Сенбі, 28 Қаңтар, 2023

Мажарлар мен қыпшақтар: қарсыластықтан одақтастыққа дейін

Қыпшақтар тарихының ең қызықты тұстарының бірі – Венгрия корольдігімен қарым-қатынасы. Моңғол басқыншылығы кезінде көптеген қыпшақтың Венгрияны паналағанын білеміз. Бізді моңғол шапқыншылығына дейінгі кезең, яғни қыпшақтардың Шығыс Еуропада пайда болған кезінен бастап моңғол шапқыншылығына дейінгі уақыт қызықтырады. Бұл мәселе В.Шушарин, П.Дьякону және И.Вашари еңбектерінде зерттелген (Шушарин 1997; Диакону 1978; Васари 2005). Бұл зерттеудің міндеті – моңғолға дейінгі кезеңдегі қыпшақтар мен мажарлардың қарым-қатынасын талдау және соған сәйкес қыпшақтардың Венгрия шекарасында пайда болған уақытын анықтау, сондай-ақ мажарлар мен Куман епископының қалыптасуына үлес қосқан қыпшақтар арасындағы қарым-қатынасты анықтау.

Зерттеушілердің жазуына зер салсақ, Д.Расовский қыпшақтардың оғыз даласын 1030 жылы иемденгенін көрсетті. В.Стоя­­­нов бұл оқиғаларды XI ғасырдың 40-жылдарына жатқызады. П.Голден қоныс аударудың бастапқы кезін 1030 жыл деп есеп­­тейді, ал тайпалар қозғалысы, оның пі­кірін­ше, Гансу ұйғырларының жерін таңғұт­тар­дың жаулап алуынан бас алған. С.Агад­жанов тайпалардың қоныс аударуын қидан экспансиясымен байланыстырады. Дәл осы көші-қон 1055-1061 жылдары Ресейдің шы­ғыс шекараларында пайда болған бірқатар тайпаның (кейін оларды половецтер деп атады) қоныс аударуына әсер етті.
Қыпшақтардың қоныс аударуын зерт­те­генде қай және кун тайпаларының қоныс­тан­­ған жерлерін көрсету қажет. Әл-Бируни олар­ды алтыншы табиғи белдемде (бұған Кав­каз, Краснодар өлкесі, Қырым, Украи­на­ның батыс және оңтүстік аймақтары, шығыс жә­не орталық Польша, Чехия жерлері жата­ды. – аудармашы) тұрған деп көрсеткен, бір­ақ қыпшақтардың көші-қоны кезінде олар Маураннахрға әлдеқайда жақынырақ болса керек. Әл-Идрисидің айтуынша, қи­мақ­­тардың солтүстік жағындағы қала Кани деп аталған. Енисей қырғыздарымен шекте­се­тін губернияның орталығы болуы керек. Қыр­ғыздармен шекарада қимақтар мен қай­лар тұрған. Оның айтуынша, кан (кай) қыр­ғыздардың солтүстігінде өмір сүрген. Дж.Маркварт пен Б.Көмеков кани этнонимін кай деп атауға болатынын айтты. Махмұд Қашғари Кай тайпасын Ямар өзені бойында тұрған деп мәлімет қалдырған. Бұл жағдайда Енисей қырғыздарымен шекаралас Қани қаласына иелік еткен қай тайпасы болады.
Қыпшақтармен байланысты басандай мә­дениетінің (орта ғасырлардағы Томск, Ново­сібір, Обь, Кузнецк бассейні және Алтай ай­мақтарындағы мәдениет) бірнеше этни­калық құрамдас бөліктері болды. Шартты түр­де олар «Обьтың жоғарғы сағасын­да­ғы­лар», «сросткиндіктер» және «осинкинс­кілік­тер» деп аталды. «Сросткиндіктер» – қимақ-қыпшақ тайпалары болды. Олар Оңтүстік Оралдан Алтайға дейінгі орманды даланың барлық жерінде қоныстанды. Осы аумақтағы шикі кірпіштен және шымтезектен жасалған кесенелер қимақтарға тиесілі. Келесі этни­ка­лық құрамдас осинскіліктер болды. Түр­кі­лер Ямар деп атайтын Обь өзені олардың қолында болды. Басандай мәдениетін жет­кізу­шілер, негізінен, қайлар еді. Әл-Бируни, Мах­муд әл-Қашқари және Якуттың карто-
г­рафиялық материалдары қайлардың біраз уақыт Обь маңында өмір сүргенін дәлелдейді. Кайлар ержүрек, батыл жауынгерлер еді. Олардың шабуылдарының күшті болғаны сонша, олар қимақтармен одақтас кундарды (ябаку) батысқа қоныс аударуға мәжбүр етті. Кундар өз кезегінде көршілес шар тай­пасының жеріне басып кірді.
