Жаңалықтар

Зейнолла Қабдолов және Махамбет тұлғасы

ашық дереккөзі

Зейнолла Қабдолов және Махамбет тұлғасы

Суреткер жазушы Зейнолла Қабдолов­тың қаламынан проза жанрында бір­неше құнды туынды дүниеге келді. 70-жыл­дары жарық көрген «Біз жанбасақ...» роман-дилогиясы қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алған көркем шығарма десек артық айт­паймыз. Заманауи тақырыпқа қалам тер­беген қаламгер аталған шығармасында көр­кем­дік бітімі мүлдем бөлек бірнеше тың кейіп­керлерді қазақ әдебиетіне алып келді. Сон­дықтан да бұл роман-дилогияны кезінде қа­зақ оқырманы жылы қабылдап, жоғары ба­ғалады. Қазақ прозасындағы сол тұста жақсы көріне бас­таған интеллектуалды бағыттағы соңғы, жаңа ты­нысты шығармалардың көш басында осынау роман тұрды. Әдебиет сыны романның, әсіресе осы құн­дылығын баса көрсетіп, жарыса жазды. Сардар, Қабен, Тайман сынды жаңа кейіпкерлер көркемдік жи­нақтау биігінен табылған, қаламгердің сурет­керлік дарынын айрықша жарқыратып көрсеткен типтік бейнелер ретінде әдебиет төріне көтерілді. Тура осы арнада, өзінің суреткерлік қол­таңбасынан көз жазбаған қа­лам­­гер араға уақыт салып Әуезов бейнесін де әдебиетімізге алып келді. «Менің Әуезовім» роман-эссесі де тұлға жә­не заман тақырыбын тереңнен тартып бей­нелеген, тарихи шындықты үлкен ау­қым­да көркемдік тұрғыдан жинақтап бере алған бірегей туынды ретінде оқырман жүре­гіне жол тапты. Мемлекеттік сыйлық­қа ие болған бұл роман да З. Қабдоловтың көр­кем прозадағы көп жылғы шығарма­шы­лық ізденістерінің бір белесі ретінде әдебиет тарихында қалды. Саңлақ суреткер, ғұлама ғалым, әлем­дік әдебиеттің классигі Мұхтар Әуе­­­зовтің жеке тағдырынан бастау алатын оқи­ғалар тереңдей келе ұлы тұлғаның тұ­тас өмір жолымен, қаламгерлік жолымен, сол заманның тарихи шындығымен са­бақ­тасады, қатар ашылады. Әуезовтің күллі кі­сілік болмысы, жан дүниесі, жеке басы­ның трагедиясы нақты оқиғалар арнасында суреттеледі. Жазушы Зейнолла Қабдоловтың көп жыл бойында іштей дайында­лып, ойы­на алған, осы мақсатта деректер жи­нас­ты­рып, жүрек түкпірінде сақтап жүр­ген, жа­­­нына жақын тақырыбы қазақ­тың алдас­пан ақыны Махамбет бейнесін сомдау бола­тын. «Менің Әуезовім» роман-эссесінен кейін­гі күрделі туындысы Махамбет бейне­сіне қа­лам тартқан қаламгер бұл романын толық аяқ­тап үлгермеді. Оу бастан Махам­бет тағ­дыр кешкен тұтас дәуірді толықтай қамтып, сол кезеңнің тарихи шындығы мен тарихи тұл­ғаларды қатар ала отырып, бүгін­гі заман биі­гінен ой толғағысы келген қаламгердің аяқ алысы, қалам сілтесі бір­ден сезіледі. Ой ауқымын кеңге салған, сурет­кер­лік, көркемдік жинақтаудың эпи­ка­лық биігіне қол артқан автордың су­рет­теу­лері­нен болашақ туындының терең ты­нысы, көп қырлы болмысы бірден көзге тү­седі. Бұл туындының алғашқы тараулары З.