ОҚО-да Жедел жәрдем қызметіне 30 көлік тапсырылды
ОҚО-да Жедел жәрдем қызметіне 30 көлік тапсырылды
Оңтүстік Қазақстан облысындағы жедел жәрдем қызметіне 30 автокөлік табыс етілді. Медицина мамандарының қуанышымен бөлісе барған облыс әкімі Ж.Түймебаев денсаулық сақтау саласына мемлекет тарапынан бөлініп келе жатқан көңілдің орасан екенін, әлі де саланы дамытып, жетілдіруде қыруар шаруаның атқарылатынын жеткізді.
«Бүкіл дүние жүзінде жедел жәрдем қызметі 7 минутқа дейін, ары кеткенде 10 минутқа дейін баруы керек. Өкінішке қарай, кейбір жерлерде бұл шарттар мен талаптар орындалмай жатады. Сондықтан, бүгінгі сыйға тартылған автокөліктер осы қиындықтарды жойып, азайту мақсатында беріліп отыр. Жалпы, облыста жедел жәрдем қызметін көрсететін 261 көлік бар. Оның 20 пайыздан астамы бүгінгі күнге жарамсыз деп айтуға болады. Сол себепті, оларды жыл сайын азайтып, орнын жаңа көліктермен алмастырып отыратын боламыз. Сіздерден талабымыз - төтенше жағдайлар кездерінде облыс тұрғындарының денсаулығын барынша сақтап қалуға тырысып, үйлеріне тез жету, көмектесу, құтқару мәселесінде аянбай қызмет ету», - деді Жансейіт Қансейітұлы жедел жәрдем қызметінің мамандарымен жүздесуде.
Басқосуда әкім жедел жәрдем қызметіндегі мәселелерді шешу үшін өңірде биыл 8 қосымша бригаданың құрылатынын айтып, осы жылдың еншісіне тағы да 22 көліктің тапсырысқа берілгенін хабарлады. Сондай-ақ, ол Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы модернизациялау бойынша жұмыстардың жүргізілетін де айтты.
Бүгінгі пайдалануға берілген 30 көліктің 20-ы Шымкент қаласына, 10-ы облыс аудандарына беріліп отыр. Бұл үшін облыстық бюджеттен 418 млн. теңге қаралған. Ал 2017 жылға облыстық бюджет есебінен 535 млн. теңгеге тағы 22 дана автокөлік сатып алу жоспарлануда.
Айта кету керек, ОҚО-да жедел жәрдем көмегі Шымкент пен Түркістан қалаларындағы 2 станция мен 16 емханаға қарасты аудандық, қалалық бөлімшелерде қызмет көрсетеді. Аталған құрылымдарда барлығы 194, оның ішінде, 78 дәрігерлік, 88 фельдшерлік, 28 мамандырылған (кардиореанимация, интенсивті терапия - 17, жан сақтау - 6, психиатриялық - 2) бригадалар жұмыс істейді.
Облыс көлеміндегі жедел жәрдем көмегі 261 дана санитарлық автокөліктермен қамтылған. Оның ішінде, Шымкент қаласы бойынша - 117 дана, ал қалған 144 данасы аудандық, қалалық бөлімшелерге тиесілі. Олардың 37-сі техникалық тозығының жетуіне байланысты тізімнен шығаруды, ал 15 данасы күрделі (ағымдағы) жөндеу жұмыстарынан өткізуді қажет етеді. Көліктер радиобайланыспен 100 пайыз, GPS навигациясымен 88,2 қамтамасыз етілген. Медициналық құралдармен жабдықталуы 84,5 пайызды құрайды.
Оңтүстік Қазақстан облысында Жедел жәрдем қызметінің санитарлық автопаркін жаңалау тұрақты түрде жүргізілуде. 2012-2015 жылдар аралығында 100 дана автокөлік сатып алынып, қажеттілікке байланысты пайдалануға берілді.