«Еліміздегі әдеби процестен бейхабар екенсің» – Исабеков Мағауинге жауап берді

«Еліміздегі әдеби процестен бейхабар екенсің» – Исабеков Мағауинге жауап берді

«Еліміздегі әдеби процестен бейхабар екенсің» – Исабеков Мағауинге жауап берді
ашық дереккөзі
Қараша айында жазушы Дулат Исабеков «Мұхтар Мағауиннің бүкіл позициясы маған ұнамайды» деп Nege.kz порталына сұхбат берген болатын. Осыдан кейін жазушы Мұхтар Мағауин Дулат Исабековке: «Оралханды да, Құдайыңды да ұмытқан екенсің», – деп жауап берді. Осы жауаптан кейін жазушы Дулат Исабеков Aikyn.kz редакциясына пікірін айтып, хат жолдады деп жазды turkystan.kz.

Жалғыз жалау желбіреп, 

Тұманды теңіз өрінде.

Жат жерде жүр не іздеп?

Несі бар туған жерінде?

М.Ю.Лермонтов

МҰХТАР МАҒАУИНГЕ ЖАУАП Мағауиннің хатын оқып шығып, жауап бергім келмеп еді. От басындағы әйелдердің қысыр әңгімелері сияқты хатқа жауап беріп жату артық сияқты көрініп еді. Бірақ, «Оралханды да, құдайыңды да ұмытқан екенсің» деген ғайбат сөзі намысымды келтірді. Ол екеуін  де ұмытқанымды қай қылығымнан көріп едің? Оралхан менің мәңгі есімде. Ол қайтыс болғанда бір жылға дейін өзімді жалғыз қалғандай сезініп жүрдім. Ол түсіме жиі кіреді. Жақсы киінген әп-әдемі қалпы. Сағынып, құшақтасып, көрісіп жатамыз. Сондай кезде бәйбішем (тірі кезінде) жеті шелпек пісіріп, Оралханның рухына арнап Құран да оқып қоятынбыз. Ол туралы «Өмір деген ертегі» деген көлемді мақала да жаздым, 50 жылдығын елінде атап өтіп, мен баяндама жасадым. «Мемлекеттік сыйлықты біз болмасақ (Рымғали Нұрғалиев) осы уақытқа шейін ала алмас едің» депсің. Ол қандай сәуегейлік? Мемлекеттік сыйлық алу басты мақсат па еді? Осы комиссияға ұзақ жылдар бойы мен де мүше болдым. Кейбір талантты жазушыларға бір-екі дауыс жетпей тұрғанда, комиссия отырысында пікірімді ашық айтып, соның арқасында олардың кейбіреулері лауреат атанып еді. «Мен болмасам, сен ешқашан мемлекеттік сыйлық ала-алмас едің» деп отыз жыл бойы міндет қыла беруім керек пе? «Баяғыда бір тостақ ұн беріп едім» деп бергенін айтып қоймайтын ауылдағы қазымыр кемпірлердей, отыз жылғы еселі  оқиғаны әлі ұмытпағаныңа таңқалам. Ал, комиссия отырысы кезінде кімді қолдап, кімге дауыс бергенім есімде жоқ. «Жалын» журналында редактор болып жүрген кезімде, орынбасарым Төлен Әбдіков айтып қоймаған соң бір нашар повесін қысқартып, өңдеп, әрең жариялап едім» депсің. Ол қай кез? «Жалын» журналында менің «Тіршілік» деген повесім ғана жарияланды. Тұманбай Молдағалиев редактор боп тұрған кезде. Басқа «Гауһар тас», «Дермене», «Үндемес» (кейін «Сүйекші») «Жұлдыз» журналында жарияланды. Бірде-бір шығармамның бір сөзі өзгеріп көрген емес. «Қарғын» романын жол-жөнекей сәтсіз туынды деп іліп кетіпсің. Сол роман бүгінгі таңда төрт рет қайта басылды. Он мың таралыммен. Сол роман ағылшын тілінде жуық арада жарыққа шықты. Бұған дейін ағылшын тілінде «Гауһар тас», «Біз соғысты көрген жоқпыз», «Өкпек жолаушы», «Аққу әні» деген  кітаптарым жеке-жеке кітап боп шығып, «Аққу әні» деген таңдамалы пьесалар жинағымның Ұлыбританияның Лордтар палатасында тұсауы кесілді. Екі лорд сөз сөйлеп, ағылшын парламентінің депутаты, баронесса Алисон