Қабдоловтың өзі дүниеден өткен­нен кейін жарық көрген бес томдық таң­дамалы шығармаларының бесінші бөлі­мін­де «Мұз үстінде от жаққан» атты тақы­рып­пен жа­рық көрді. Болашақ романның ал­­ғаш­қы бет­теріндегі оқиғалардан-ақ оқыр­манға те­рең әсер тастайтын «Арыстан еді-ау Исатай», «Қаһарман ақынның та­ғ­ды­ры мен тағылы­мы», «Айбын мен айдын», «Ақын өлімі» (ро­ман эскиздері) деп ата­ла­тын атаулар бір-бірі­мен іштей сабақтасып, тұтас дүниенің ен­ді көтеріле бастаған қабырғаларын көзге елес­тетеді. «Ақын өлімі» тарауында тұтаса бастаған бас­ты идея, тартысқа толы сюжет шыр­ға­лаң­­дары қылаң бергендей. Махамбет қаза­сы­на байланысты өрбитін оқиғалар суре­тінің алғашқы арналарын Зекең өзіне тән құнарлы тілмен, суреткерлікпен, өзіне тән стильде қағазға түсіріп үлгірген екен. Өте әсерлі, тар­тымды оқылады. Жазушы бірден Бөкей ордасына бай­ланысты тарихи оқиғаларға баға беріп, тарихи ретроспектива аясында бір­не­ше шегініс жасайды. Еділ-Жайық ара­сын бей­біт жайлаған қалың қазақтың тари­хи тағ­дыры қалайша замана көшінде сан қай­тара сынға түскені де жазушы жи­нақ­тау­ларын­да суреткерлікпен көрініс та­ба­ды. Жазу­шы ой ауқымын кеңге салады. Тари­хи дерек­тер шығарма тініне әдемі кірі­гіп, бола­шақ Махамбет тұлғасына барар жол­ды сара­лай түседі. Жәңгір туатын жылы патша ағзам­ның жарлығымен Бөкей сұлтан­ның қашаннан бергі арманы орындалып, Еділ, Жайық – екі өзен арасы түгелімен Бө­кей Нұралыұлына мәңгі-бақи меншік­те­ліп беріл­ді. Бұл бұған дейін ешбір қазаққа жа­сал­маған мырзалық еді. Еділ, Жайық ара­сын бұдан бұрын жоңғарлар таптап, қал­­мақтар жай­лап бұларды патша жа­сауыл­дары казак­тар қуып шыққан соң көп уақыт бос жатқан қызыл шағыл боз дала бо­латын. Сол дала енді күтпеген жерден Бө­кей сұлтанға берілді. Бұған жұрт таңғал­ды: – Япырмай, тас сараң патша қалай қиып беріп жүр? – десті. Оны біреулер түзе­тіп: – Бос жатқан жер, ұстап тұратын адам ке­рек, неге бермесін! – деді. – Жоқ-ау, қазаққа қалай қиды деймін ғой. – Бөкей де жарты қазақ, жарты орыс емес пе? Берген содан соң. – Қалай орыс болады Бөкей? – Көк көз ғой, орыстан несі кем? – Солай екен-ау! – Солай болғанда қандай? Биыл туған ұлы Жәһәнгердің де көзі көкпеңбек. Бұл да орыс, әкесінен аумайды, аузынан түскен­дей... Бұлардың бәрі қаңқу. Өсек. Тумыстан асыл жаралған ақылды, пара­сат­ты Бөкей не істеп жүргенін өзі біледі. Хан тұ­қы­мы, төлеңгіт емес, төре Бөкей со­нау Шың­ғыстан бергі ата-бабаларының орыстан шыл­быры үзілмей келе жатқан тағ­дыр үрді­сін бұл да бұза алмады. Қазақтар орыссыз өз ал­ды­на дербес ел бола алмайды деп білетін. Ой­да – орыс, қырда – қытай. Шыл­бырдың бұры­­шын қара қытай ұстаған жөн бе, әлде қазақ­­тың көзі үйренген сары орысы дұрыс па? Әрине, отаршылар аяққа тұсау сал­мақ түгіл шідер салса да, қытайдан орыс дұрыс деп білді. Әрине, Бөкейдің мой­нына ілінген үзбелі түйме жай түйме емес, оның өзіне, өзі басқаратын халыққа са­лынған отар­шылдықтың қыл бұрауы да еді. Бұл бұға­лыққа көнбеуге Бөкей ханның да, оның қай заманда да құлдықтан, азап пен бейнеттен арылмаған бодан