Мемлекеттік органдар Жайық өзенінің мәселесіне немқұрайды қарап отыр – Экологиялық кеңес

Мемлекеттік органдар Жайық өзенінің мәселесіне немқұрайды қарап отыр – Экологиялық кеңес

Мемлекеттік органдар Жайық өзенінің мәселесіне немқұрайды қарап отыр – Экологиялық кеңес
ашық дереккөзі
«AMANAT» партиясы жанындағы Экологиялық кеңестің отырысында су саласын дамытуға және қалдықтарды қайта өңдеуге қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Жиынды ашқан Кеңес төрағасының орынбасары, Мәжілістегі «AMANAT» партиясының депутаты Елдос Абақанов Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша 2030 жылға қарай Қазақстандағы су ресурсының көлемі жылына 90 текше шақырымнан 76 текше шақырымға дейін азаятынын атап өтті.
«Бұл 8 жылдан кейін елдегі су тапшылығы шамамен 15%-ды құрайды деген сөз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде су ресурсы тиімді пайдаланылмай жатқанына назар аударды. Президент жаңа технологиялардың көмегімен суды үнемдеу деңгейін арттыруды тапсырып, қалалар мен ауылдарды таза ауыз сумен 100% қамтамасыз ету жөнінде міндет қойды», – деді ол.
Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова Кеңес мүшелеріне су саласын дамыту перспективалары туралы баяндап берді. Мәселен, кейінгі үш жылда 3,6 мың шақырым канал қайта жөнделді. Ал 2025 жылға дейін тағы 4,7 мың шақырым каналды реконструкциялау жоспарлануда. Бөгеттердің тозуы мәселесін шешу бойынша да жұмыстар жүргізілуде. «Кейінгі 5 жылда 16 су қоймасы жөнделді. Биыл 6 ғимарат қалпына келтіріледі. Ал 2025 жылға қарай тағы 19 су қоймасын реконструкциялау жоспарлануда. Бұл қосымша 800 млн текше метр су жинауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 2025 жылға дейін 9 ірі су қоймасын салу жоспарланып отыр», – деп атап өтті вице-министр. Су ресурсын пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында елімізде ғарыштық мониторинг белсенді қолданылып келеді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Разия Бұралхиеваның айтуынша, өзен жүйелерінің жай-күйін спутниктік түгендеу және бағалау барысында Қазақстанның ірі және кіші өзендерінің, көлдері мен су қоймаларының 76 мың шаршы шақырымы цифрландырылды. 2024 жылы ғарыштық мониторинг жүйесі өнеркәсіптік пайдалануға беріледі. Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Ғани Ташқараев су нысандарын цифрландыру және суды бақылау мәселелеріне назар аударды.
«Оңтүстік өңірлерде су арналарының жағдайы нашар. Іс жүзінде жоқ гидробекеттерге жалған техникалық паспорт беру оқиғалары тіркелді. Оңтүстікте 171 гидробекет бар. Бірақ олардың нақты қаншасы жұмыс істейтіні белгісіз. Елімізде суды есепке алу жұмысы жүргізілмейді. Ендеше, суды тиімді пайдалану туралы не деп сөз қозғауға болады? Мақтаарал ауданындағы арнаны цифрландыру үшін қомақты қаражат бөлінді. Осы сәтсіз жобаға кім жауапты?», – деп қынжылды халық қалаулысы.
Кеңес төрағасының орынбасары Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне және өңірлік әкімдіктерге де сыни ескерту жасады.
«Біздің Кеңес Жайық өзенінің, Каспий теңізі бассейнінің мәселелерін екі жылдан бері көтеріп келеді. Көп мәселе бойынша әлі шешім қабылданған жоқ. Мысалы, бейінді ведомство Жайық өзенінің биоалуандығына ғылыми зерттеу жүргізуі тиіс еді. Алайда бұл жұмыс бір жылға кешеуілдеп жатыр. Орталық уәкілетті немесе жергілікті атқарушы органдар бұл мәселеге немқұрайды қарап отыр. Мұны мойындау керек», – деді Елдос Абақанов.
Өз кезегінде, «KazWaste» қауымдастығының басқарма төрағасы Шынболат Байқұлов қоқысты жинау және өңдеу мәселесін қозғады. Ол былтыр 4 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар жиналғанын, оның тек 21,1%-ы ғана қайта өңделгенін атап өтті.
«Елімізде барлығы 3007 ҚТҚ полигоны бар. Олардың 603-і немесе 20%-ы барлық экологиялық және санитарлық талаптарға сай келеді. Кәсіпкерлерді қоқысты өңдеу ісімен айналысуға ынталандыру үшін қалдықтарды басқару кәсіпорындарына салық жеңілдігін енгізу қажет», - деді ол.
Жиын қорытындысы бойынша, Кеңес осы салаға жауапты орталық және жергілікті атқарушы органдарға жолдау үшін бірқатар ұсыныс қабылдады.