Сенбі, 28 Қаңтар, 2023

Айдос САРЫМ: Жер мәселесі – әділеттіліктің мәселесі

Мәжіліс депутаты, «Жер аманаты» комиссиясының мүшесі

Елімізде мал жайылымына арналған жердің шамамен 36 пайызы ғана пай­даланылып, қалған 64 пайызы бос жа­тыр. Алайда жайылым тапшылығы әр өңір­де кездесетін өзекті мәселеге айнал­ды. Бұған жерді заңсыз иелену, дұрыс игер­меу, тағы басқа заңбұзушылықтар се­беп болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы мәселеге тоқ­талып, Үкіметке бос жатқан жерді ауыл тұрғындарына қолжетімді етуді тап­сырған болатын. Осыдан кейін «AMANAT» пар­тиясы жанынан құрылған «Жер ама­наты» комиссиясы маңызды міндетті орын­дауға кірісіп, жыл соңына дейін заң­сыз берілген және бос жатқан үш мил­лион гектардан астам жерді мемлекет мен­шігіне қайтарды. Комиссия мүшелері еліміздің әр өңірін аралап, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдаған болатын. Осы орай­да Мәжіліс депутаты, «Жер аманаты» ко­миссиясының мүшесі Айдос Сарыммен сұхбаттасып, жер мәселесінің жай-жап­сарын сұраған едік.

– «Жер аманаты» комиссиясы осы уақытқа дейін атқарған жұмысының қорытындысын шығарды. Комиссия Президент тапсырмасын толығымен орындай алды ма?
– Барша мемлекеттік органдардың, «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер ама­наты» комиссиясының, Бас про­кура­тура­ның біріккен жұмысының нәти­же­сінде Пре­зидент тапсырмасы артығымен орын­­дал­ды деп айтуға болады. Еліміз бойын­ша мем­лекет меншігіне қайтарылған 5 миллион гектар жердің 3 миллион гектардан астамы «Жер аманаты» комиссиясының ара­ласуы­мен іске асты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Жұ­мыс ары қарай жалғаса береді.
Жер мәселесі – әділеттіліктің мәсе­ле­сі. Ауыл­да тұрып жатқан азамат­тар үшін бұл өзек­ті. Олардың «жайылымымыз бар» деп ең­бектеніп, еркін мал жайып жүр­гені жақсы емес пе?! «Өз жерімде тұрып, ма­лымды ба­ғып, егінімді егіп жатырмын» деп се­німмен айт­са дейміз. Партия Төрағасы ко­миссияның кеңейтілген отырысында ен­дігі мәселе ай­мақ­тарда мониторинг жұ­мыс­тарын жүргізу, осы салаға белсенді аза­маттарды тарта оты­рып, мемлекет меншігіне қайтарылған жерді ха­лықтың игілігіне беріп, дұрыс бөлу керек еке­нін баса айтты. Осы орайда ауыл, аудан әкім­деріне біраз салмақ салып, жұмысын қада­ғалап отыру керек. Қо­ғамдық тұрғыдан ба­қылау жүргізіп отыр­ған жөн. Сонда ғана біз жекешеленген, кезін­д­е заңсыз берілген, пай­даланылмай бос жат­қан жерлерді дұрыс бөле аламыз.
– «Жер дауы – ел дауы» демекші, бұл са­лада күрмеуі қиын мәселе көп. Комис­сия жерге қатысты заңсыздықтарды жою үшін қандай бастамаларды қолға алады?
– Жерге қатысты күрделі мәселе көп. Со­ның бірі – жердің тозып кетуі. Жердің құнар­лылығын сақтап қалуымыз керек. Тыңайтқыштарды көп пайдаланғаннан кей­бір егіндіктер сорланып жатыр. Заңды­лық­тардың сақталмауы осыған алып келді. Тозған жерді қалпына келтіру біраз уақытты та­лап ететіні белгілі. Ауылдың, ауданның ішін­де жұмысты дұрыс жүргізу қажет. Одан кейін­гі мәселе ауыл айланасындағы пери­метрлерді айқындау. Қанша жер жайылымға, қоғамның игілігіне беріледі? Осыны анықтап алу қажет. Оған ешкім аузын салып, тісін батыр­мауы керек. Халыққа берілетін жердің картасы сызылып, жұмыс ашық, айқын жүруі керек.