Новосібір Притомье территория­сында Кузнецк бассейнінен топырақ үйінділері бар қорғандар кездеседі. Берёзо­вый Остров ескерткішінде табылған қорым­да адаммен қоса көмілген жылқы табылды. Ол Седова Заимка мен Осинкинский қорым­дарына ұқсас. Бұл қорымнан табылған сүйек­тер солтүстікке, солтүстік-шығысқа жә­не шығысқа қарата қойылған, яғни сол кез­дегі ғұрып бойынша жерленгенін көр­сетеді. Орыс зерттеушілерінің пікірінше, біз­дің заманымыздың 2 мың жылдығының басында қазақ даласынан Орта Обь өңіріне тайпалардың қоныс аударуы басандай мәдениетінің қалыптасуына әсер еткен. Куз­нецк алабындағы қыпшақтардың ескерт­кіштері Бачат өзенінің аңғарында орна­лас­қан Бекови және Шандра қорымдарынан та­былған. Сондай-ақ бұл сияқты ескерткіш­тер Касма өзенінің аңғарындағы Торопово қорымында да кездеседі. Бұл жердегі жиырма шақты топырақ үйінділері о баста төрт­бұрыш­­ты қорған болғаны байқалады. Қорым­нан табылған адам сүйектері солтүс­тік-шығысқа қарата жерленген. Ю.Худя­ков­тың айтуынша, ХІ-ХІІ ғасырлардағы қырғыз мем­лекетінің әлсіреуіне байланысты түркі жә­не қыпшақ халқы Алтай даласынан Куз­нецк алабына қоныс аударған. Сондықтан бұл жердің байырғы тұрғындары түркіленіп, Батыс Сібірдің орманды дала аймағының мәде­ниеттері жергілікті халық пен түркі­лер­дің үйлесімін танытады. Түркі көшпенділері жергілікті халыққа қай жағынан да үстем болған. Олар Ертістен Батыс Сібірге, Алтайға қоныс аударған.
Кундердің этникалық шығу тегі тура­лы мәселе біраз шатасқан секілді, оны нақтылау үшін қыпшақ экспансиясы ке­зіндегі Орталық Азияның этникалық тари­хына экскурсия жасау қажет. Әл-Марвази кундердің кидандар жерінен шық­қанын және қытай (кидан) билеушісінен қор­қатынын жазып қалдырған. Кундардың шығу тегі туралы зерттеушілер арасында ор­тақ пікір жоқ. И.Маркварт кундарды моң­ғол тілінде сөйлейтін тайпа, ал О.Прицак қи­мақтар деп санаған. Сондай-ақ әл-Мар­вази шарларды басмылдар билегенін айтады. Гол­ден шарлардың шығу тегі «сары ұйғыр­лармен» байланысты болуы мүмкін дейді. С.Кляшторный шар мен басмыл этноним­де­рін нақтылауды ұсынады. (Қай мен Кун тай­палары, шарлар печенегтер мен уздерге шабуыл жасаған). Маттеос Урхаетци шар­ларды «хартеш», ал кайды «тайпа әкелері» деп таныған. Тоғыз-оғыз экспансиясы ке­зін­де Батыс Еуразия далаларына қоныс ау­дар­ған басмылдар қарахандықтардың басты қар­сыластарының бірі болған.
Арнайы әдебиеттерде «половец» және «құман» ұғымдарының қатысты бірнеше ги­по­теза бар. Көптеген ғалым бұл этноним­дерді синоним ретінде қолданады. Бірақ «кун», «құман», «половцы», қыпшақ этноним­дері бір атаудың өзгеріске ұшыраған түрлері ме, оны қалай анықтауға болады? О.Прицак «құман­дар» латын және грек деректерінде қып­шақтардың, ал «половцы» оның славян жыл­намаларындағы атауы деп дәлелдейді.
