Жаңалықтар

Аманаттықтар шалғайдағы ауыл тұрғындарымен кездесті

ашық дереккөзі

Аманаттықтар шалғайдағы ауыл тұрғындарымен кездесті

«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауының сапары жалғасуда. Осы аптада партиялықтар Маңғыстау және Жетісу облыстарында болды деп хабарлады turkystan.kz. Аманаттықтар Маңғыстау облысының шалғайдағы ауылдық елді мекендерінде азаматтарды қабылдады. Қарақия ауданы Құланды ауылының тұрғындарын интернет-байланыс, газбен жабдықтау, жолға асфальт төсеу мәселелері толғандырып отыр. «Қазақтелеком интернет пен телефон сымы тартылған бағандарды орнатты. Алайда олар уақыт озған сайын тозып, қаусап барады. Егер осы қалпында тұра беретін болса, біреудің үстіне құлап кете ме деген қауіп бар. Жаңа баған орнату қажет», – деді жергілікті тұрғын Меңдібай Ағиев. Құланды ауылы Ақтау қаласынан 160 шақырым жерде орналасқан. Жергілікті тұрғын Нұргүл Сарманованың айтуынша, осынау арақашықтыққа қарамастан, тұрғындар облыс орталығына баруға мәжбүр. Онда біреу жұмыс істейді, енді біреу оқу оқиды. Сонымен қатар, дәрігерге қатынап тұратын зейнеткерлер де бар. «Тұрақты қоғамдық көлік жоқ. Таксидің ақысын әркімнің қалтасы көтере бермейді. Студенттер, көпбалалы отбасылар бар. Сондықтан бұл мәселе өте өзекті», – деді ол. Бұдан соң партиялықтар Мұнайлы ауданы Баянды ауылының тұрғындарымен кездесті. Мұнда тұрғындарды ең алдымен ауыз су сапасы, оқушы орнының тапшылығы және тағы басқа мәселелер алаңдатып отыр.