Көші-қон саясаты: жаңа тұжырымның жаңалығы қандай?
Көші-қон саясаты: жаңа тұжырымның жаңалығы қандай?
13 желтоқсанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын таныстырды. Осы бағытта 2023-2027 жылдардағы нақты қадамдар мен негізгі жоспарлар осы тұжырымдамада топтастырылған. Бұған дейінгі бесжылдыққа арналған жоспардың
ұңғыл-шұңғылы, кем-кетігі мен сәтті жүзеге асқан тетіктері бұған дейін талай жазылып, талқыланып, сараланып еді. Ал жаңа тұжырымдаманың жаңашылдығы неде болмақ,
шолу жасап көрейік.
Осы айдың басында Еңбек және халықты әлеу-меттік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Әлеуметтік кодекс жобасын депутаттарға таныстырды. Министр құжаттың 5 новелладан тұратынын айтып, оның әрқайсына тоқталды. Соның бірі осы – көші-қонның жаңа саясатына қатысты.
– Бесінші новелла – бұл жаңа көші-қон саясаты. Оның мақсаты – Қазақстан экономикасын сұранысқа ие және білікті кадрлармен қамтамасыз ету. Жаңа көші-қон саясаты 4 міндетті шешуді көздейді: сұранысқа ие кадрларды тарту; инвестиция тарту; шетелде тұратын этникалық қазақтардың әлеуетін пайдалану; шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың еңбек құқықтарын қорғау, – деді Тамара Дүйсенова.
Көші-қон саясаты дегенде, тең елден кеткендер мен келгендерді орналастырып, олардың қоныс аудару себебін зерделеу деген жалпы картина елестегенімен, оның астарында тұтас елдің еңбекке тартылуы, халықтың жалпы өмір сүру сапасы тұрады. Әуелде айтылып кеткендей, жауаптылар жаңа саясат ел экономикасын білікті кадрларды тарту арқылы көтеруді мақсат етіп отыр.
Білім иммиграциясы
Сонымен, бірінші кезекте еліміз академиялық алмасу және сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті ғалымдар мен мамандар тартылатын орталыққа айналуға тиіс. Осы орайда білім беру иммиграциясын дамыту тетігі жүзеге асырылмақ. Бұл тетікті ЭЫДҰ-ның барлық елдері қолдайды екен, соның ішінде Канада мен Қытайдың тәжірибесін ерекше атап өтуге болады.
Еңбек министрлігі жетекші шетелдік білім беру мекемелерін академиялық алмасу бағдарламасына тарту және қос дипломды білім беру тәжірибесін одан әрі дамытуға назар аударатындарын айтады.
Сұранысқа ие мамандықтар бойынша 100 үздік оқытушыны және сұранысқа ие технологиялар бойынша ғалымдарды шақыру да жоспарда бар екен. Бұл ретте шетелдік ғалымдар мен оқытушылар үшін тұруға ықтиярхат алу, ал кейіннен Қазақстан азаматтығын алу құқығын бере отырып, 10 жылдық «ғылыми-педагогикалық виза» берілмек.
Бастама енді ғана жоспарланып отырғандықтан, нәтижесі туралы болжам жасауға әлі ерте, дегенмен, шетел тәжірибесі ескерілсе, пайдасы тиер деген үміт мол. Десек те, отандық ғалымдардың әлеуеті әлем ғалымдарынан кем түспейтінін есте ұстау керек.
Бизнес иммиграциясы
Ресми мәліметке сүйенсек, биыл 1 қарашадағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдар жұмыс берушілерге 12 586 шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттама берген және мерзімін ұзартқан. Ал олардан 6,6 миллиард теңге салық түскен.
