Үйлерді аралап, әйелдерді соққыға жыққан сарбаз жұмысын жалғастыра ма?

Үйлерді аралап, әйелдерді соққыға жыққан сарбаз жұмысын жалғастыра ма?

Үйлерді аралап, әйелдерді соққыға жыққан сарбаз жұмысын жалғастыра ма?
ашық дереккөзі
Жамбыл облысы Құлан ауылында үйлерді аралап жүріп, тек әйелдерді сабаған әскери қызметкер қатаң жауапқа тартылуы мүмкін. Оған қатысты тергеу жұмыстары басталды деп хабарлады turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап. Жауынгердің қолынан үш келіншек зардап шеккен. Миы шайқалып, көзі көгерген бір жәбірленуші емделіп жатыр. 22 жастағы әскери қызметкер екі кеште біреудің үйіне баса-көктеп кіріп келіп, ас үйде алаңсыз жүрген 44 жастағы әйелді төпелеп тастаған. Артынша қызына да жұдырық ала жүгірген. Отағасы түпкі бөлмеден шыққан бойда бұзақының жағасына жармасқан. Азамат Тәжиевтің сөзінше, бұзақы алдымен дүкеншіні отбасымен сабаған. Мына кадрлар сол жерде түсірілген. Артынша бірінші қабаттағы көрші әйелді ұрып, соңынан менің үйіме көтерілген дейді. 47 жастағы азамат жауынгер көңілді отырыстан шыққан болуы мүмкін деп болжап отыр.
«Оны полиция қызметкерлеріне тапсырдық. Бұзақылықпен тіркелген, негізінде шабуылмен тіркеу керек еді. Соған шара қолдануларыңызды сұраймын. Шығып кете ме деп қорқамыз», - дейді Т.Рысқұлов ауданының тұрғыны Азамат Тәжиев.
Жауынгерден таяқ жегендер қазір емделіп жүр. Біреуінің миы шайқалып, көзі көгерген. Ал әскерилер әріптесіміз қатты ұятқа қалдырды дейді. Қазір осы дерек бойынша тексеріс басталған.
«Келісімшарт негізіндегі әскери қызметкер өзінің еңбек демалысында тұрғындарға қарсы заңға қайшы әрекетке барды. Оның ішімдік ішкені белгілі болды. Тергеп-тексеру қорытындысынан кейін оның әскери қызметін жалғастыруы, не жалғастырмауы анықталады. Ол заң талабына сай жазаланады», - дейді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Тараз гарнизонының баспасөз хатшысы Дина Мухаринова.
Тәртіп сақшылары да осы дерекке қатысты іс қозғады. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, оған 6 миллион теңге айыппұл салынады немесе 2 жылға түрмеге қамалуы мүмкін. Ал жәбірленушілер оны қатаң жазаға тартуды талап етіп отыр.