Министрлік пен Бас прокуратура депутат сауалына жауап берді

Министрлік пен Бас прокуратура депутат сауалына жауап берді

Министрлік пен Бас прокуратура депутат сауалына жауап берді
ашық дереккөзі
Жақында жариялаған сахна әдебі, web сериалдар мен кинотеатрларда жас санаты ескерілмей көрсетіліп жатқан фильмдерге қатысты көтерген депутаттық сауалға Бас прокуратурадан, Мәдениет және спорт министрлігінен жауап келді. Бұл туралы Мақпал Тәжмағамбетова Facebook парақшасында жазды деп хабарлады turkystan.kz.
«Бас прокуратура біз айтқан сынды мақұлдай отырып, «Пацанская история» фильмі 2022 жылғы 16 қарашадан бастап Астана қаласының Еуразия Синема-7 кинотеатрында заңды бұза отырып, кешкі сағат 20:00-де, Cinemax, Цезарь кинотеатрларында жəне Алматы қаласының Арман киноорталығында кешкі сағат 16:00-ден кешкі 21:00-ге дейін көрсетілгенін анықтаған. Осындай жағдай еліміздің басқа кинотеатрларында да орын алған деп отыр. Кинематография саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізуде Қазақстан Республикасының аумағындағы фильмдерді прокаттау мониторингісіне жауапты Мəдениет жəне спорт министрлігі қолдарында құқықтық негізде мүмкіндік бола тұра заңбұзушылықтың жолын кеспеген. Негізінде мəдениет туралы заңнаманың (оның ішінде жас санаты бойынша фильмдерді прокаттау) талаптарын бұзғаны үшін «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің (бұдан əрі – ӘҚБтК) 156-бабы бойынша əкімшілік жауаптылық көзделген. ӘҚБтК-нің осы бабы бойынша жазаларды облыстың, республикалық маңызы бар қалаларының жəне астананың, ауданның (республикалық, облыстық маңызы бар қалаларының жəне Астананың) əкімі жəне оның орынбасарлары (ӘҚБтК-нің 729-бабы) қолдануға құқылы»  деп жазды Мақпал Тәжмағамбетова.
Оның айтуынша, мұндай əкімшілік құқықбұзушылықтар үшін кинематографиялық қызметтің бірде-бір субъектісі 2015 жылдан бастап (ӘҚБтК қабылданған сəттен кейін) жауапқа тартылмаған.
«Жоғарыдағы мəн-жайларды назарға ала отырып, Бас прокуратура Үкіметке, жергілікті атқарушы органдарға, Мəдениет жəне спорт министрлігіне кинематография саласында қажетті шаралар (фильмдерді прокаттау мониторингін жүргізу, əкімшілік жауаптылыққа тарту, жас шектеулері бар фильмдерге прокаттау куəліктерін беру кезінде бақылауды күшейту жəне т.б.) қабылдау туралы тапсырма бергенін айтады. Ал Мәдениет және спорт миниистрлігі ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушыларға және әртістерге қойылатын талаптарды қатаңдатуға қатысты ҚР Әділет министрлігі бастамашылық еткен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заң жобасы резонанстық заң жобалардың тізбесіне енгізілгенін, осы заңға түзетулер әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Түзетулерге сәйкес сахна әдебін бұзғандар 150 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін әкімшілік айыппұл салу ұсынылуда дейді» деп жазды  депутат.
Осы мәселені Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі өз қадағалануына алып, тиісті тапсырмалар берген екен. 1) Ішкі істер министрлігі Бас прокуратурамен, жергілікті атқарушы органдармен, «Атамекен» ҰКП-мен (келісім бойынша), Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, 21+ санаты бар фильмдердің отандық кинотеатрларда заңда көрсетілген уақыттан тыс және жас жіктемесін сақтамай көрсетілуін бақылау бойынша тиісті іс-шараларды тұрақты негізде жүргізуді қамтамасыз ету қажеттілігі. Алдағы уақытта Мәдениет және спорт министрлігін, Ішкі істер министрлігін республика аумағындағы кинотеатрларда фильмдерді көрсетуге жұртшылықтан келіп түскен шағымдар мен наразылықтар туралы уақтылы хабардар етуді. 2) Ақпарат және қоғамдық даму, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, «Aitube», «YouTube» хостингінде және т.б. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында тыйым салынған ақпаратты қоса алғанда, дөрекі жаргоны, бейпіл сөздері бар фильмдерді бұғаттау жөнінде шаралар қабылдауда. 3) Мәдениет және спорт министрлігі кинематографистер мен кино индустриясының белсенді қайраткерлері арасында Қазақстан аумағында көрсетілетін фильмдерді шығару және дыбыстау кезінде ҚР Конституциясымен тыйым салынған ақпаратты қоса алғанда бейпіл сөздерді, дөрекі жаргондарды пайдалануға қатысты ҚР Заңын сақтау қажеттілігі туралы тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізсін және тиісті мониторинг пен бақылауды қамтамасыз ету керек. ҚР Премьер-министрдің орынбасары С.М. Жұманғарин осы тапсырмаларды бақылауды және іске асыруды қамтамасыз етіп, қорытынды ақпаратты Президент Әкімшілігіне 2023 жылғы 20 ақпанға дейін енгізуді тапсырған. «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы бұл мәселені назарда ұстай отырып, заңнамалық негізде жүйелі шешуге бағытталған жұмысты жалғастыра бермек.