Екінші бағыт – бизнес иммиграциясы. Бұл бағытта елімізге 300 мың АҚШ долларынан кем емес инвестиция салуды көздеген шетел кәсіпкерлері үшін «Инвесторлық виза» ұсынылмақ. Бұл бастаманы қолға алғанда да ЕЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі негізге алынған. «Инвестициялық виза» елімізде 10 жылға тұруға рұқсат береді. Виза иесі бизнесті тіркеуге, меншікті иеленуге, қаржылық операцияларды жүргізуге мүмкіндік алады.
Осы арқылы елімізге жылына 100 бизнес-инвестор тарту жоспарланып отыр, жауаптылар бұл әсіресе креативті индустрияны дамыту үшін таптырмайтын тетік екенін айтады.
Қандастарды қабылдау тетігі де қайта қаралады
Ұлттық статистика бюросының биылғы 1 желтоқсандағы дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері 17 888 қандасымыз тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған. Жалпы, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 105,7 мың қандасымыз оралған.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (63,5 пайызы) Өзбекстаннан келген. Қалған 9,9 пайызы – Ресейден, 9,1 пайызы – Түрікменстаннан, 8,6 пайызы – ҚХР-дан, 4,9 пайызы – Моңғолиядан,
4 пайызы басқа елдерден қоныс аударған. Олар негізінен Алматы Маңғыстау, Түркістан және Жамбыл облыстарына орналасыпты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сәйкес, еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 20 пайызы жоғары білімді, 39,4 пайызы орта кәсіби білімді, 38,9 пайызы жалпы орта білімді болса, 1,7 пайызы ешқандай білім алмаған. Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті қандастардың үлесі – 59,4 пайыз, еңбекке қабілетті жастан кіші – 26,9 пайыз және зейнеткерлер 13,7 болған. Көші-қон саясатының үшінші бағыты тұтастай қандастардың бағытына арналған.
Бұл бағыттағы жаңалық – қазақ картасын енгізу болмақ. Бұл АҚШ тәжірибесіндегі Green card тетігіне ұқсайды. Бұл идея да талайдан бері айтылып жүрген болатын. Бастаманың концептісіне қарағанда, елімізге әртүрлі сала бойынша озық бастамаларды ендіруді қалайтын 100 қандасымызға (басқа елдердің азаматтарына) қазақ картасын беру ұсынылып отыр. Картаны алушылар саяси құқықтарды қоспағанда, бизнес ашу, жылжымайтын мүлікке және басқа мүлікке иелік ету, қаржылық операцияларды жүргізу мүмкіндігіне ие болады. Бұл ретте, Қазақстанға көшуге ниет білдірген қандастар үшін мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау сақталады.
– Үшінші міндетте көрсетілген тапсырмаларды шешу үшін «Атамекен» картасы енгізіледі, ол жоғары деңгейдегі кәсіпқой немесе өздері тұратын елдерде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда іске асыруды қалайтын этникалық қазақтарға берілетін болады. Ол азаматтар мерзімі 10 жылға дейін созылатын жеңілдетілген виза рәсімдеп, Қазақстанда тұрып өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік алады, – деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Қандастарды қабылдау тетігі де қайта қаралатынын министр атап өтті. Қандастарды қоныстандыру саясатын елдің демографиялық және экономикалық үрдістерін ескере отырып, қосымша ынталандыру қарастыра отырып, түбегейлі реформалау ұсынылып отыр. Шын мәнінде, 30 жыл өтсе де қандастарды елге көшіріп әкелу мәселесі жүйеленсе де, оларды елге орналастыру, баспанамен қамту, еңбекке араластыру, құжат мәселелері бойынша мәселе әлі реттеле қоймады. Осыны ескере отырып, бізге әлі де ұтымды тетіктерді ұйымдастыру мәселелері әлі маңызын жоймады деп айта аламыз.
Қазақстандықтардың еңбек құқығы қорғалады
Төртінші бағыт – Қазақстан азаматтарының еңбек мигранты ретінде шетелге шығуына қатысты бастама. Бұл мәселе де бұдан бұрын бірнеше рет көтерілген болатын, дегенмен ресми негізделмей келді.