Сати баяндама жасады. «Алапат аптап, ызғарлы жел, оянған дала» деген атпен бес повесть, үш әңгімем швед тілінде басылып шықты. Аударған – швед  академиясының мүшесі, Нобель сыйлығының лауреаты Бент Самуэлсон. Ол енді «Қарғын» романын аудармақ. Биылғы жылдың 13-17 қазан айында Алматыда «Исабеков әлемі» атты II халықаралық театр фестивалі өтті. Оған Қазақстаннан басқа Түркия, Грузия, Австралия театрлары қатысты. Әлемнің он елінде пьесаларым қойылып жатыр. Соның ішінде «Бөрте» драмасы дүние жүзін аралап кетті. Өзің айтқандай, шығармаларым әлжуаз болса, шетел театрлары қоймас еді, шетел баспалары үлкен-үлкен алғысөзбен басып шығармас еді. Мен Мәскеуден 2016 жылы шыққан төрт томдық таңдамалы шығармалар жинағым жайлы, ол жөнінде шыққан мақала туралы айтпасам да болады. Мұның бәрін жазуыма менің шығармаларыма деген қасақана кемсіту сарынында жазылған пікірлерің түрткі болды. «Мені жаңа шығармалар жазған жоқ» деп те кінәлапсың. Алыста жатып, еліміздегі әдеби процестен бейхабар екенсің. «Қоштасу вальсі», «Ержеткенше», «Алаңсыз ауыл», «Жүз жылдық арман», «Мәңгілік қағида» атты повестер мен әңгімелер, бірнеше пьесалар жазылды. «Ержеткенше» повесім француз тілінде жарық көріп үлгерді. Мен өзің айтқан Р.Нұрғалиевпен талай кездесіп, ағалы-інідей сырлас боп жүрдік. «Біз болмасақ, мемлекеттік сыйлық ала алмас едің» деп айтпақ түгілі, ол туралы сөз де қозғамайтын. Ол нағыз ғалым еді ғой, ұсақ-түйекті сөз қылмайтын. Жазушылар одағының басшысын сайлау алдында Назарбаев бес-алты жазушыны жинап, «Одақтың келесі басшылығына кімді ұсынасыңдар?» деп сұрағанда  Рекең менің атымды атап еді. 2006 жылы Санкт-Петербургтегі Малышицкий театры менің «Тор» («Сети дьявола») атты пьесамды қойғалы жатқанын Астанадағы бір жиын кезінде айтып қалып едім, бір ақын: «Қай театр екен?» деп сұрай қалып еді, Рекең: «Қай театр екенінде шаруаларың болмасын, қазақ пьесасын Ресейдің завод-фабрикаларындағы көркемөнерпаздар театры қойып жатса да қуануымыз керек. Қазақ пьесаларын Қазақстандағы орыс театрлары қоймай жатқанда, Петербург театры сахналап жатса үлкен қуаныш емес пе?» деп шын жүректен құттықтап еді. Рекең жан-дүниесі таза, түсінігі терең азамат еді. Санкт-Петербург театры төрт-бес жылдың ішінде менің үш пьесамды сахналады. «Тор» (Малышицкий театр), «Өкпек жолаушы» («Транзитный пассажир») «Эксперимент» театрында, режиссері – В.Хоритонов, «Құстар фестивалі» С-Петербургтің мемлекеттік комедия театрында қойылды. Соңғы екі театрдың екеуі де Алматыға келіп, спектакльдерін көрсетіп кетті. «Академ кітап» баспасынан менің өмірім мен шығармашылығым жайлы «Өнегелі өмір» атты 450 беттік кітап жарық көрді, жоғары оқу орындарының филология факультеттері мен Өнер академиясының студенттері үшін «Театр мен кино әлемі» атты оқулық жазып бітірдім. Ол кітап министрліктің сараптамасынан өтіп, «Жалын» баспасынан шыққанына бір апта ғана болды. Түркияның «Temrin» атты әдеби журналы бір нөмірін тұтастай менің шығармашылығыма арнапты. Түркияның ең үлкен баспасы менің 2 томдық шығармалар жинағымды шығармақшы. Наурыз айында Стамбулда тұсаукесері өтеді. Шығармашылықтан тыс ел ішіндегі оқиғаларға