халқының ешқандай лажы жоқ еді». Осылайша, тарихи шындықты ой елегінен өткізген қаламгер Ма­хам­бет бейнесіне барардың алдында Әбіл­қайыр, Бө­кей сұлтан Нұралыұлы, Жәңгір хан сияқ­ты тарихи тұлғалардың тағ­ды­рына да соғып өтеді. Болашақта Махамбет, Иса­тай бастаған ұлт-азаттық көтерілістің әлеу­меттік се­беп­теріне, тарихи тамыр­лары­на ой, парасат көзімен үңіледі. Жалпы, романда көп сөз болатын тарихи мекен Қарой, Қаройдағы Ма­хамбет тағдыры, ақын ойын тұйыққа тірейтін шытырман түстің күдігі, осы тұс­тағы жазушы суреттемелері бүкіл ро­ман­ның идеялық жүгін ұстап тұрған бел омырт­қадай көрінеді. Яғни, «Түс», «Шер» деп аталатын тарау­лардағы сөз болатын оқи­ғалар сарыны, кеңтынысты авторлық баян­даулар болашақ романның көпқат­пар­лы, көп кезеңдерді қам­титын күрделі шы­ғарма ретінде жос­парланғанын анық аң­ғартып тұр. Қазақ тағдырының ең бір күрделі, ал­мағайып кезеңін Жәңгір хан, Өтеміс, Иса­тай, Махамбеттей тарихи тұлғалар арқылы бей­нелеуді мұрат тұтқан қаламгердің осы­нау шығармасының аяқталған нұсқасының қолымызда қалмағаны, әрине, өкінтеді. Солай бола тұра Махамбет тұлғасына, Ма­хам­бет тағдырына арналған барлық шы­ғар­маның ішінде З.Қабдоловтың осынау романының соңғы жылдары жарық көрген туындылардың арасында дара, шоқтығы биік көрінетіні сөзсіз. Жалпы, осы орайда кішкене шегініс жасасақ, тұтас қазақ әдебиетінде Ма­хамбет тұлғасына қалам тартқан қазақ қа­ламгерлері аз болған жоқ. Барлық жанр­да, үлкенді-кішілі туындыларда Махамбет тағ­дыры шығарма өзегіне айналды. Алды­мен қазақ поэзиясындағы Ы.Шөрековтің «Иса­тай-Махамбет» дастаны, Ж.Молдаға­лиевтің «Кек», Ж.Нәжімеденовтің «Жаң­ғы­рық», Ә.Кекілбаевтың «Махамбет», М.Ша­ха­­новтың «Нарынқұм» трагедиясы, Ф.Оң­ғар­сынованың «Алмас қылыш» немесе «Ма­хамбетпен қалай кездестім», М.Нета­лиевтің «Арыстан еді-ау, Исатай» поэма­лары, Қ.Бекхожиннің «Махам­бет қабірінің ба­сындағы тебіреніс» атты толғауы, ақын­дар Х.Ерғалиев, О.Сүлейменов, М.Ма­қатаев, Қ.Мырзалиев, Ж.Әбдіраш, Т.Ме­дет­бек, Р.Нияз­бек, И.Оразбаев, Ұ.Есдәулет, т.б. әр жыл­дары жарық көрген туындылары Ма­­хамбет тұлғасын әр қырынан сомдауға ар­­налды. Бұлардың арасында жаңа жанрлық форма өлең-роман да ұшырасады. Айталық, «Арыс» баспасынан жарыққа шық­қан ақын Р.Ниязбектің «Махамбет май­даны» атты туындысын осы қатарға жат­қызуға бо­­лады. Екі жүз өлеңнен тұтас­тырыл­ған поэ­зия­лық шығарма Махамбет тағдырының барлық кезеңін қамтып қана қоймай, сол тарихи тұстағы қоғамдық-әлеуметтік сах­наға шыққан қазаққа белгілі тұлғалардың бар­лығының халық сана­сындағы орны да айшықталып шығады. Өлең-романның басты-құндылығы – бү­гін­гі заман рухымен терең сабақтасып жатқаны. Бұл қатарға сонымен бірге І.Жан­сү­гіров­­тің «Исатай-Махамбет», Б.Аман­шин­нің «Жақия», Ғ.Слановтың «Махамбет», М.Ақын­жановтың «Исатай-Махамбет», соң­ғы кезеңде жарық көрген С.Жүнісовтің, Ә. Таразидің, И. Оразбаевтың «Махамбет атты туындыларын, т.