Бұл арқылы шетелде жұмыс істейтін отандастарымыздың еңбек құқығы қорғалатын болады.
Нақтырақ айтқанда, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың еңбек құқығын қорғау үшін азаматтарымыз ең көп жұмыс істейтін елдерде қазақстандық еңбек мигранттарының құқықтарына кепілдік беретін мемлекетаралық келісімдер пакеті қабылданатын болады.
Бұл еңбек мигранттары ретінде жұмыс істейтін отандастарымыздың заңды түрде жұмыс істеуіне кепілдік беретін болады, олардың санын шамалауға мүмкіндік береді.
Босқындармен жұмыс жүйеленеді
Босқындармен жұмыс министрліктің қарауына берілген жаңа бағыт болып отыр.
Ресми статистика бойынша, қазір елімізде 438 босқын және пана іздеп келген 722 адам тіркелген. Олардың біраз бөлігі Ауғанстаннан (415 босқын), Украинадан (537 пана іздеп келуші) келген екен.
Босқындар мен пана іздеп келген адамдардың негізгі бөлігі Алматы қаласында (343 босқын, 193 пана іздеп келуші), Шымкент қаласында (81 босқын, 48 пана іздеп келуші), Алматы облысында (11 босқын, 58 пана іздеп келуші) және Астана қаласында (98 пана іздеп келуші) тұрақтаған.
Бастаманың көтерілуіне қазіргі шиеленіскен геосаси жағдай әсер етіп отыр деуге болады. Сонымен қатар босқындар мен пана іздеушілердің нақты санын білу, жүйелеу олардың құқығына байланысты мәселелерді бір- ізге түсіруге сеп болуға тиіс.
Солтүстікке көш жалғасады
Аймақтардағы халық саны мен құрамына байланысты диспропорция және демографиялық теңсіздікті реттеу мақсатында 2013 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы қабылданып, 2015 жылдан бастап жүзеге асырыла бастаған болатын. Бұл бағдарламада басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, сондай-ақ ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету мақсаты көзделген болатын. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі соңғы онжылдықта ішкі миграцияны терең зерттеп, жұмыс күші артық, халық өсімі қарқынды оңтүстік өңірлерден халықты солтүстікке көшіруді қолға алған болатын. Яғни, Алматы облысы, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау аймақтары тұрғындарының біраз бөлігін Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарына көшіруге шешім қабылданды.
Содан бері оңтүстікте тұратын қаншама адам солтүстікке қоныс аударды, баспаналы болып, жұмыспен қамтамасыз етілді. Жерсінбей қайтадан кері көшіп кеткендер де жоқ емес. Баспана сапасына, жылу, жарықпен қамтудағы олқылықтарға байланысты талай мәселе де көтерілді. Алдағы бесжыл-дықта бұл бастама әрі қарай жалғасын таппақ.
Көшіру бойынша жаңартылған бағдарламаның мәні елдің басқа облыстарындағы қолданыстағы бизнес-жобаларды кеңейту арқылы жұмыс орындарын құру болмақ. Яғни, қоныс аударушы арнайы өңірлік бағдарламасын әзірлейтін болады, онда ең алдымен өңір экономикасының басым секторлары қарастырылатын болады.
Жұмыс орындарын құру бойынша барынша әлеуеті бар бизнес-идеялар конкурсы арқылы «Солтүстік және орталық өңірлер үшін 100 бизнес-жобадан» кейс қалыптастырылатын болады. Конкурстан өткендер тұрғын үй құнының 50 пайызына қаржылық көмек алады. Бұл соманы құрылысқа, тұрғын үй сатып алуға немесе «Отбасы банкіне» бастапқы жарнаны енгізуге жұмсауға болады.
2022 жылға 8 086 квота бекітілген еді. Олардың 1 499-ы қандастарға және
6 587-і қоныс аударушыларға қарастырылған болатын. Биыл 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша барлық квотаның
7 552-сі пайдаланылған (1 235 қандас және 6 317 қоныс аударушы), бұл – жылдық жоспардың 93,4 пайызы орындалды дегенді білдіреді. Сондай-ақ жұмысқа қабілетті 3 485 адамның ішінен 2 447 адам немесе 70 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан екен.
