн бойы өткен дүбірлі додада сол ерекшелігімізді көр­сете алғанымызға қуандым. – Осы орайда ақындардың қандай өзек­ті мәселелерді жырға қосқанын ай­та кетсеңіз. – Халыққа ащы да болса шындық ұнай­ды. Айтыстың негізгі мақсаты – елге мәселені ашық жеткізу. Осы жыр бәйгесінде осы мақ­сат орындалды деп айта аламын. Ақын­дар түрлі өзекті тақырыпты, мысалы, сыбайлас жем­қорлық, әділеттілік мәселесін көтерді. Әри­не, бір-бірін қолпаштаған сәттер де бол­ды. Негізі, еліміздің түкпір-түкпірінен келген он сегіз ақынның бәрі шетінен «Сен тұр, мен айтайын» деген кіл мықтылар. Эстрадаға қы­зықпай, ұлттық өнерімізді дәріптеп жүр­ген талантты жастар өсіп келе жатқанына қуан­дық. – Мықтылар жиналған аламанда қа­зылар алқасына нағыз жүйрікті анықтау оңай болмаған шығар? – Әрине. Айтысты аяғына дейін тама­ша­ла­дым. Ақтық сында Еркебұлан да, Біржан да бір-бірінен қалыспады. Халық та «Кім жеңе­ді екен?» тағатсыздана күтіп отырды. Енді бұл жерде алдымен тапқырлық басым болуы тиіс. Дауыс ырғағы да рөл ойнайды. Ер­кебұлан өзінің суырыпсалмалығымен ерек­шеленіп, өзгелерден бір қадам болса да алда болды деп ойлаймын. Еркебұлан жас болғанымен, ішінде сон­дай терең ой жатқанына сүйсініп, таңғалдым. Бәл­кім, туған жеріне келіп, шабыты еселен­ген шығар. Ең бастысы, халықтың ойында жүр­ген мәселелерді айтты. Сондықтан жүлде лайық­ты иесіне берілді деп ойлаймын. Жалпы, айтыс әркезде әртүрлі өтіп жа­та­тынын білеміз. Бұл жолғы дүбірлі дода жүйе­лі, мағыналы, ең бастысы техникасы дұрыс болды. Халықтың шамына тиген жоқ, әдеп­сіз сөздер, жөнсіз әзілдер айтылмады. Та­ғы бір айта кететін нәрсе, алтын домбыра Түр­кістанда қалды. Бұл да айтыссүйер қауым­ға патриоттық сезім сыйлады. Жақын­да өткен «Ұлы дала жорығы» бәйге-мара­фо­нына қатысқан шабандоздар Астанадан шы­ғып, ең соңында киелі Түркістанға табан тіре­ген болатын. Бұл да жұртшылықты рух­тандырған іс-шара болды. – «AMANAT» партиясы Түркістан об­лыс­тық филиалы алда қандай мәдени іс-шаралар өткізеді? – Мемлекет қолдауымен кейінгі 3-4 жыл­­дың ішінде киелі Түркістан қайта түлеп, көр­кейіп келеді. Партия филиалы­ның жа­нынан «Мирас» қоғамдық кеңесі осы ба­ғыт­тағы іс-шараларды өткізуді қолға алған. Келесі жылы жас ақындар айты­сын өткізсек де­ген жоспар бар. Осы­лайша, әлі танылмаған, ел ішінде жүрген жастардың талантын та­нытып, өнердегі жолын ашсақ дейміз. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