Көші-қон саясаты: жаңа тұжырымның жаңалығы қандай?

Көші-қон саясаты: жаңа тұжырымның жаңалығы қандай?

Көші-қон саясаты: жаңа тұжырымның жаңалығы қандай?
ашық дереккөзі
13 желтоқсанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын таныстырды. Осы бағытта 2023-2027 жылдардағы нақты қадамдар мен негізгі жоспарлар осы тұжырымдамада топтастырылған. Бұған дейінгі бесжылдыққа арналған жоспардың ұңғыл-шұңғылы, кем-кетігі мен сәтті жүзеге асқан тетіктері бұған дейін талай жазылып, талқыланып, сараланып еді. Ал жаңа тұжырымдаманың жаңашылдығы неде болмақ, шолу жасап көрейік. Осы айдың басында Еңбек және халықты әлеу-­мет­тік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Пар­ла­мент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Әлеу­мет­тік кодекс жобасын депутаттарға таныстырды. Ми­нистр құжаттың 5 новелладан тұратынын ай­тып, оның әрқайсына тоқталды. Соның бірі осы – көші-қонның жаңа саясатына қатысты.
– Бесінші новелла – бұл жаңа көші-қон саясаты. Оның мақсаты – Қазақстан экономикасын сұранысқа ие және білік­ті кадрлармен қамтамасыз ету. Жаңа кө­­ші-қон саясаты 4 міндетті шешуді көз­­дейді: сұранысқа ие кадрларды тарту; ин­вестиция тарту; шетелде тұратын этни­калық қазақтардың әлеуетін пайда­лану; шетелде жұмыс істейтін қазақ­стан­дықтардың еңбек құқықтарын қорғау, – деді Тамара Дүйсенова.
Көші-қон саясаты дегенде, тең ел­ден кеткендер мен келгендерді ор­­­наластырып, олардың қоныс аудару се­бе­бін зерделеу деген жалпы картина елес­тегенімен, оның астарында тұтас ел­дің еңбекке тартылуы, халықтың жал­пы өмір сүру сапасы тұрады. Әуелде ай­тылып кеткендей, жауаптылар жаңа сая­сат ел экономикасын білікті кадр­лар­ды тарту арқылы көтеруді мақсат етіп отыр. Білім иммиграциясы Сонымен, бірінші кезекте еліміз академиялық алмасу және сұра­ныс­қа ие мамандықтар бойынша білікті ға­лымдар мен мамандар тартылатын ор­талыққа айналуға тиіс. Осы орайда білім беру иммиграциясын дамыту тетігі жү­зеге асырылмақ. Бұл тетікті ЭЫДҰ-ның барлық елдері қолдайды екен, со­ның ішінде Канада мен Қытайдың тә­жіри­бесін ерекше атап өтуге болады. Еңбек министрлігі жетекші шет­елдік білім беру мекемелерін ака­­де­мия­лық алмасу бағдарламасына тар­ту және қос дипломды білім беру тә­жірибесін одан әрі дамытуға назар ау­даратындарын айтады. Сұранысқа ие мамандықтар бойын­­­ша 100 үздік оқытушыны жә­не сұранысқа ие технологиялар бойын­ша ғалымдарды шақыру да жос­парда бар екен. Бұл ретте шетелдік ға­лымдар мен оқытушылар үшін тұруға ық­тиярхат алу, ал кейіннен Қазақстан аза­маттығын алу құқығын бере отырып, 10 жылдық «ғылыми-педагогикалық виза» берілмек. Бастама енді ғана жоспарланып отыр­ғандықтан, нәтижесі туралы болжам жасауға әлі ерте, дегенмен, шет­ел тәжірибесі ескерілсе, пайдасы тиер деген үміт мол. Десек те, отандық ғалым­дар­дың әлеуеті әлем ғалымдарынан кем түспейтінін есте ұстау керек. Бизнес иммиграциясы Ресми мәліметке сүйенсек, биыл 1 қарашадағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдар жұмыс беру­шілерге 12 586 шетелдік жұмыс