Бұл бастаманың ұтымды тұстары мен орындалуындағы кем-кетігі туралы газетімізде бірнеше рет жазылған болатын. Егер алда сол мәселелер шешімін табар болса, бастаманың мақсаты орындалған болар еді.
Жалпы, бағдарламаның негізгі бағыттары – осы. Бастаманың басқа да тұстарын тереңірек түсіну үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испановтың пікірін білген едік.
Ілияс ИСПАНОВ,
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
Азаматтарға да, мемлекетке де берері мол тұжырымдама
– Биыл көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді үйлестіру бойынша басты орган ретінде Еңбек министрлігінде Көші-қон комитеті құрылды. Жалпы, қазір ішкі және сыртқы өзгерістер көші-қон саясатын тұрақты түрде жетілдіруді талап етіп отыр. Осыған орай, Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдама, негізінен еліміздің экономикалық дамуын кадрлық жағынан қамтамасыз етуді көздейді.
Жалпы, жоспардың негізгі 3 блогы бар. Атап айтар болсам, елімізге білікті кадрлардың келуін ынталандыру, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғау, өңірлер арасындағы демографиялық теңсіздікті жою. Сондай-ақ еліміздегі тапшы мамандықтар бойынша 500 мықты маманды тарту үшін 7 бағытта жұмыс жүргізіледі.
Бірінші бағыт – Қазақстанды өңірлік білім беру хабына айналдыруды көздейтін білім беру иммиграциясы. Ол үшін 100 үздік оқытушы мен сұранысқа ие технологиялар бойынша ғалымдарды Қазақстанға тарту ұсынылады. Бұл санаттағы кадрларға он жылдық «Ғылыми-педагогикалық виза» берудің оңайлатылған тәртібін енгізу көзделіп отыр. Соның негізінде оларға Қазақстанда тұрақты тұру үшін ықтиярхат алу, одан кейін азаматтық алу мүмкіндіктері қарастырылады. Дәл осындай мүмкіндікті тапшы мамандықтар бойынша оқитын шетелдік студенттер қатарынан магистранттар мен бакалаврларға да беру қарастырылған.
Екінші бағыт, бұл – бизнес-иммиграция. Инвестиция тарту үшін әлем мемлекеттері арасындағы бәсекелестік жыл өткен сайын күшейіп келеді. Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мемлекеттерінің тәжірибесіне сүйене отырып, инвестициялық виза берудің төменгі шегін 300 мың АҚШ долларына дейін азайту қарастырылған. «Инвесторлық виза» енгізу ұсынылады. Бұл виза Қазақстан аумағында тұруға, бизнесін тіркеуге, мүлікке иелік етуге, қызметкерлер жалдауға, қаржы төлемдерін жүргізуге және олардың кәсіпкерлік қызметінен туындайтын басқа да операцияларды еркін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Үшінші бағыт аясында елімізде тапшы болғандықтан, сырттан жиі тартылатын мамандықтар бойынша шетелден 100 үздік маманды тарту көзделіп отыр. Мұндағы негізгі мақсат – білім трансферті және осы кәсіптер бойынша өз мамандарымызды даярлау. Олардың Қазақстанда тұруына ықтиярхат беру мүмкіндігі қарастырылған «Бағалы дағдылар визасы» енгізіледі. Сонымен бірге «Құнды дағдылар рейтингі» жасалады. Бұл рейтингтегі тапшы кәсіптер мен мамандықтар тізімі үнемі жаңартылып отырады. Екіншіден, көрші елдерден келетін, соның ішінде тіркеусіз, бейресми арналар арқылы келіп жатқан еңбек мигранттарының қозғалысын есепке алуды күшейту көзделіп отыр. Еңбек мигранттарын тарту жеке тұлғалардың нақты сұранысына сай айқындалады. Сондай-ақ мигранттардың жұмыс орнына қатаң бақылау орнатылатын болады.
