Жанқош Тұраров қауіпті қарсыласымен Алматыда көз арбасу рәсімін өткізді
Жанқош Тұраров қауіпті қарсыласымен Алматыда көз арбасу рәсімін өткізді
Испаниядан келген боксшы Луис Энрике Ромеро мен жеңіліс дәмін татпаған отандасымыз Жанқош Тұраров салмақ өлшеуден сәтті өтіп, көз арбасу рәсімін жасады деп хабарлады turkystan.kz MOVIDA Promotions-ке сілтеме жасап.
Боксшылар 11 желтоқсан күні «Almaty Arena» кешенінде бірінші жартылай орта салмақтағы IBO Intercontinental титулын сарапқа салады. Бұл жекпе-жек кештің басты айқасы болмақ. Басталуы 17:00-де.
Әркез жанкүйеріне шоу сыйлай білетін, “нокаут ханзадасы” атанған аралас жекпе-жектің хас шебері Арман Әшімов кәсіпқой рингтегі алғашқы айқасында грузиялық боксшы Бухити Татишвилимен осы күні жұдырықтасады. Актер әрі ММА жұлдызы атанған Еркебұлан Тоқтар болса, өз дебютінде ирандық спортшы Амир Яранимен күш сынаспақ.
Аталмыш бокс кеші қазақстандық спортсүйер қауым үшін DAZN сайтында әрі мобильді қосымшасында қолжетімді болмақ. MOVIDA Promotions негізін қалаушы Алимжан Калдияровтың айтуынша, DAZN платформасы осы бокс кеші арқылы Қазақстанға қатысты ұзақ мерзімді жоспарының алғашқы кезеңін бастап кетті. Болашақта беделді сервистің жұмыс аясы елімізде кеңеюі мүмкін.