С.Кляш­т­орный әл-Марвази айтқан кундарды қы­тай деректеріндегі ғұн тайпасымен Мах­муд әл-Қашқаридағы басмылмен және Мат­теос Урхаецидің «жыландар тайпасымен» сәй­­кестендіреді. Сондай-ақ славян шежіре­лерін­дегі «половцылар» әл-Марвази айтатын шар­лар, Махмуд әл-Қашғаридің басмылдары – қытай жылнамаларындағы басимдар немесе або туцзюе-шэли деп таниды. Зерттеуші олардың жақын халық екенін, бірақ бір-бірі­не ұқсамайтынын алға тартады. Иемек этно­сы, біздің ойымызша, Дешті Қыпшақ құра­мына енген. Кең мағынада Йемеки этнонимі шығыс Дешті Қыпшақтың барлық қыпшақ тайпаларына тарады. «Половцы Йемякове» славян шежіресінде айтылады, ал әл-Джуз­жани мен ан-Насави йемек тайпасын қып­шақ­тардың негізгі тайпасы дейді.
Қай, Кун және Шар тайпаларының қо­ныс аударуы ХІ ғасырдың екінші ширегінде жалғасқан көші-қон толқынын туғызып, 1055-1061 жылдары Ресейдің шығыс ше­кара­сында қыпшақтардың пайда болуына әсер етті. В.Спиней 1055 жылды қыпшақтар­дың Ресей шекарасына жеткен уақыты, ал 1061 жылды Ресеймен алғашқы шайқас уақыты деп санайды. Д.Кристиан өз кезегінде бұл оқиғалардың хронологиясын – XI ға­сыр­дың 50-жылдарының ортасы мен 60-жыл­дарының басы белгіледі. Д.Расовс­кийдің айтуынша, қыпшақтар 1054 жылы Ресей шекарасына дейін жеткен. Славян шежірелерінің мәліметтеріне келетін болсақ, тек Лаврентьевская хроникасында қыпшақ­тардың пайда болуы 1054 жыл деп көрсетіл­ген. Басқа деректер бойынша, олар 1055 жылы Ресей шекарасына жеткен. 1061 жылы қыпшақтардың Ресейге жасаған алғашқы шабуылында Всеволод Ярославичті жеңген көсемнің аты – Искал (сақал). Біздің ойы­мыз­­ша, қыпшақтар XI ғасырдың 50-жыл­дарының басында Днепрдің сол жағалауын алған болуы керек, оң жағалауда олар сәл кейінірек пай­да болуы мүмкін. Ростовец пен Неятин маңын­да өмір сүрген қыпшақтардың торк­тарға қарсы алғашқы жорығы 1071 жы­лы бол­ған. Бұл жағдайда қыпшақтар Днепр мен Днестр өзендерінің арасын XI ғасырдың 60-жыл­дары басып алды деуге болады.
Төменгі Дунайдағы қыпшақтар туралы алғашқы сенімді дерек ХІ ғасырдың соңғы ширегіне тиісті. Джордж Скилица-Кедрин мен Михаил Атталиоттың айтуынша, шамамен 1078 жылы Никефорос Василаки (ви­зан­тиялық қолбасшы. – аудармашы) тақ­ты басып алу үшін қыпшақтардың көмегін пай­даланған. 1088 жылы қыпшақтар Татуш­тың (Дунай бойындағы қалалардың бірінің билеушісі) одақтасы болды. В.Стоянов кун­дар Молдова территориясын 1068-1071 жыл­дар аралығында басып ала бастады деп есеп­тейді. Д.Расовский 1070-1071 жылдары Венг­рия шекарасына келген кундарды қып­шақтар деп болжайды.
Алайда Балқандағы печенегтердің бел­сенділігі XI ғасырдың 70-80-жылдары өте күшті болды. Кундарды 1070-1071 жылдарда­ғы печенегтермен сәйкестендірудің қисыны бар. Олардың Венгрия бағытындағы қозға­лысы 1064–1065 жж. Фракияға шабуыл жа­са­­ған оғыздардың кең қанат жаюына пайда­сын тигізді. Оғыздардың күшеюі печенег­тер­дің едәуір бөлігінің қоныс аударуына да әсер етті. Пожон хроникасының авторы және Симон де Кеза –Бихар мен Нир провинция­сына дейінгі аймақтарды бесстер (құтыр­ған­дар, печенегтер) қиратты деп есептеген. Будс­кая мен Дубницкая шежірелерінің ав­тор­лары, сондай-ақ Януш Турочци Венгрияға шабуыл жасаған дәл осы кундар дейді. Жорық 1070 жылы болған. Кундердің бас­шы­сы Озул болған. Симон де Кеза оны кун­дардың князі Дьюлының қызметшісі деп ата­ды. Шежіреші Озул венгрлердің шабуы­лын күтпегенін айтады. Венгрлер күтпеген жер­ден печенегтерге шабуыл жасап, шай­қас­та талқандады. Венгрия зерттеушілері шабуыл жасаған көшпелілерді оғыздар немесе печенегтер деп санаған. Бұл – қи­сынды, өйткені қыпшақтар тек 1071 жылы ғана Поро­сьені алаңдата бастады. Сонымен қатар Анна Комнена қыпшақтардың Бал­қандағы печенегтердің иелігінен жырақта жүргені туралы мәлімдеген.
