Тәжікстан ЕАЭО-ға кіру мүмкіндіктерін қарастырып жатыр
Тәжікстан ЕАЭО-ға кіру мүмкіндіктерін қарастырып жатыр
Тәжікстанның кеден қызметі төрағасының орынбасары Хуршед Каримзода ел үкіметі Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) кіру мәселесін жан-жақты талқылап, оң және теріс тұстарын таразылап жатыр деп мәлімдеді. Оның айтуынша, одаққа кірген елдердің қазіргі жағдайын да зерттеуде.
Каримзода ең басты кезекте таза бәсекелестіктің қамтамасыз етілуіне мән береміз дейді. Ол үшін өндірілетін өнімдердің бағаларын қайта қарап шығу керек деп атап өтті. Оның пікірінше, ұйымға алғаш кірген үш мемлекет Ресей, Белоруссия және Қазақстанда өндіріс ошағы кең дамыған және оларда өздерінің өнімдерін ортақ нарыққа ұсынуға мүмкіндіктері үлкен.
«Армения мен Қырғызстан ұйымға кейінірек кірді. Енді Тәжікстан олардың тәжірибесін зерттеп жатыр. Себебі егер ел одаққа кіретін болса, алда не күтіп тұрғаны белгісіз. Мұнан бөлек Тәжікстанға бұл пайдалы болады ма, әлде зардап шегеміз бе, бұл жағы да түсініксіз болып тұр», - дейді Каримзода.
Бүгінде ЕАЭО-ға Ресей, Армения, Белоруссия, Қырғызстан және Қазақстан елдері мүше.