Пусан жа­ғажайында кәрістерді таңғалдырған қазақ әншісі

8 желтоқсан, 2022 / Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
ашық дереккөзі
Пусан жа­ғажайында кәрістерді таңғалдырған қазақ әншісі Кейінгі кезде әлеуметтік же­лі арқылы ел ішінде әп сәтте-ақ танымал болған өнер­паз­дар туралы жаңалықты жиі оқи­мыз. Ал 23 жастағы кәсіби музы­кант Ернұр Тәкеновтің Пусан жа­ғажайында қазақ әнін айтып Оң­түстік Кореяда танымал бола бас­та­ғанын бірінші рет естуіміз. Жа­ғажайда жарқ еткен Ернұр кейін­нен ел астанасы Сеулде өткен Ор­та­лық Азия халықтарының мә­де­ниет апталығына шақырту алған. Онда халық әні «Құсни Қорланды» шырқаған ол қазақ тілінің әуез­ділігіне сүйсінген кәрістерді тағы да таңғалдырған. Шығар­ма­шы­лы­ғы арқылы Қазақстанды күллі әлем­ге таныстырғысы келетін Ернұрға хабарласып, аз-кем сұх­баттасқан едік. – Академиялық ән салу мамандығын бі­тіргеніңмен, соңғы бір айда эстрада әншісі ретінде атың шығып жүр. Бүгінгі тыңдаушының басым бөлігі эстрада тыңдайтын болған соң осы жанрдағы әндерді айтқанды құп көрдің бе? – Маған эстрада әндерін айтқан бұрын­нан ұнайтын. Мен 5-сыныптан бастап Қы­зыл­­ордадағы Оқушылар сарайында вокал­дан сабақ ала бастадым. Нәтижесінде, жыл­дан-жылға ән айтуға деген құштарлығым арта түсті. 9-сыныптан соң болашағымды ән­шілік өнермен байланыстырғым келетінін тү­сіндім. Десе де, ата-анам Назарбаев зият­керлік мектебінде оқып, жан-жақты же­тіл­генімді қалаған еді. Бірақ ол мектепке ірік­теу­ден өте алмай қалдым. Олар айтқан оқуға тү­се алмаған соң «Енді түбегейлі музыкаға ден қоямын» дегенімде екеуі де қарсы бол­ма­ды. Сөйтіп, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің академиялық ән салу бөліміне оқуға түстім. Сосын Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде білімімді жал­ғастырдым. Әдетте академиялық ән салу бойынша оқығандар шығармашы­лық­қа түбегейлі бет бұрғаннан гөрі магистратураға түсіп, білі­мін то­лықтырғанды қалайды. Сол се­кілді мен де білім алу жо­лында тал­май ізденгім келді. Бака­лав­риатты бі­тірер кезде Оң­түстік Ко­реяда соңғы он жыл бойы тұрып жат­­қан немере әп­кеммен ақыл­дасып, магистра­тура бөлімін сол ел­де оқимын деп шеш­­тім. Бірақ мұн­да келгенде оқуға тү­су процесі мен ой­ла­ған­дай оңай емес еке­нін ұқтым. Мұнда ән ай­тумен қатар, билей ала­тын қабілетіңді қоса баға­лай­ды. Сегіз жыл бойы опера вокалын айтып үйренген менің биге еш икемім жоқ. Оқуға түсу­дің барлық мүмкіндігін қарас­тыр­дым, бірақ, расымен мұнда оқуға түсу қиынның қиыны екен. Ол үшін ал­дымен кәріс тілін білуің керек екені айт­паса да түсінікті. Сондықтан қазір кәріс ті­лі­нен жеке сабақ алып жүрмін. Сондай-ақ зауыт­та жұмыс істеймін. – Оңтүстік Корея тыңдармандарын таң­ғалдырған, Пусан жағажайында ән айтып тұрған видеоң туралы айта отыр­саң. Жағажайда ән айтып тұрғаныңды біреу сыртыңнан түсіріп алып таратып жіберді ме әлде? – Біз Пусанға жақын орналасқан Кёнд­жу қаласында тұрамыз. Бір демалыста әпкемнің отбасымен Пу­сан жағажайының маңына қы­дыруға шықтық. Адамға лық то­лы жағажай жақта көше музыканттары көптеп жүретіні айтпаса да түсінікті. Сондай бір кәріс музыканттың ән айтып тұрғанын бай­қаған әпкем «Сен де бір ән айтып көрер­сің» деп мені қолқалады. Сосын әлгі музы­кант­пен барып келісті. Ақырында бір ән айта­мын деп қалайша он шақты ән айтып шық­қанымды өзім байқамай қалдым (күліп). Бас­тапқыда ағылшынша төрт-бес ән орын­дадым. Әлгі кәріс музыкант мені «Қазақ­стан­нан» деп хабарлаған соң көпшілігі «Ана ті­лін­де ән айтсын» десті. Сосын Мирас Жүгіні­сов­тің «Әндетемін» әнін шырқадым. Бұл туын­ды жиналғандар арасында ерекше дүм­пу туғызды. Көбі әуенін ұнатты. Дегенмен қа­зақ тілін бұрын-соңды естіп көрмеген олар біздің тілдің соншалық әуезді тіл еке­ні­не таңырқасты. Айтпақшы, әлгі музыкант мені Қазақстаннан екенімді хабарламаса, онда жиылған көпшілік бет-әлпетіме қарап мені кәріс ұлтынан деп ойлап қалса керек. Жұ­мыста да алғашында мені кәріс деп ойлап, кәрісше сөйлегендер