1072 жылы Дунай аймағында болған оқи­ғалар сипатталғанда печенегтер туралы айтылады. Олар Венгрияға Болгар Белграды (Нандорфехервар, Альба Болгария, Сербия Республикасындағы қазіргі Белград) арқылы келді. Оларды римдіктер мен болгарлар кө­мекке шақырды. Печенегтер Сава өзенінен өтіп, Бузиаш даласына кірді. Бірақ оларды бан Янның әскерлері талқандап, печенег бас­шысы Казар бірнеше адаммен әрең құты­лып кетті. Оғыздардың қысымымен пече­нег­тер венгрлер мен римдіктердің иелігіне қарай шегінді. Печенегтер 1052 жылы Эндре I армиясында қызмет етті. Печенегтер Геза патшаның әскерінде қызмет етіп, 1074 жылы бұрынғы патша Шаламонның неміс одақ­тастарына қарсы шайқасты.
Кейбір ғалымдардың болжамы бойын­ша, 1085 жылы Венгрияға көш­пелілер шапқыншылық жасаған. Дерек­көз­дерде олардың көсемі, яғни кундардың хан­задасы Дучем Кунорум болғаны айты­лады. Бұрынғы патша Шаломон көшпелілерді өзімен бірге ала келген. Кундар Венгрияның Унга және Борсава аймағына шабуыл жасады. Кутес­каның көмегімен Шаломон тағына қайта ие болғысы келді. Егер қыпшақтар Ша­ло­монды шынымен қолдады десек, Шало­мон жеңілгеннен кейін бірден Болга­рияға шегініп, Алексей Комненос әскер­лері­нен жеңіліске ұшырауы таңғалдырады. Болгария ХІ ғасырдың аяғында печенегтердің иелігінде болды (қыпшақтардың емес).
Тек 1091 жылы Крулдың (Кола) ұлы хан Копулх жүргізген кундардың жо­ры­­ғын қыпшақтармен тікелей байла­ныс­тыруға болады. Соңғысы Трансильванияны қиратып, Бечей аймағына (Тисадағы Сер­биядағы Стари Бечей) жетті. Копулчтың жа­нында Энфем болғаны айтылады. Мажар ше­жіресінің жазуынша, Есембу қызмет­ші­сінен басқа кундардың ешқайсысы қашып құтылмаған. Копулх Паганти шайқасында қаза тапты. Венгр патшасын келемеждеген қып­шақтар өз көсемінің өшін алуға ант беріп, тұтқынға түскен Кунсты босатуды та­лап етіп. Бірақ Ласло Дунай маңындағы шай­қаста дукса (ханзада, хан) Акуштың қып­шақтарын талқандап, осы көсемді өлті­реді. Қыпшақтардың Альфьольд аумағына ық­палын кеңейту әрекеті сәтсіз аяқталды. Сол кезден бастап батыстағы қыпшақ иелік­терінің шекарасы тұрақталды.