«Жер аманаты» комиссиясының жиы­нында мемлекет меншігіне өткен жерді бөлу жұ­мыстары қоғамға, жұртқа, жер іздеп жүр­ген кәсіпкерлерге ашық түрде жариялануы тиіс екені айтылып, нақты тапсырма берілді. Алдағы кезек күттірмейтін жұмыстың бірі – осы. Жердің құнарлылығын зерттеп, қандай мақсатта пайдалануға болатынын анықтап алғаннан кейін қоғамды қатыстыра отырып, жерді дұрыстап бөлу қажет. Ең бастысы, қо­лынан іс келетін, соған инвестиция сала ала­тын азаматтарды тартқан жөн. Атқарыл­ған жұмыс аз емес, енді қолға алатын шаруа одан да көп. Менің ойымша, «Жер аманаты» ко­миссиясының жұмысын халықтық қоз­ғалысқа айналдыру қажет.
Салықтың біраз бөлігі жергілікті жер­лерге беріліп жатыр. Алдағы уақытта жердің ба­ғасын, кадастр құнын, мөлшерлемелерді ха­лықтың өзі анықтайтын болады. Қазір пар­тия үлкен жұмыс бастап кетті. Ол – «Ауыл аманаты» деп аталатын жоба. Мұның мақсаты – ауыл әкімдері мен әкімнің қасына кө­мекші болатын азаматтарды қажетті ком­петенцияларға үйрету. «Қандай нәрсеге назар аудару керек?», «Бірінші атқарылатын жұмыс қайсы?» деген сұрақтарға нақты жауап іздеу. Жалпы, ауылда тұрып жатқан аза­маттардың көзін ашып, ауыл, аудан өмі­ріне белсенді араласуға ықпал ету.
Ауылда ешкім ештеңені жасыра алмайды. Кез келген ауылға барсаңыз, сізге қай жердің ие­сі кім екенін, оның қазір қайда жүргенін еш­қандай картасыз-ақ тізбектеп тұрып ай­тып береді. Ауыл тұрғындары өзінің бола­ша­ғына немқұрайды қарамай, жер мәселесіне ара­ласып, белсенді азаматтарды алға шы­ғаруы қажет. Судың да сұрауы бар, жердің де сұрауы болуы керек қой. Әрине, әкімдерге ұнай бермейтін сұрақтар болуы мүмкін. Бірақ тұрғындар одан тартынбай, «Мына жер неге бос жатыр?», «Мына жерге неге мал жайылмайды?», «Бағасы неге осындай?» деген көкейдегі сауалын, өзін мазалайтын дүниені әкімнен тікелей сұрауы қажет. Оларды бел­сенді субъектіге, жер мәселесінің белсенді мү­шесіне айналдыру қажет. Әрине, бұл бір­ден нәтиже бере салатын жұмыс емес. Өйт­кені ауыл шаруашылығы ұзақмерзімді ин­вес­тицияны қажет етеді. Сондықтан ауыл­дарда тұрып жатқан жұрттың компетен­ция­сы өсуі керек.
Белсенді азаматтарды мониторинг топ­тарына да тарту керек деп есеп­тей­мін. Ойлап қараңыз, Қазақстан бойынша 230 ғана жер инспекторы бар. Әлем бойыша жер көлемі жөнінен тоғызыншы орындағы ел­міз. Менің ойымша, өңірлерді аралап, жер жағдайын, құнарлылығын тексеріп отыруға 230 адамның мүмкіндігі жетпейді. Әрине, қазір технология дамып жатқан заман. Космомониторинг, цифрландыру жүйесі дег­ен бар. Дегенмен жер жағдайын, жердің са­пасын сол өңірде тұрып жатқан адамдар да жақсы біледі. Сондықтан қоғамның өзі осы мәселеде белсенділік танытуы қажет екенін тағы да айтқым келеді. Жергілікті жер инспекторлары, әкімдер, Ауыл шаруашылығы басқармалары жұдырықтай жұмылып жұ­мыс істесе, жаңа Қазақстанды құрудағы ба­ғыт-бағдарымыз айқындалып, діттеген мақ­сатымызға жетеміз.
