Жаңалықтар

Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау – партияның басты басымдықтарының бірі – Е.Қошанов

ашық дереккөзі

Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау – партияның басты басымдықтарының бірі – Е.Қошанов

Елордада «AMANAT» партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті деп хабарлады turkystan.kz. Өз сөзінде, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов «Жан Шуақ» сыйлығын өткізу ерекше қажеттіліктері бар мыңдаған адам үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан игі дәстүрге айналғанын атап өтті. «15 жыл ішінде «Жан Шуақ» шексіз мүмкіндік иелеріне арналған сыйлыққа айналды. Олар сынаққа төзіп, қиын-қыстау жолдан  өтті. Ал бүгінде көмекке мұқтаж жандарға өздері қолұшын созуда. Елімізде мүгедектігі бар адамдардың өзін-өзі дамытуы үшін барлық жағдай жасалуда. Ерекше қажеттіліктері бар жандарға қолдау көрсету жұмысы әрқашан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты назарында. Ел Президентінің бастамасымен Әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша арнайы жобалар іске қосылып, ерекше қажеттіліктері бар жандардың құқықтарын қорғау үшін омбудсмен институты құрылуда. Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша заң қабылданды», – деді Ерлан Қошанов. «Кәсіпкерлік қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша қарағандылық Асхат Есентұров марапатталды. Ол халықтың әлеуметтік осал тобы және ерекше қажеттіліктері бар адамдар жұмыс істейтін кәсіпорын ашты. Белгілі суретші-зергер, ЮНЕСКО-ның халықаралық сапа белгісінің иегері, шымкенттік Икрамжан Рафиков «Өнер саласындағы аса үздік жетістіктері үшін» номинациясы бойынша сыйлық иеленді. «Мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері үшін» номинациясы бойынша республикалық және халықаралық музыкалық байқаулардың жеңімпазы, павлодарлық Диляра Асайынова марапатталды. Алматылық Бақтыгүл Әлімбекова «Спорт саласындағы аса үздік жетістіктері үшін» сыйлығының иегері атанды. Ол Босфор бұғазын бір жарым сағаттан аз уақыт ішінде жүзіп өтті. Сондай-ақ, параспортшы, скандинавиялық серуендеу нұсқаушысы саналады. «Мүгедектігі бар адамдардың ғылым мен білім беру қызметін дамытуға қосқан үлесі және оқуға талпынысы үшін» номинациясы бойынша астаналық Таңсәуле Серіков марапатқа ие болды. Ол көптеген ғылыми еңбектің авторы, сондай-ақ, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру тұжырымдамасын әзірлеген ғалым саналады. Ал Ақмола облысының Целиноград ауданындағы «Болашақ» мүгедектер бірлестігінің басшысы Амангелді Қапанов болса, «Мүгедектігі бар адамдарға қатысты қоғамдық сананың оң өзгеруіне қосқан үлесі үшін» сыйлығының лауреаты деп танылды. Жеңімпаздардың әрқайсысы 1 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.