Келесі, яғни төртінші бағыт этникалық көші-қонды реттейді. Бұл бағытта негізгі екі мәселе бар: біріншісі – шетелде тұратын этникалық қазақтардың әлеуетін пайдалану. Осы мақсатта америкалық Грин картаға ұқсас «Ата жолы» картасын енгізу ұсынылады. Бұл құжат жоғары деңгейдегі кәсіби маман немесе өздері тұратын елдерде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда жүзеге асыруға ықыласты қазақтарға берілетін болады. Мұндай азаматтар 10 жылдық жеңілдетілген виза рәсімдеп, Қазақстанда өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік алады. Оларды тарихи Отанын дамытуға қосқан үлесі үшін жыл сайынғы «Парыз» байқауы аясында Президент сыйлығымен марапаттауды ұсынамыз.
Одан бөлек, елге келетін қандастардың көші-қонын реттеу тетіктерін жетілдіреміз. Яғни, еліміздегі демографиялық және экономикалық үрдістерді ескере отырып, құжаттарды рәсімдеудің алғашқы кезеңінде қандастарды еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстануға қосымша ынталандыру ұсынылады.
Бесінші бағыт – босқындармен жұмыс. Министрлік уәкілетті органдармен бірлесіп, ұлттық заңнама нормаларын Біріккен ұлттар ұйымының стандарттарына сай имплементациялау бойынша ұсыныстар әзірлейтін болады.
Алтыншы бағыт – Қазақстан азаматтарының еңбек мигранты ретінде шетелге шығуына қатысты. Бұл – жаһандық тренд. Сондықтан біз оған шектеу қоя алмаймыз және шектемеуіміз керек. Біздің міндетіміз – олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету. Осы мақсатта қазақстандық еңбек мигранттары барынша көп шоғырланған елдермен олардың құқықтарына кепілдік беретін мемлекетаралық келісімдер пакетін жасауды ұсынамыз. Осы келісімдерге сәйкес, Сыртқы істер министрлігінің шетелдердегі құрылымдары Қазақстан азаматтарының құқығын қорғайтын болады.
Жетінші бағыт – еңбек күшінің тапшылығы бар өңірлерге ішкі ұтқырлықты ынталандыру. Ол үшін азаматтарды көшіп барған жерінде жұмыспен қамтамасыз ету және олардың баспаналы болуына мүмкіндік жасау керек.
Көші-қон ағынын есепке алу үшін көшіп-қонушылардың 13 бағыты бойынша бірыңғай ақпараттық жүйе құру ұсынылады. Бұл өз кезегінде, «бір терезе» қағидаты бойынша рұқсаттама құжаттарын онлайн әзірлеуге, үрдістерге мониторинг жүргізуге, көшіп-қонушыларды сандық идентицикациялауға, олардың қаржылық операцияларын тексеруге, қажет болған жағдайда қозғалысы мен орналасқан жерін мониторинг жасауға мүмкіндік береді.
Осылайша, азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алуы жеңілдейді, уақытын үнемдейді, мемлекеттік органдармен тікелей байланысын барынша азайтады. Ал мемлекет үшін бірыңғай есепке алу, мигранттар туралы деректерді бірізді және қолжетімді ету, сондай-ақ көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтау жеңілдей түспек.
Жалпы, еліміз халық саны бойынша көші-қон есебінен емес, табиғи өсім арқылы ғана ілгерілеп келеді. Сондықтан бұл бағыттағы проблемалардың шешілуі ішкі-сыртқы саясат тұрғысынан аса маңызды. Дегенмен көші-қон мәселесі мен елдің өмір сүру жағдайы, елдегі халықтың өмір сүру сапасы, елдің жалпы әлеуеті тығыз байланысты екенін естен шығармаған жөн.