15 Сәуір 2015, 07:56 4130 0 Жаһан Еркежан ЖҰМАТАЙ

Жер бетіндегі адам саны 7,3 миллиардқа жетті

Жер бетіндегі халық саны 7,3 миллиардқа жетті. Сондай-ақ, жыл сайын 81 млн. адамға артып отыр. Аталған деректер БҰҰ-ның Жер халқы және оның дамуы бойынша комиссиясының 48-сессиясында белгілі болды. Бұл туралы БҰҰ-ның ақпараттар орталығына сілтеме жасап Egemen.kz хабарлады.

Соңғы 25 жылда Жер халқы 2 млрд. адамға көбейген. 1990 жылғы дерек бойынша 5,3 млрд. адам деп көрсетілсе, биылғы анықтамада әлем халқы 7,3 млрд.-қа жеткені айтылған. Осы қарқынмен көбейсе, 2030 жылы 8,4 млрд. адамға жетеді. Еуропадан басқа барлық құрлықта жан саны алдағы 15 жылдың ішінде кемінде 10 пайызға артпақ. Тіпті, Африкада 40 пайызға көбейеді. Ғалымдардың айтуынша, 2030 жылға қарай жер бетіндегі әр бесінші азамат африкалық болмақ. Ал Еуропада, керісінше, туу саны азаюына байланысты жан саны 1 пайызға кемиді. Сонымен қатар, 2015-2030 жылдары әлем бойынша 2,1 млрд. бала дүниеге келеді. Бұл соңғы 15 жылмен салыстырғанда 2 пайызға көп.

Жаңа туған сәбилердің жартысы азиялық болмақ. Қазіргі күні 60 жастан жоғарғылардың қатары өте тез артып келеді. Бұл үрдіс, әсіресе, Еуропа мен Солтүстік Америкада ерекше байқалады. Аталған құрлықтағы дамыған елдерде әрбір бесінші тұрғынның жасы 60-та немесе одан асқан. Мұның себебі, ол жерлердегі туу санының былайша түсіндіріледі. Көптеген елде орташа өмір сүру ұзақтығының артуына байланысты алдағы уақытта әлем бойынша егде жастағы жандардың қатары артады. 2030 жылы бұл буын әлем халқының 16 пайызын құрамақ. БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб пәтерінде өтіп жатқан Жер халқы және оның дамуы бойынша комиссияның 48-сессиясында осы мәселе де күн тәртібіне қойылған. Ұйымның бас хатшысы Пан Ги Мун сессияға қатысушыларға арнап әлем елдерінің дамуда бір-біріне тәуелді екеніне және демографиялық өзгерістерге қатысты жолдауын жариялады. Сондай-ақ, ол жастар мәселесі мен әлем халқының өте тез қартайып келе жатқанына назар аударды. Одан бөлек, қала тұрғындарының саны күрт өскенін айтқан ол: «Алдағы уақытта бұл үрдіс жалғаса бермек. Тіпті, қала маңына шоғырлану бұрынғыдан да тез қарқынмен жүреді» – деді.

Соңғы жаңалықтар