араласпай қалған кезім болған жоқ. Жаңаөзен мен Маңғыстау мұнайшыларының қозғалысына жазушылардың ішінен бірінші боп мен қолдау білдірдім. Оны барша жұрт жақсы біледі. Коронавирус деген бәле шыққанда ондай індеттің алдын алу үшін «Дүрліккен дүние, бейғам Қазақстан» атты мақала жаздым. Өзіңді қолдаушы бір адам мені «шетел қазақтарының тірлігіне араласпайды» деп беталды айта салыпты. Япыр-ай, ештеңеден бейхабар ол қандай адам? Соқыр, мылқау, керең болмаса Ассамблеяның 15 жылдығына орай Астанада өткен жиында Президент Назарбаевқа: «Моңғолиядан келген 800 қазақ квота бойынша тиісті ақшаларын ала алмай, екі жыл бойы мал қорада түнеп, ақыры Моңғолияға қайтып кетті. Осы іске жауапты адамдар жауапқа тартыла ма, жоқ па?» деген сұрағыма Президент «Тартылады» деп, Көші-қон комитетінің төрағасы Талғат Мамашевты тұрғызып қойып жауап алып еді. Бірақ, ол жауапқа тартылған жоқ. Осы хабарды теледидардан көрген моңғол мен қытай азаматтары маған телефон соғып, рахмет айтып жатты. Айтпақшы, Моңғолиядан көшіп келіп, үйсіз жүрген 7 баласы бар бір отбасына Талғардың бер жағындағы екі қабатты саяжайымды тегін беріп едім. Осыдан бір ай бұрын қазақ телевизиясы сол адамдарды тауып алып, арнайы хабар түсіріп қайтты. «Жаужүрек» пьесасы С.Мұқановтың «Балуан Шолақ» повесінен көшіріп алынған» деген ғайбат сөз де әйтеуір бір жерден кінә тағу үшін айтылған даурықпа сөз. Онда мен тарихи фактілер мен құжаттарды ғана пайдаландым. Ондай тарихи деректер баршаға ортақ. Сұлтан Бейбарыстың жусанды иіскеп елін есіне түсіретінін М.Симашко тапқан деталь барлық пьеслаар мен кинофильмдерде көшіп жүр. Оны да көшірме деп қалай айта аламыз? Ол да тарихи деталь. «Бөрте» пьесасын «Шыңғыс хан» атты тетралогиямнан көшіріп алған деген сынды пікір айтыпсың. Мен ол кітапты оқымақ түгілі, қолыма ұстап көрген адам емеспін. Қорамда мың қой тұрып, біреудің тышқақ лағын ұрлап қайтемін? Көңілге толар басқа кінә табылмаған соң мені «Жолдас Исабеков Совет жазушысы» деп мұқатқан болыпсың. Біз бәріміз Совет жазушыларымыз, Бейімбет Майлиннен бастап. Ал, Совет жазушысы бола қояйын, советтік идеологияны қолдаған бір шығармамды тауып көріңдерші. Керісінше, 80-жылдардың орта тұсында жазылған «Социолизм зәулімі» («Небоскребы Социолизма») деген әңгімем социализмнің құлауы жайлы емес пе? Сол әңгімені Мәскеуден шығатын «День» деген оппозициялық газет жариялап, біраз шу болған жоқ па еді? Ал «Ескерткіш» деген әңгіме Совет бюрократиясына қойылған «ескерткіш» деп бағаланған еді ғой. Көргісі келмеген адам ештеңені көрмейді екен-ау! Ал өзің болсаң, ағылшын тілінің қақ ортасында – Америкада тұрып жатырсың. Қазақ әдебиетін Америкада насихаттауға, өзгенің болмаса да өз шығармаң арқылы танытуға мүмкіндігің бар еді ғой. Сол мүмкіндікті неге пайдаланбай жүрсің? Бұл хатқа да жауап іздеп, көрсе де көрмегенсіп, білсе де білмеген боп, беталды сөйлейтін дымбілместерге айтарым: алдымен, менің атқарған осындай жұмыстарымның оннан бір бөлігін істеп көріңдер. Бәрің шулап, қолдан жасаған садақтарыңмен, рогаткаларыңмен қанша атсаңдар да оқтарың маған жетпейді. Мен тым алыстап кеткенмін. Әзірге айтарым осы. Дулат Исабеков  11.12.22 жыл