Венгр корольдігі Копулх пен Акушты жеңгеннен кейін қыпшақтар бір ға­сырдан астам уақыт бойы мажарлар жеріне шапқыншылық жасаған жоқ. Бәлкім, бұл Ре­сей шекарасындағы қыпшақтардың әре­кетіне байланысты болса керек. Рюрикович ХІІ ғасырды толық қыпшақтармен қақты­ғыс­та өткізді. Венгрия шекарасында қып­шақ­тардың жандануы ХІІІ ғасырда, дәл Ви­зантия империясы мен Екінші Болгар пат­шалығының соғыстарында үзіліс болған кезде (Калоян қайтыс болғаннан кейін) бас­талады. Венгрия патшалығының құжат­тарында қыпшақтар Брашов және Фегерас уез­деріне шабуыл жасағаны жазылған. Олар Та­тар асуы мен Олт өзенінің аңғары арқылы өт­ті. Король Эндре II Барц жерін тевтондық ры­царьларға беруге мәжбүр болды. Венгрлер немістерді оңтүстік шекарасына ХІІ ғасырда-ақ қоныстандырды. Бірақ бұл немістер Вен-г­рия­ны Барц жеріне қоныстанған тев­тондар сияқты қорғай алмады. Сасси деп аталатын 500 адамнан тұратын әскери контингентке (саксондар, барлық немістерге арналған венгр белгісі) 1212 жылғы патша жарғысы бойынша татар асуының оңтүстігінен жер берілді. Тевтондар қыпшақтар мен көшіп-қонып жүргендер есебінен өз иеліктерін кеңейтуге мәжбүр болды. Неміс отаршылары бұрын аз қоныстанған Барц жерінің халқын то­лықтырды. Дипломатиялық құжаттарда пұтқа табынушылардың (яғни қыпшақ­тардың) Барт жеріне және «қар басқан таулы аймақтарға» шабуыл жасағаны көрсетілген. Жазда қыпшақтар Карпатқа жақындап, Венг­рияның шекаралық аймақтарына шабуыл жасады. Тевтондар көшпенділердің шабуылын тоқтатып қана қоймай, өздері де шабуылға шықты. Рыцарлар Барт жеріне жа­қын, қыпшақтар мен тұрақсыз қаңғыбас­тардың иелігіндегі біраз жерді жаулап алды. Олардың одан әрі ілгерілеуі венгр патша­сымен қақтығысқа байланысты тоқтатылды, ол тевтондарды қоныстандыру үшін басқа жер іздеуге мәжбүр етті. Мажар патшасы Тевтон орденін көтермелеудің орнына өзіне бағынышты католик қыпшақтардың мем­лекетін ұйымдастыруды қолға алды.
Латын тіліндегі құжаттарда қып­шақ­тар көшпелі халық ретінде сипатта­ла­ды. Рим папасы қыпшақтар жерінде қа­лалар мен бекіністер салуды ұсынды. Ол қып­шақтардың отырықшы болғанын қала­ды. Венгрия корольдігінің грамоталарында қыпшақтардың шомылдыру рәсімінен өту фактілері баяндалған Бірақ қыпшақтар көшпелі болып қала берді. Қыпшақтар қызметі үшін ақы алмаған және жорықтар­дан түскен олжамен өмір сүрген. Шіркеу қып­шақтардан 1364 жылға дейін салық ал­маған.
Куман епископиясының құрылуына Секелис басшылары кедергі келтірді. Бірақ соған қарамастан Венгрия королі Ку­ман епископының құрылуына қол жеткізді. Бұған негізінен Рим Папасының саяси ұста­нымы ықпал етті. Қыпшақтардың құқық­тары мен бостандықтарының сақталуына арнайы грамоталар арқылы кепілдік берілді. Куман епископының аумақтарын зайырлы түрде басқаруды IV Бела жүзеге асырды. Ку­ман епископтығы корольдің жеке иелігіне қарады. Венгрия мен папа билігі Карпаттың шы­ғысындағы және Төменгі Дунайдағы жер­лерді иеленуге мүдделі болды. Католицизмді қабыл­дану қыпшақтарға аса жайлы бола қойған жоқ, өйткені Рим Папасы барлық сенімсіз қыпшақтарды бағынышты етуді талап етті.
Әрине, епископияны басқару Римге адал Венгрияның қолында болды. Кейі­нірек оларды папаның шығыс мис­сиялары үшін пайдаланады. Куман епар­хиясындағы венгр доминикандықтарының әрекеттері екі мақсатты көздеді. Әрине, олар қыпшақтар арасында христиан дінінің ка­толиктік нұсқасын таратуға алаңдады, бірақ сонымен бірге Венгрия мен Римнің ықпалын Дунай атырауына тарату маңызды болды. Венгрия королінің өз мүддесі болды. Мажар королі жауынгер ретінде әйгілі болған қыпшақтарды католицизмге айналдыра отырып, әскерін нығайтып, көбейтті. Ма­жар­лар мен Романовичтер арасындағы со­ғысқа Беговар (Борц) қыпшақтары қа­тысты. Ро­мановичтерді Котян қыпшақтары қол­дады. Католик дінбасыларына кейбір «псев­доепископтар» қарсы болды.
