Жаңалықтар

Еркебұлан Қайназаров «Алтын домбыра-2022» иегері атанды

ашық дереккөзі

Еркебұлан Қайназаров «Алтын домбыра-2022» иегері атанды

Түркістанда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орайластырылған «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы өз мәресіне жетті. Айтыссүйер қауым асыға күткен жыр аламаны «AMANAT» партиясының қолдауымен өтті деп хабарлады turkystan.kz. Қазылар алқасының төрағасы, көрнекті өнер қайраткері Асанәлі Әшімов түркі әлемінің рухани астанасын дүбірге бөлеген айтулы доданың мәні мен маңызына тоқталып, жылы лебізін білдірді. «Түркістан – ер түріктің бесігі» деп Мағжан Жұмабаев жырлаған ұлы, тарихи қалада «Алтын домбыраны» өткізейік деген шешім қабылданды. Онысы дұрыс. Атағы мен абыройы бар ақындардың жақсылары келіп, халыққа өнер көрсетті. Түркістан халқының әл-ауқаты түзеліп, мәдениеті көтерілсін деп тілеймін. Ел аман болсын!» – деді Асанәлі Әшімов. Ал жүлделі І орынды алматылық Рүстем Қайыртайұлы иеленді. ІІ орынға Біржан Байтуов пен Шұғайып Сезімхан лайық деп танылды. ІІІ орынды Талғат Мықи (БҚО), Хазірет Бердіхан (Алматы) және Мөлдір Айтбай (Қызылорда) өзара бөлісті. Арнайы жүлде Нұрлан Есенқұловқа (Түркістан), Арғынбек Қалбаевқа (Маңғыстау) және Қалижан Білдәшевке (Шымкент) бұйырды. Барша ақынға қаржылай сый-сияпат жасалды. Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерманның шешімімен Біржан Байтуов пен Рүстем Қайыртайұлы «Айтыстың ақтаңгері» атанды. Өз кезегінде, Еркебұлан Қайназаров «Алтын домбыраны» Түркістан қаласында қалдыру туралы шешім қабылдады. Ол «Ұлы дала елі» орталығы экспозициясына қойылады.