Заңдық тұрғыдан біраз өзгеріс болады. Қазір аграрлық комитеттің қарауында жа­тыр. Мұның бәрі жер мәселесін тиімді ше­шу үшін, болып жатқан қателіктер қай­та­ланбас үшін жасалып жатыр.
– Жер мәселесінде әкімдіктер тара­пы­нан заңсыздыққа жол берілгені анық­талды. Әкімдер туған-туыстарына жер­ді заңсыз жолмен бөліп берген жағ­дай қайталанбас үшін қандай шара қол­дану керек деп ойлайсыз?
– 2021 жылға дейін жерді әкімнің өзі бө­ліп беріп, заң талаптарының, санитарлық нормалардың, инвестициялық жобалардың орын­далуын өзі қадағалайтын еді. Яғни, бір қолымен берсе, екінші қолымен тексеретін. Қазір осы қайшылық жойылды деп айтуға бо­­лады. Жер мәселесі бойынша операто­ры­мыз – Ауыл шаруашылығы министрлігі жа­нын­дағы Жер ресурстарын пайдалану жө­ніндегі арнайы комитет. Одан кейін жер инс­пекторлары бар. Көп мәселе жергілікті жер­де шешіледі ғой. Осындай қайшылықтар болмас үшін бұл мәселеге қоғам белсенділері ат­салысуы қажет. «Мына жерді неге беріп отыр­мыз?», «Бұл кәсіпкердің қандай жобасы бар?», «Не істеп отыр?» деп сұрай алады. Бұл тура­лы «Жер «аманаты» комиссиясының жиы­нында да айтылды.
Жер мәселесінде заңсыздыққа жол берілген жағдайлар кездескені рас. Осы­ған байланысты Бас прокуратура қанша адам ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тар­тылғаны жөнінде мәлімет береді. Болып жат­қан әділетсіздікті, жерді жасырын түрде өзінің туысқандарына беруді тоқтатуға, жер­дің дұрыс бөлінуіне халықтың өзі де ықпал ете алады. Белсенді, ауыл шаруашылығынан хабары бар, қолынан іс келетін азаматтар ко­миссияға кіріп, ұсынысын айтып, жана­шыр­лық танытса, заңсыздық азаяды. Мыса­лы, бір Қарағанды облысының өзінде мил­лион гектар жер мемлекет меншігіне қай­тарыл­ды. Мұны кезінде ірі кәсіпорындар ал­ған, бірақ пайдаланбай босқа ұстап оты­р­ған. Енді осындай жағдайға жол беруге бол­май­ды.
Конкурс комиссияларына да қоғам өкіл­дері араласуы тиіс. Жекелеген контактілерді азайту керек. Әкімге мәселені ашық айту қажет. Конкурсты электронды түр­де өткізген тиімді. Сонда субъективті фак­торды азайтамыз. Құжаттарыңды уақы­ты­лы жинасаң, инвестициялық жобаңды бер­сең, конкурсқа қатысу қиын болмауы ке­рек. Бәрі ашық көрініп тұрады. Мысалы, үл­кен жер учаскесі бар дейік. Оған 2-3 адам та­ласады. Бәрін көріп отыру қажет. «Мы­на­ның ұсынысы әлдеқайда ұтымды. Салықты да көбірек төлейін деп отыр. Шетелден асыл­тұқымды мал, агроөнімдер алып келеді. Осы­ның ұсынысы дұрыс» деген нақты қағи­да болуы тиіс.
– Ұлан-ғайыр жерде тұрғанымызбен, жайылымға жарымай келеміз. Бұл мә­се­лені қалай шешуге болады?