бар. Жағажайда ән айта бастаған кезде жиналғандар саны аз болған, сосын сол маңда жүргендерге бейтаныс тілде ән айтып тұрған менің өнерімді бақылау­шы­лардың қарасы көбейгенін аңғардым. Содан соң олардың ұялы телефондарына түсіріп тұрғанын байқадым. Ән айтып болған соң 25-30 адам қасыма жақындап, өнеріме жо­ғары бағасын беріп, артынша YouTube-тағы арнамның қалай аталатынын сұрады. Әлі ашпағанымды айтқан соң сол жерде тұрып әлеуметтік желідегі парақшама жазылды. Қазір шығармашылығыма қызығушылық танытып, Пусанға қашан келетінімді сұрап тұрады. Сол жерде суретке түсіріп жүрген кәріс фотограф өнеріме тәнті болғанын ай­тып, тегін фотосессия жасап берді. Ал ви­део­ның ел ішіне қалай таралғанын сөз етсем, әпкемнің құрбысы «Кәрістерді таңғалдырған қа­зақ» деген жазумен жағажайда ән ай­тып тұр­ғаным таспаланған ви­део­ны TikTok-қа жүк­теген. Қара­сам, бір күн ішінде ол ви­деоны үш жүз мың адам қараған. Ер­тесі Instagram-дағы жеке парақ­шама салған едім, ол да кеңінен таралып, көп қа­ралым жина­ды. Әсі­ре­­се, Қазақстан­да­ғы өнер­сүйер қауым көл­дей пі­кір жазып, қол­дау біл­дірді. Содан соң кон­церт­ке шақыра­тын­­дар­­дың қарасы кө­бей­ді. Қазақстан мен Оңтүстік Ко­рея ара­сындағы мәдени бай­­ла­нысты нығайту жо­лында қыруар шаруа ат­қа­рып жүрген «Номад» қауым­дас­тығы Сеулде өте­тін Орталық Азия халықтарының мә­дениет аптасында Қазақстанның өнерін таныстыруға ша­қыр­ды. Онда «Құсни Қорлан» халық әнін орын­дадым. – Әлеуметтік желідегі пікірлерден аң­ғарғанымыздай, бұл әнді орындауың да жиналған жұртты тебірентпей қой­мады. – Мақтанғаным емес, бірақ басқа елдің аты­нан қатысқандармен салыстырғанда маған көпке дейін қол шапалақтады. Әрі ән ай­тып тұрған кезде олардың «Құсни Қор­ланды» ұйып тыңдап отырғанын байқадым. Осы­дан кейін Қазақстанның Оңтүстік Ко­рея­дағы елшілігіндегілер байқап, Республика күнін мерекелеуге арналған іс-шарада өнер көр­сетуімді сұрады. Өткен айда Сеулдің Итхэвон ауданында болған қаралы оқиғадан соң бұл іс-шара қараша айының соңына ше­герілген болатын. Онда «Құсни Қорлан» мен «Құстар әнін» орындадым. Мені қос кон­цертке шақырған ұйымдастырушылар «Кә­рістерге өз тілімізді, өз әнімізді таныс­тырайық!» деген мақсатты ұстанған еді. Осы мақ­сатты толығымен орындап, біздің тілге, біз­дің әнге қызығатындардың қатарын кө­бей­туге атсалысқаныма өте-мөте қуаныш­тымын. – Көп қаралым жинаған видео­ның астында көпшілігі сені «Екінші Димаш» деп, Қытай сахнасы ар­қы­лы күллі әлемге танылған оның жо­лын саған тілеп жатқанын оқы­дық. – Иә, солай жазып жатқанын мен де оқы­дым. Оңтүстік Кореяда да атағымыз шығып жатса, оның несі айып?! Негізі, тек жақ­сы нәрсе ойласаң, бәрі де мүмкін екеніне кө­зім жетті. Әлбетте, бала күнінен әншілікті серік еткен әрбір әнші секілді мен де атымды шығарғым келеді. Шығармашылығым ар­қылы әлемге Қазақстанды танытуды көздей­мін. Ата-анамның үкілеп отырған үмітін ақ­тауға ұмтыламын. Менің болмашы жетіс­тігі­ме жүрегі жарылардай қуанатын олар кеше қазақстандық сайттардың жазғанын оқып, үйде туыстармен жиналып, бір мар­қайып қалды. «Мынау сендердің балаларың емес пе?» деп әлеуметтік желілерге таралған әлгі видеоларды көрсетуге асыққан көрші-қолаң да оларды тағы бір қуантып тастаса керек. Сол себепті қазір менде артқа шегінер­ге жол жоқ. Айта кетерлігі, кәрістерден жаңа жылдан соң екі концертке қатысуға ұсыныс алдым. Өткенде бір концертке жұмыс уақытым сәйкес келмегендіктен қатыса алмай қалдым. Сосын жағажайда телефон нөмірімді жазып алған бір кәріс кісі кеше хабарласып, жағымды жаңалық жеткізді. Оның Америкада бұрыннан тұрып жатқан дирижер, музыкант бір кәріс танысы бар екен. Одан тыңдалымнан өткен соң онымен бірге концерттерге шығуға мүмкіндік бар секілді. Маған ерекше қолдау көрсетіп жүр­ген әпкем кәріс тілін жетік білетін бол­ған­дықтан, ол кісімен өзі сөйлескен еді. Осында келіп, алдымен тыңдап көретінін айтты. Қазір бар үмітім сол кісіде. – Әңгімеңе рақмет!

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