кү­шін тартуға рұқсаттама берген және мер­зімін ұзартқан. Ал олардан 6,6 мил­лиард теңге салық түскен. Екінші бағыт – бизнес иммиг­ра­ция­сы. Бұл бағытта елімізге 300 мың АҚШ долларынан кем емес ин­вес­тиция салуды көздеген шетел кәсіп­кер­лері үшін «Инвесторлық виза» ұсыныл­мақ. Бұл бастаманы қолға алғанда да ЕЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі негізге алынған. «Инвестициялық виза» елімізде 10 жылға тұруға рұқсат береді. Виза иесі бизнесті тіркеуге, меншікті иеленуге, қаржылық операцияларды жүргізуге мүмкіндік алады. Осы арқылы елімізге жылына 100 бизнес-инвестор тарту жос­пар­ланып отыр, жауаптылар бұл әсіресе креа­тивті индустрияны дамыту үшін тап­тырмайтын тетік екенін айтады. Қандастарды қабылдау тетігі де қайта қаралады Ұлттық статистика бюросының биыл­­ғы 1 желтоқсандағы дере­гі­не сүйен­сек, жыл басынан бері 17 888 қандасымыз тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған. Жалпы, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 105,7 мың қандасымыз оралған. Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (63,5 пайызы) Өзбекстаннан келген. Қал­ған 9,9 пайызы – Ресейден, 9,1 пайы­зы – Түрікменстаннан, 8,6 пайызы – ҚХР-дан, 4,9 пайызы – Моңғолиядан, 4 пайызы басқа елдерден қоныс ау­дар­ған. Олар негізінен Алматы Маңғыстау, Түркістан және Жамбыл облыстарына орналасыпты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сәйкес, еңбекке қабілетті жастағы қан­дастардың ішінен білім деңгейі бойынша 20 пайызы жоғары білімді, 39,4 пайызы орта кәсіби білімді, 38,9 пайызы жалпы орта білімді болса, 1,7 пайызы ешқандай білім алмаған. Биылғы 1 желтоқса­н­дағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті қандастардың үлесі – 59,4 пайыз, еңбек­ке қабілетті жастан кіші – 26,9 пайыз және зейнеткерлер 13,7 болған. Көші-қон саясатының үшінші бағыты тұтас­тай қандастардың бағытына арналған. Бұл бағыттағы жаңалық – қазақ кар­тасын енгізу болмақ. Бұл АҚШ тә­жірибесіндегі Green card тетігіне ұқ­сай­ды. Бұл идея да талайдан бері айты­лып жүрген болатын. Бастаманың кон­цептісіне қарағанда, елімізге әртүрлі сала бойынша озық бастамаларды ен­діруді қалайтын 100 қандасымызға (басқа елдердің азаматтарына) қазақ картасын беру ұсынылып отыр. Картаны алушылар саяси құқықтарды қоспағанда, бизнес ашу, жылжымайтын мүлікке және басқа мүлікке иелік ету, қаржылық операцияларды жүргізу мүмкіндігіне ие болады. Бұл ретте, Қазақстанға көшуге ниет білдірген қандастар үшін мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау сақталады.
– Үшінші міндетте көрсетілген тап­сыр­маларды шешу үшін «Атамекен» картасы енгізіледі, ол жоғары деңгейдегі кәсіпқой немесе өздері тұратын елдерде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда іске асыруды қалайтын этникалық қазақтарға беріле­тін болады. Ол азаматтар мерзімі 10 жыл­ға дейін созылатын жеңілдетілген виза рәсімдеп, Қазақстанда тұрып өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік алады, – деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрі.