Каталог Ninivensis II құжатына сәйкес, Корона қаласы (Брасов) Куман епис­ко­­пына тиесілі болды. Осылайша, оған Оң­түстік-Шығыс Трансильвания да кірді.
Осыған байланысты Куман еписк­опы­ның астанасына қатысты сұрақ туын­дайды. Ұзақ уақыт бойы зерттеушілер Мильков епископтың астанасы болды деген пікірде болды. Бірақ епископта Милковтан басқа бірнеше елді мекен болды. Православие немесе католицизмді қабылдаған қыпшақ­тар дәстүрлі қыпшақ жерлеу рәсімдерін ұс­тану­ды жалғастырды. Жерленген қыпшақ жыл­қымен, ең жақсы жауынгермен, байлық­пен бірге жерленген. Шыңғұл хан да қып­шақ­тардың дәстүрлі ырымы бойынша жер­ленген.
Қыпшақтар шомылдыру рәсімін қабыл­дап, өздерін ресми түрде христиан деп сана­ды. Мұны Котян және Венгрияға қоныс аудар­ған барлық тайпаның басшылары жүр­гізді. Мұндай шоқынған қыпшақтардың діни көзқарастарын қос сенім ретінде сипат­тауға болады. А.Осипянның пікірінше, като­ли­цизм және жалпы христиандық XIII ғ. көш­пенділердің дүниетанымын ығыс­тыр­мады, тек толықтырды. Христианданған қып­шақтар бірнеше дұға білуге мәжбүр бол­ды. Бірақ католицизмнің таралуына бұ­қараның латын тілінде өтуі кедергі болды, бұл қыпшақтарды түсінуге қиын болды.
Қыпшақтардың Шығыс Еуропада пайда болуы ХІ ғасырдың ортасында болғанын ай­та кеткен жөн. Алайда олар Карпато-Ду­най аймағында әлдеқайда кейінірек пайда бол­ды. Мажарстан шекарасында қыпшақ­тар­дың алғашқы пайда болуын 1091 жылға жат­қызуға болады. Кундардың Венгрияға жо­рықтары туралы бұрынғы мәліметтер қып­шақтарға емес, печенегтерге және оғыз-торктарға қатысты. Кун экзоэтнонимі қыпшақ экзоэтнониміне балама емес және венгрлердің барлық шығыстағы көшпелі көр­шілерін білдірді. ХІІ ғасыр венгр-қыпшақ қаты­насының тарихы үшін зұлмат болды. Дерек­тер үзік-үзік және жеткіліксіз. Қып­шақтар мен венгрлер арасындағы қарым-қа­тынастар тарихын зерттеудің жаңа дәуірі – қыпшақ­тар­дың христиандануымен ерекшеленетін XIII ғасыр болды. XIII ғасырдың басында қып­шақтар Венгрияның шекарадағы жер­леріне қарқынды шабуылдарын қайта бас­тады, нәтижесінде венгрлер Тевтон рыцар­ларының көмегіне жүгініп, олар Барц жерін иемденді. Король Эндрю II олардың көмегіне мұқтаж болмай қалғанда, олар Венгриядан қуылды. Мажарлардың саясаттың векторын өзгертіп, күшпен мәжбүрлеудің орнына қыпшақтарды сенім арқылы сендіруге көш­кенін айта кеткен жөн. 1227 жылы Куман епископтығы құрылды. Қыпшақтардың шомылдыру рәсімінен өтуіне саяси (Дешті Қыпшақтағы билік үшін күрес және моң­ғол­дардан сескену) және әлеуметтік (қыпшақ­тар­д­ың бір бөлігі көршілерінен христиан дінін қабылдаған) факторлар әсер етті. Куман епископының құрылуы Венгрия сая­сатындағы жаңа бетбұрысты көрсетті. Оның үстіне, бейбіт жолмен Борц пен Мемборктың иеліктері Венгрия мен Рим Куриясының вас­салдық мемлекетіне айналдырылды. Бол­гар­лардың қарсылығына қарамастан Куман епископтығы дамып, өсті. Бұл епископтық тарихының соңы Орталық-Шығыс Еуропаға жасаған моңғол жорығымен аяқталды.

Ярослав ПИЛИПЧУК,
тарих ғылымдарының докторы

Орыс тілінен ықшамдап аударған
Ахмет ӨМІРЗАҚ

Байқау айқын
Байқау айқын
Back to top button