«Тұзды шашпа», «саусақты сықырлатпа»: қазақ ырым-тыйымдарының түсініктемесі

«Тұзды шашпа», «саусақты сықырлатпа»: қазақ ырым-тыйымдарының түсініктемесі

«Тұзды шашпа», «саусақты сықырлатпа»: қазақ ырым-тыйымдарының түсініктемесі
ашық дереккөзі
Ырым-тыйым – халықтың тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, ақыл-кеңес берудегі маңызды тәрбие құралдарының бірі. Көбінесе бұл, негізінен, балаларды жаман әдеттен, жат пиғыл, ерсі қылық, әдепсіз істерден сақтандыруда үлкен рөл атқарады. Turkystan.kz ел арасында кең таралған бес тыйым сөздің діни-философиялық түсініктемесін оқырман назарына ұсынып отыр.  «Тұзды шашпа» Ыбырайым пайғамбар келген қонақтың алдына нан мен тұз қояды екен. Бiрде дастарқанда тұрған тұзы төгіліп кетеді. Пайғамбар дереу төгілген тұзды тере бастайды. Қонағы: –  Ештеме етпейді. Несіне сонша әуре болдыңыз? – дейді. – Жаббар Хақ жетi берекенiң бiрiн тұзға жасырған. «Берекемді шашып алмайын» деп теріп жатырмын, –  дейді. Қонақ пайғамбарға риза болып, тұзды бiрге теріпті. Осыдан бастап ел арасында «тұзды төкпе, шашпа» деген тыйым шығыпты. Тұз төгілсе, несiбе азаяды, ырыс кемиді деп сенеді. Кей жерлерде тұз төгiлсе, оның үстіне қант себеді. Онысы тұзым қатты болмасын, тәтті болсын деген ниеттен туған. Әлі күнге дейiн қазақ арасында үйде тұз таусылып қалса, көршiлер бiр-бірінен сұрамауға тырысады, алған күнде де үйдің бұрышына бір түйірін шашып кетеді. «Саусақты сықырлатпа» Iбiлiстiң әке-шешесі Әбілет пен Тәбілет құлшылық кезінде таңдайын қағып, оғаш дыбыс шығаратын көрінеді. Ал тәспі тартқанда саусақтарын сықырлатады екен. Тәңірі оларды осы жаман әдетінен қанша тыйса да, олар жалғастыра беріпті. Осының кесірінен Әбiлет пен Тәбiлет Тәңірдің теріс назарына ілігіпті. Осыдан кейін, қазақтар балаларын «таңдайыңды қақпа, саусағыңды сықырлатпа, ол - шайтанға тартқан тәспің. Бағын байланады, бақытың қайтады» деп тыйып отырады. «Аяқты жоғары көтерме» Әбiлет пен Тәбiлеттiң аяқтарын көкке көтерiп жататын жаман әдеттері де болыпты. Олар осы әдеттерiнен тыйыла алмапты. Кейiн күнәлі боп, Тәңірі алдына барғанда екеуін ерекше жазалайды. Әбілет пен Тәбілеттің аяғын аспаннан келтiрiп, жоғарыдан төменге салбыратып іліп қояды. – «Уа, Жасаған, неге бізді бұлайша жазаладың?» дегенде, оларға Жаратушы Алла: – Сендер үнемi аяқты көкке қаратып жататын едiңдер. Бұл мен үшiн жағымсыз қылық деп талай рет ескерттім. Құлақ аспадыңдар. Енді осы әдепсіз қылықтарың үшiн қиямет қайымға дейiн тұрасыңдар, – деп жауап берген. Осыдан бастап ел арасында аяқты көкке көтеріп жатуға болмайды деген тыйым таралыпты. Көкке аяқ созсаң, Тәңірі шамданады деп сенеді. «Аяғы аспаннан келді» деген тіркес Әбiлет пен Тәбілеттің әрекеттерінен кейін шыққан-мыс. «Аққуды атпа» Тәңірі тағала аққуды ерекше әсем етіп жаратады. Пейіштегі Салсабил өзенінде сырбаздана жүзгенде оның сулулығына барша періште таңдай қағып, қарап тұрады екен. Алла жердi жаратқан соң, табиғатқа сулулық дарыту үшін аққуды жерге жiбередi. Аққудың әсемдiгiн көрген асқар таулар балқып, оған еліктеуге тырысады екен. Қарағай-қайыңдар оны көргенде мың бұрала билеп, әсем ағаштардың бiрiне айналыпты. Аққу қай көлде жүзсе, соның жанындағы табиғат та әдемi күйге ене берiптi. Алайда аққудың әсемдігіне ғашық болған періштелер ендi аққулы мекендерге үйір болады. Аққуды көрсе, Алланың жаратылысына таңғалып, тапжылмай тұрады екен. Сол сәтте қара ниетті біреу аққуға кесірін тигізсе, барша періште оны қарғайды деседі. Ертеде Ақтаңгер деген аңшы өмір сүріпті. Ол жастайынан аң аулап күн көрген. Бір күні орманда келе жатып, бiр көлге тап болады. Көл бетінде жалғыз ұшып жүрген аққуды көреді. Оны атпақшы болған Ақтаңгер мылтығын кезей бергенде, аққуды тамашалауға келген періштелер: «Атпа!» – деп айқайлайды. Аңшы кiм айқайлағанын түсiнбейдi. Жан-жағына қараса, ешкім жоқ. Қарыс естіген болармын деп, тағы оқтала бергенде: «Атпа!» –  деген дауыс тағы да жаңғырып шығады. Аңшы бұл жолы да сәл кідіріп тұрады да, мылтықтың шүріппесін басып қалады. Сол кезде періштелер оның мылтығын қағып жібереді. Оқ қисық ұшып, аққудың аяғына тиген екен. Аққу сұңқылдай ұшып, сол кезде көзден ғайып болады. «Екi түрлi аяқкиім киме» Қазақ көкек құсына тиіспейді. Аңыз бойынша, көкек деген адам екен. Бiр жiгiт қайын жұртына күйеу болып келіпті. Аяқ астынан оның аты жоғалады. Қалыңдықтың сіңлісі жездесінің атын іздеп шығады. Байқаусызда бір аяғына өзiнiң, екiншi аяғына жездесінің етiгiн киiп кетедi. Аяғына екі түрлі кебіс кигендіктен, қыз көкек құсына айналып кетіпті. Көкектiң бiр аяғы қызыл, бiр аяғы көк болатыны содан екен. Ат iздеп шығып жоғалған қыздан пайда болған көкек те «аты жоқ құс» деп аталады. Киелі құс санатына жатады. Көкек қонған ағаштың бұтағын сындырып алып, майы мол болады деген ұғыммен iркiтке қосады екен. Осыған орай, ел арасында «екі түрлі етікті кимеу керек» деген тыйым пайда болған.

Санжар Керімбайдың «Салт-дәстүрлер сөйлейді» кітабынан алынды.