Жаңалықтар

Астанада робототехникадан қалалық чемпионат басталды

ашық дереккөзі

Астанада робототехникадан қалалық чемпионат басталды

11 желтоқсан күні Астана қаласындағы №8 мектеп-лицейде робототехникадан «Robotek Grand Tournament» қалалық чемпионатының іріктеу кезеңі басталды деп хабарлады turkystan.kz. Жарысқа 53 мемлекеттік мектеп, 6 жекеменшік мектеп, робототехника бойынша 8 жекеменшік үйірме, НЗМ, Оқушылар сарайынан барлығы 187 команда қатысып жатыр. Сайысты қалалық әкімдіктің қолдауымен «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы мен «Robotek.kz» робототехника мектебі бірлесе отырып ұйымдастырды. «Елордада робототехникадан чемпионат биыл екінші рет өткізіліп жатыр. Чемпионатты өткізудегі негізгі мақсат – Қазақстанда инженерия және робототехника салаларын дамыту. Былтыр өткен сайыс қалалық деңгейде ғана шектелсе, биылғы жылдың ерекшелігі чемпионат республикалық деңгейге көтеріледі. Әр өңірден іріктелген мықты командалар келесі жылы бақ сынайды. Себебі, балалардың қызығушылығы ерекше, әрі бұл салаға сұраныс бар. Сондықтан қатысушы командаларға сәттілік тілеймін», - деді «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының басшысы Ғажденбек Тұрсынов. Роботтарды жобалау, бағдарламалау және техникалық мамандықтарды дәріптеуге бағытталған чемпионат үш күнге созылады. Оған қатысушы 10-17 жас аралығындағы оқушылар жас ерекшелігіне қарай «Робо-сумо», «Кегельринг-квадро», «Сызық бойымен жарыс», «Биатлон», «Эстафета», «Лабиринт» атты 7 санат бойынша бақ сынайды.