Қандастарды қабылдау тетігі де қайта қаралатынын министр атап өтті. Қандастарды қоныстандыру саясатын ел­дің демографиялық және эконо­ми­калық үрдістерін ескере отырып, қосым­ша ынталандыру қарастыра отырып, түбегейлі реформалау ұсынылып отыр. Шын мәнінде, 30 жыл өтсе де қандас­тарды елге көшіріп әкелу мәселесі жүйе­ленсе де, оларды елге орналастыру, бас­панамен қамту, еңбекке араластыру, құжат мәселелері бойынша мәселе әлі реттеле қоймады. Осыны ескере отырып, бізге әлі де ұтымды тетіктерді ұйымдас­тыру мәселелері әлі маңызын жоймады деп айта аламыз. Қазақстандықтардың еңбек құқығы қорғалады Төртінші бағыт – Қазақстан аза­маттарының еңбек мигранты ре­тінде шетелге шығуына қатысты бас­тама. Бұл мәселе де бұдан бұрын бірнеше рет көтерілген болатын, дегенмен ресми негізделмей келді. Бұл арқылы шетелде жұмыс іс­тей­тін отандастарымыздың еңбек құқығы қорғалатын болады. Нақтырақ айтқанда, шетелде жұ­мыс істейтін қазақстандық­тар­дың еңбек құқығын қорғау үшін аза­маттарымыз ең көп жұмыс істейтін елдерде қазақстандық еңбек мигрант­тары­ның құқықтарына кепілдік беретін мемлекетаралық келісімдер пакеті қа­былданатын болады. Бұл еңбек мигранттары ретінде жұ­мыс істейтін отандастарымыз­дың заңды түрде жұмыс істеуіне кепілдік беретін болады, олардың санын ша­ма­лауға мүмкіндік береді. Босқындармен жұмыс жүйеленеді Босқындармен жұмыс министр­ліктің қарауына берілген жаңа ба­ғыт болып отыр. Ресми статистика бойынша, қазір елі­мізде 438 босқын және пана іздеп келген 722 адам тіркелген. Олар­дың біраз бөлігі Ауғанстаннан (415 бос­қын), Украинадан (537 пана іздеп келу­ші) келген екен. Босқындар мен пана іздеп келген адамдардың негізгі бөлігі Алматы қа­ласында (343 босқын, 193 пана іздеп келу­ші), Шымкент қаласында (81 бос­қын, 48 пана іздеп келуші), Алматы об­лы­сында (11 босқын, 58 пана іздеп келу­ші) және Астана қаласында (98 пана іздеп келуші) тұрақтаған. Бастаманың көтерілуіне қазіргі шиеленіскен геосаси жағдай әсер етіп отыр деуге болады. Сонымен қатар босқындар мен пана іздеушілердің нақты санын білу, жүйелеу олардың құқығына байланысты мәселелерді бір- ізге түсіруге сеп болуға тиіс. Солтүстікке көш жалғасады Аймақтардағы халық саны мен құра­­мына байланысты диспропорция жә­не демографиялық теңсіздікті реттеу мақ­­сатында 2013 жылы «Жұмыспен қам­­тудың жол картасы – 2020» бағдар­ла­масы қабылданып, 2015 жылдан бас­тап жүзеге асырыла бастаған болатын. Бұл бағдарламада басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, сон­дай-ақ ауылдардан қалаларға жұмыс кү­шін ұтымдылықпен тартуға қолдау көр­сету мақсаты көзделген болатын. Осы орайда Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігі соңғы онжыл­дықта ішкі миграцияны терең зерттеп, жұмыс күші артық, халық өсімі қарқын­ды оңтүстік өңірлерден халықты солтүс­тік­ке көшіруді қолға алған болатын. Яғни, Алматы облысы, Түркістан, Жам­был, Маңғыстау аймақтары тұрғын­дары­ның біраз бөлігін Солтүстік Қазақ­стан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қос­та­най облыстарына көшіруге шешім қа­былданды. Содан бері оңтүстікте тұратын қан­шама адам солтүстікке қоныс аударды, баспаналы болып, жұмыспен қамтамасыз етілді. Жерсінбей қайтадан кері көшіп кеткендер де жоқ емес. Бас­пана сапасына, жылу, жарықпен қам­ту­дағы олқылықтарға байланысты талай мәселе де көтерілді. Алдағы бесжыл-дықта бұл бастама әрі қарай жалғасын таппақ. Көшіру бойынша жаңартылған бағдарламаның мәні елдің басқа облыстарындағы қолданыстағы бизнес-жобаларды кеңейту арқылы жұмыс орын­дарын құру болмақ. Яғни, қоныс аударушы арнайы өңірлік бағдарлама­сын әзірлейтін болады, онда ең алдымен өңір экономикасының басым сектор­лары қарастырылатын болады. Жұмыс орындарын құру бойын­ша барынша әлеуеті бар биз­нес-идеялар конкурсы арқылы «Солтүс­тік және орталық өңірлер үшін 100 биз­нес-жобадан» кейс қалыптастыры­ла­тын болады. Конкурстан өткендер тұр­ғын үй құнының 50 пайызына қаржы­лық көмек алады. Бұл соманы құрылыс­қа, тұрғын үй сатып алуға немесе «От­ба­сы банкіне» бастапқы жарнаны ен­гізуге жұмсауға болады. 