– Иә, ауылдағы өткір мәселесін бірі – жайы­лым тапшылығы. Шаруалар малын қай жақ­қа жаятынын білмей дал болып жатыр. Се­бебі жерді жекешелендіру кезінде талай адам жайылымға иелік етіп алды. Жайы­лым­дық жерлерге қатысты Мәжілісте арнайы заң қа­былданды. Енді оның іске асырылу мәсе­ле­сі бар. Жерді қайтаруда түрлі механизм қа­растырылған. Оның ішінде прокура­тура­ның мүмкіндіктері бар. Осы орайда айма­қ­тық құқық қорғау органдары белсенді жұ­мыс істеп жатыр. Мұның барлығы арнайы ко­дексте қарастырылған. Бірақ бұл жерде мә­селе айыппұл салумен шектелмейді, бас­ты­сы жұрттың жылдар бойы қордаланған мә­селесін шешу керек
Әкімнің белсендігі үлкен рөл ойнайды. Бірақ кезінде аудан әкімдері жерді бөлген уақытта ірі шонжарлар, кәсіпкерлер жер­ді алған. Соларға тісі бата алмайтын әкім­дер болады. Ал сол әкімді мәжбүрлейтін, әді­леттілікке бастайтын жергілікті халық болуы тиіс. Талап ете білу керек. Жаңа айт­қа­нымдай, ауылдық жерлердің көбі кезінде жекешеленіп кеткен, жалға берілген. Әр ауыл­дың аумағы әртүрлі. Халықтың санына, қо­лындағы малына қарай әкімдіктер әр өңір­дің картасын жасауы тиіс. Ол жерлерді қо­ғам­ның игілігіне пайдалануымыз керек. Жайылымның көлемі анықталып, қағазға түсуі қажет.
Қазір ауыл әкімдерін халықтың өзі сай­лайтын жағдайға да жеттік. Өткен жылы 800 әкімді, биыл да біразын сайладық. Тұрғын­дар­дың өзі сайлаған әкімге сөзі өтпесе, басқа кім­ге өтеді? Енді алда біраз аудан әкімі сай­ла­нады. Бұл – биліктің жауапкершілігін арт­тыруға бағытталған қадам.
– Жерді өз еркімен қайтарып жат­қан­­дардың қатары көп. Бұған қандай фак­тор әсер етуі мүмкін?
– Бұл – 2021 жылы жер комиссиясы қа­был­даған заңдардың нәтижесі. Жерді пай­да­­­ланбай, бос ұстап отыруды заң жүзінде тиім­сіз етіп қойдық. Салығы жыл сайын өсе бе­ре­ді. Енді ойлап қараңыз, кім артық ақ­ша­сын игерілмей жатқан жер үшін төлегісі ке­леді? Сондықтан салық инспекциясы, про­куратура, партия белсенділері осындай азаматтарға қысым жасап жатыр. «Жігіттер, мына жерлеріңіз бос жатыр. Ештеңе істеп жат­қан жоқсыздар. Босқа салық төлегенше, өз еріктеріңізбен қайтарыңыздар» деп. Сот­пен де алуға да болады, прокуратураның да бел­гілі бір мүмкіндігі бар. Бірақ бұл – ұзақ жол. Бір мезетте шешіле салмайды. Бірнеше сот отырысы болып, дәлелдер ұсынылады.
Жер­ді игермей отырған азамат­тар­дың са­лығы бүгінде 15-20 есеге кө­бейді. Жаңа айтқанымдай, жерді жай ие­ле­ніп отыру қазір тиімсіз болып барады. Кә­сіп ашып, егіндікті қолға алайын, мал ба­ғайын деген азаматтарға беретін жер қа­жет. Ауыл тұрғындары бұл жағдайдан шет қал­май, игерілмей жатқан жерді көрсе, сол жер­ге ауыл әкімімен бірге барып, көрсетуі ке­рек. Заңға сәйкес жеңілдетілген тәртіппен ол жерлерді қайтаруға мүмкіндік бар.
Жер туралы әңгіме пайда болған кезде кейбіреулер бес-алты жыл бойы бармай, енді тіршілік істеп жатқанын көр­сеткісі келіп, трактормен жыртқандай бо­ла­ды. Мұның бәрін космомониторинг жүйе­сі, цифрлық технология арқылы көріп отыру­ға болады. Егер шын пайдаланайын деп жатса, жер инспекторлары, прокуратура өкіл­дері анық-қанығына тез көз жеткізе ала­ды.
– Әңгімеңізге рақмет!

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button