Тәтті бизнесімен айналысатын жас кәсіпкер
Тәтті бизнесімен айналысатын жас кәсіпкер
Жанна Бақытжанқызы Жамбыл облысы Меркі ауданында туып-өскен. Аспаздық өнерді жаны сүйетін бойжеткен күн-түн демей, осы салада жеті жыл тынымсыз еңбек етті. Сөйтіп, аспаздықтың қыр-сырына қаныққан соң Алматы қаласынан кондитерлік цех ашқан. Бүгінде тәттінің түр-түрін пісіріп, жеке кәсібін дөңгелеткен жас кәсіпкер жеті адамды жұмыспен қамтып отыр.
Кейіпкеріміз тәжірибе алмасу мақсатында елімізде ғана емес, шетелде өтетін түрлі аспаздық конкурстарға қатысып тұрады. Шетелдегі сайыстарда тары, талқан, жент сияқты отандық өнімдерді насихаттап, ұлттық тағамдарымызды дәріптеп жүр.Қазір цехта 70-тен аса тәтті пісіріледі. Мейрамханаларға, фуршетке арналған тәттілермен қоса, торттың да түр-түрін кездестіресіз. Тәттілерді әр адамның талғамына қарай дайындауға да болады. Бүгінде аспаздық сұранысқа ие салалардың қатарында. Сондықтан да болар, бір жарым жылдың ішінде жас кәсіпкердің үзбей тапсырыс беретін 10-нан аса серіктесі пайда болған. Тәттілердің ішінде Жаннаның өзі ойлап тапқан тары мен талқан қосылған чизкейкі де бар. Сатып алушы тарапынан сұраныс жоғары десерттің бірі осы екен.
«Көршілес елдермен салыстырғанда біздің елде аспаздық өнер қатты дамымаған. Оған бірден-бір себеп – біз қолданатын жоғары сападағы шикізат өнімдерінің шетелден келуі. Соған қарамастан қазір қазақ тағамдарын дамытуға үлесін қосып жүрген әріптестерім көп.
2017 жылдан бері Мәскеу, Бішкек, Ыстықкөл, Түркияның Болу қаласында және Анталияда өткен конкурстарда бағымды сынап көрдім. Өзім қатысқан конкурстар көңілімнен шықты. Осы сайыстарда алған алтын медальдарым өзіме сондай ыстық. Осы уақытқа дейін 15 медаль алыппын. Шетелдегі конкурстарға қатысқанда тек отандық өнімдерді апарамын. Қай елді алмайық, мәдениетінің дамуына сол елдің асүйі мен ұлттық тағамдары үлкен орын алады. Қонақжайлылығымызды өзіміздің керемет дастарқан арқылы көрсете аламыз. Ұлттық құндылығымызды сақтап, әрі қарай дамыту – әр қазақтың міндеті. Шетелдің әрбір қаласында тәжірибе алмасу мақсатында осындай конкурстар үнемі өтіп тұрады. Бұл тұрғыда мәдениетін дамыту үшін мемлекет те көмек береді», – дейді аспаз.