2022 жылға 8 086 квота бекітілген еді. Олардың 1 499-ы қандастарға және 6 587-і қоныс аударушыларға қарас­ты­рылған болатын. Биыл 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша барлық квотаның 7 552-сі пайдаланылған (1 235 қандас жә­не 6 317 қоныс аударушы), бұл – жыл­дық жоспардың 93,4 пайызы орындалды дегенді білдіреді. Сондай-ақ жұмысқа қа­білетті 3 485 адамның ішінен 2 447 адам немесе 70 пайызы тұрақты жұмыс­қа орналасқан екен. Бұл бастаманың ұтымды тұстары мен орындалуындағы кем-кетігі туралы газетімізде бірнеше рет жазылған болатын. Егер алда сол мәселелер шеші­мін табар болса, бастаманың мақсаты орындалған болар еді. Жалпы, бағдарламаның негізгі бағыттары – осы. Бастаманың басқа да тұстарын тереңірек түсіну үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төраға­сының міндетін атқарушы Ілияс Испа­новтың пікірін білген едік. Ілияс ИСПАНОВ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы: Азаматтарға да, мемлекетке де берері мол тұжырымдама
– Биыл көші-қон саласындағы мем­ле­кеттік саясатты тиімді үйлестіру бойын­ша басты орган ретінде Еңбек ми­нистрлігінде Көші-қон комитеті құрыл­ды. Жалпы, қазір ішкі және сырт­қы өзгерістер көші-қон саясатын тұрақ­ты түрде жетілдіруді талап етіп отыр. Осыған орай, Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырым­дама, негізінен еліміздің экономикалық дамуын кадрлық жағынан қамтамасыз етуді көздейді. Жалпы, жоспардың негізгі 3 блогы бар. Атап айтар болсам, елі­мізге білікті кадрлардың келуін ынталандыру, шетелде жұмыс істей­тін қазақстандықтардың құқығын қорғау, өңірлер арасындағы де­мографиялық теңсіздікті жою. Сондай-ақ еліміздегі тапшы ма­мандықтар бойынша 500 мықты маманды тарту үшін 7 бағытта жұмыс жүргізіледі. Бірінші бағыт – Қазақстанды өңірлік білім беру хабына айнал­дыруды көздейтін білім беру иммиграциясы. Ол үшін 100 үздік оқытушы мен сұранысқа ие технологиялар бойынша ғалымдарды Қ­а­зақстанға тарту ұсынылады. Бұл санаттағы кадрларға он жыл­дық «Ғылыми-педагогикалық виза» берудің оңайлатылған тәртібін енгізу көзделіп отыр. Соның негізінде оларға Қазақстанда тұрақты тұру үшін ықтиярхат алу, одан кейін азаматтық алу мүмкіндіктері қарастырылады. Дәл осындай мүмкіндікті тапшы мамандықтар бойынша оқитын шетелдік студенттер қатарынан магистранттар мен бакалаврларға да беру қарастырылған. Екінші бағыт, бұл – бизнес-иммиграция. Инвестиция тарту үшін әлем мемлекеттері арасындағы бәсекелестік жыл өткен сайын күшейіп келеді. Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәй­кес және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мем­лекеттерінің тәжірибесіне сүйене отырып, инвестициялық виза берудің төменгі шегін 300 мың АҚШ долларына дейін азайту қарас­тырылған. «Инвесторлық виза» енгізу ұсынылады. Бұл виза Қазақ­стан аумағында тұруға, бизнесін тіркеуге, мүлікке иелік етуге, қыз­меткерлер жалдауға, қаржы төлемдерін жүргізуге және олар­дың кәсіпкерлік қызметінен туындайтын басқа да операцияларды еркін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Үшінші бағыт аясында елімізде тапшы болғандықтан, сырттан жиі тартылатын мамандықтар бойынша шетелден 100 үздік ма­ман­ды тарту көзделіп отыр. Мұндағы негізгі мақсат – білім транс­фер­ті және осы кәсіптер бойынша өз мамандарымызды даярлау. Олар­дың Қазақстанда