Жаңалықтар

26 немересіне қазақша есім берген Байрух әже әулеті

ашық дереккөзі

26 немересіне қазақша есім берген Байрух әже әулеті

Қуғын-сүргін зобалаңы жылдары Қазақстанға жер аударылған өзге ұлт өкілдерінен көмегін аямаған қазақтардың қамқорлығы әлі де көптің ауызында жүр. Онсыз да бір басында тауқыметі көп олар жазықсыз қоныс аударылған өзге ұлттың үзілген үмітін жалғап, жүрек жылуын аямай төк­кенін көпшілік күні бүгінге дейін жылы тебіреніспен айтады. Сондай жан­ның бірі – Шымкент шаһарында тұратын Тазабек Филикұлы. Алға­шында оның әзербайжан ұлтынан тарайтынын естіген кезде «Ал есіміңізді Та­забек деп кім қойды?» деп сұрақты үсті-үстіне төпелете қойғанымыз бар. Жалғыз өзінің емес, бауырларының да есімі қазақша екенін айтқан Таза­бек аға отбасының Қазақстанға қоныстану тарихын баяндап берді.

«Байрух әжемнің айтуынша, Гру­зия­да тұрып жатқан әзербайжандар 1942 жылы Қазақстанға жер ауда­рыл­ған. Бірақ оларға түбегейлі көшетінін еш­кім айтпаған. «Бір жерге бір аптаға жұ­мысқа барасыңдар. Сол уақытқа же­те­тін тағам әзірлеп алыңдар» деп алдап, ж­­­ылы орындарын тастауға мәжбүрле­ген. Сөйтіп, олар үй-жайы мен мал-мү­лік­терін тастап, түн ішінде жүк тие­ле­тін пойызға мініп, көппен бірге жолға шық­қан. Қазақстанға келгенде оларды Бадам, Түлкібас, Меркі стансаларына тү­­сіріп кеткен. Алматыға дейін бар­ған­дары бар, бірақ көбін айдалаға тастап кет­кен. Бөтен ел топырағына топ ете түс­кен оларды қазақтар үйлеріне кір­гізіп, бауырына басқан. Өздерінің халі мүшкіл болса да қолындағы бар­ды бөліскен. Әжем сол жылдары тіпті мал­дың терісін асып, атала қайнатып жегенін ай­та­тын. Сөйтіп, «көктемге әупірімдеп жетіп, адам бол­дық» деп отыратын. Сосын біреудің малын ба­ғып нәпақа тауып, жағдайын түзеп алған», – дейді Тазабек аға. Тазабек аға жалғызбасты әжесіне көмек­тес­кен қазақтарға «алғыстан басқа айтарым жоқ» деп ағынан жарылды. «Атамыз Грузияда қа­мауға алынып, сонда жантәсілім етті. Әжем төрт баласын қатардан кем қылмау үшін тын­бай жұмыс істеген. Қазақстанға келе жат­қан жол­да кенже баласы дүние салған. қазақтар он және алты жастағы екі қызы мен үш жастағы менің әкемді ертіп, стансада дәрменсіз күй кешіп жүр­ген әжемнен қолынан келген көмегін ая­маған. Оларды Бадам стансасынан отыз ша­қырым жерде орналасқан бұрын Ленинту, кейін Қажымұқан деп аталған ауылға орна­ластырған. Әжем өмірінің соңғы жылдарын сол ауылда өткізген әйгілі Қажымұқанның көзін көрген. Онда біраз жыл тұрған соң сол ауылға жақын маңда орналасқан Темірлан ауылына көшкен. Әкем онда мал шаруашылығымен ай­налысқан анасына көмектесу үшін ерте жастан еңбекке араласқан. Әкем «Он жыл бойы ақша дегеннің не екенін білмей өстік. Бізге еңбе­гіміздің ақысы ретінде арпа, бидай, ұн беретін» деп еске алып отыратын. Әжем қандай қиын кезең болса да, қазақтармен бірге қуанып, бірге мұңайғанын айтқанда жүрегі жібіп сала беретін-ді. Ақтық демі қалғанша олардан көр­ген жақсылығын ауызынан тастамай, айтып кетті», – дейді Тазабек аға. Қазақтардың аса қамқорлығы мен ерекше мейірімділігіне шексіз риза болған Байрух әжей оларға көрсеткен құрметі ретінде үш баласынан тараған барлық немересіне қазақша есім беруді ұйғарған. «Әжем 26 немере сүйді. Бұрын жаңа туған сә­бидің есімін әжелер ақылдаса қоятын еді ғой. Сол секілді менің әжем де барлық немересінің есімін өзі қойды. Барлығының есімі қазақша. Тіп­ті, олардың туыстар әзілдеп қойған ныспы­лары да қазақша. Мысалы, біздің әулетте менен үлкен әпкемнің есімі – Тазагүл. Менің есімім төлқұжатта Тазабай деп жазылған. Менен кейін­гі туған қарындасымның есімі – Қызыл­гүл. Қызылгүлден кейін дүниеге келген қызға ырымдап, «келесісі ұл болсын» деген ниетпен Гүлтәмам есімін берген. Бірақ одан кейін тағы да қыз бала дүниеге келген соң әкемнің қазақ дос­тары қалжыңдап «Әзербайжанның ырымы дұрыс келмейді. Қазақтың ырымын ұстаның­дар» деген соң ақырында ол қыздың есімін Ұлжал­ғас деп қойған. Расында, Ұлжалғастан соң Тұрсынбай деген ұл туды. Одан соң Фатима және Тұрлыбай есімді екі бауырым тағы бар», – дейді Тазабек аға. «Ол заманда ел арасында еңбегі еленетін адамдардың есімін ырымдап қоя­тын дәстүр бар еді ғой. Сіздің есіміңізді де со­лай қойған болар» деген сұрағымызға «Дәл солай. Әжем колхоз меңгерушісі ретінде ха­лықтың игілігі үшін аянбай еңбек еткен Таза­бай ағаның құрметіне қойған. Шынында, ол уа­қыт­та еңбегі ел ауызында жүргендердің есі­мін ырымдап қоятын еді ғой» деп жауап берді.