тұруына ықтиярхат беру мүмкіндігі қарас­тырыл­ған «Бағалы дағдылар визасы» енгізіледі. Сонымен бірге «Құн­ды дағдылар рейтингі» жасалады. Бұл рейтингтегі тапшы кәсіп­тер мен мамандықтар тізімі үнемі жаңартылып отырады. Екін­шіден, көрші елдерден келетін, соның ішінде тіркеусіз, бей­ресми арналар арқылы келіп жатқан еңбек мигранттарының қоз­ғалысын есепке алуды күшейту көзделіп отыр. Еңбек миг­рант­тарын тарту жеке тұлғалардың нақты сұранысына сай айқын­да­лады. Сондай-ақ мигранттардың жұмыс орнына қатаң бақылау ор­натылатын болады. Келесі, яғни төртінші бағыт этникалық көші-қонды реттейді. Бұл бағытта негізгі екі мәселе бар: біріншісі – шетелде тұратын эт­ни­калық қазақтардың әлеуетін пайдалану. Осы мақсатта амери­калық Грин картаға ұқсас «Ата жолы» картасын енгізу ұсынылады. Бұл құжат жоғары деңгейдегі кәсіби маман немесе өздері тұратын елдер­де табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қа­зақ­станда жүзеге асыруға ықыласты қазақтарға берілетін болады. Мұндай азаматтар 10 жылдық жеңілдетілген виза рәсімдеп, Қазақ­станда өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік алады. Оларды тарихи Ота­нын дамытуға қосқан үлесі үшін жыл сайынғы «Парыз» байқауы аясында Президент сыйлығымен марапаттауды ұсынамыз. Одан бөлек, елге келетін қандастардың көші-қонын реттеу те­тік­терін жетілдіреміз. Яғни, еліміздегі демографиялық және экономикалық үрдістерді ескере отырып, құжаттарды рәсімдеудің ал­ғаш­қы кезеңінде қандастарды еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстануға қосымша ынталандыру ұсынылады. Бесінші бағыт – босқындармен жұмыс. Министрлік уәкілетті органдармен бірлесіп, ұлттық заңнама нормаларын Біріккен ұлт­тар ұйымының стандарттарына сай имплементациялау бойынша ұсыныстар әзірлейтін болады. Алтыншы бағыт – Қазақстан азаматтарының еңбек мигранты ре­тінде шетелге шығуына қатысты. Бұл – жаһандық тренд. Сон­дықтан біз оған шектеу қоя алмаймыз және шектемеуіміз керек. Біздің міндетіміз – олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету. Осы мақсатта қазақстандық еңбек мигранттары барынша көп шо­ғырланған елдермен олардың құқықтарына кепілдік беретін мемлекетаралық келісімдер пакетін жасауды ұсынамыз. Осы келі­сім­дерге сәйкес, Сыртқы істер министрлігінің шетелдердегі құры­лымдары Қазақстан азаматтарының құқығын қорғайтын болады. Жетінші бағыт – еңбек күшінің тапшылығы бар өңірлерге ішкі ұт­қырлықты ынталандыру. Ол үшін азаматтарды көшіп барған жерін­де жұмыспен қамтамасыз ету және олардың баспаналы болуы­на мүмкіндік жасау керек. Көші-қон ағынын есепке алу үшін көшіп-қонушылардың 13 бағы­ты бойынша бірыңғай ақпараттық жүйе құру ұсынылады. Бұл өз кезегінде, «бір терезе» қағидаты бойынша рұқсаттама құжат­тарын онлайн әзірлеуге, үрдістерге мониторинг жүргізуге, көшіп-қонушыларды сандық идентицикациялауға, олардың қаржылық операцияларын тексеруге, қажет болған жағдайда қозғалысы мен орналасқан жерін мониторинг жасауға мүмкіндік береді. Осылайша, азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алуы жеңіл­дейді, уақытын үнемдейді, мемлекеттік органдармен тікелей байланысын барынша азайтады. Ал мемлекет үшін бірыңғай есеп­ке алу, мигранттар туралы деректерді бірізді және қолжетімді ету, сондай-ақ көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтау жеңіл­дей түспек.
Жалпы, еліміз халық саны бойынша көші-қон есебінен емес, табиғи өсім арқылы ғана ілгерілеп келеді. Сондықтан бұл бағыттағы проблемалардың шешілуі ішкі-сыртқы саясат тұрғысынан аса маңызды. Дегенмен көші-қон мәселесі мен елдің өмір сүру жағдайы, елдегі халықтың өмір сүру сапасы, елдің жалпы әлеуеті тығыз байланысты екенін естен шығармаған жөн.