б. қаламгерлердің дра­малық шығармаларын қосуға болады. Әсіре­се, І. Жансүгіровтің 30-жылдары дү­ниеге келген «Исатай-Махамбет» атты тра­гедиясы сол тұстағы әдебиетіміздің шоқ­тықты туын­дыларының бірі болды де­сек қателеспейміз. Бұл драмалық шы­ғарма сол заманның та­лабына сай жазылса да ішкі көркемдік қу­аты, тілі, жазылу стилі тұрғысынан ақынның сәтті шығар­ма­лары­ның бірі болды. Әсіресе, Исатай батырдың қан май­данда мерт болатын тұстарын бей­не­­лейтін сахна көріністері, соғыстың тұтас суреті, осы арадағы Махамбет аузымен ай­ты­­латын астарлы толғаулар, қазақ елі мен же­рінің тағдырына қатысты сол кездің өзін­де көтерілген өткір ойлардың шығарма іші­не енуі Ілияс Жансүгіровтің қайталанбас қалам қуатын танытты. Ал енді проза жанрында тарлан қалам­герлер Тәкен Әлімқұловтың атақты «Қа­раой» әңгімесі, Әнуар Әлімжановтың «Ма­хам­беттің жебесі» атты романы, кейінірек дү­ниеге келген Берқайыр Аманшиннің «Ма­хамбеттің тағдыры», Қажығали Мұхан­бетқалиевтің «Бас жұтқан бас», Ә.Сарайдың «Исатай-Ма­хам­бет», Нәбиден Әбуталиевтің «Қай­ран На­рын», Марат Мәжитовтың «Бар­лыбай түбін­дегі ән», тағы басқа да қалам­герлердің прозалық туындылары алдымен ойға ора­лады. Бұл туындылар несімен қымбат, несі­мен қадірлі? Авторлары қандай көр­кем­дік ізденістерге қол жеткізе алды? Ма­хам­­беттің күрделі тұлғасын көркемдік тұр­­­ғыдан жинақтауда, сол тұстаға қазақ ба­­сына түскен бодандық, патшалық Ресей империясының қазақ даласында жүргізген отарлау саясатының қанқұйлы көрінісі, соны­мен бірге ел ішіндегі, ағайын арасын­дағы зұлымдық пен сатқындық үстемдік құр­ған заман шындығын шынайы жеткізу­де қай қаламгер қандай суреткерлік әдіс-тәсілдерге қол артқан екен. Соған бір сәт назар тоқтатсақ, алды­мен Махамбеттің өмірі мен заманы тура­лы көркем шығармалардың ішінде Тә­кен Әлімқұловтың «Қараой» атты туын­дысы айрықша дара тұрады. Бұл туынды кө­те­ре­тін, арқау ететін көп қатпарлы әлеу­меттік-қо­ғамдық шындық, осы арна­дағы сурет­телетін оқиғалар ағымының ауқым­ды­лығы тұрғысынан келсек, осы шығар­ма­ның бір өзі Ма­хамбет тағдырының барлық ке­зеңін қам­тып өтеді. Елінен айырылып, жерінен ауып, қос қ­ыраны – екі ұлын қатар жоғалтса да, ақынның қанаты қайырылып, жігері құм болып жасығанын көрмейміз. Махам­бет те ет пен сүйектен жаратылған жұмыр бас­ты пенде, қаншама ауыр күрсініп, арыс­тан ұлда­рын жоқтап, іштен жыламсыраса да, бірақ оның тұлғасы тауы шағылған, сағы сынған жанның кейпінен алыс. Тек көз алдында бақилық болған біртуар ба­ла­ларын ойлап, есіне алғанда жүрегі ел­жіреп, көкірегі сары сағынышқа толады. Әсіресе, балаларының Өтемістен ту­ған ондай түгел атқа қонып жасақ­ты қол­ға айнала алмағаны орны толмас өкініш­тей өзекті өртейді. Махамбет жапан дала­да жалғыз қалғанда жүрегіне жебедей қада­ла­тын жалғыз жан жарасы осы ғана. Әйт­песе батыр рухы, ақын ар-намысы бір сәт­ке де аласармайды, өзінің биік тұғырын­да қалады. Осы идеяны автор иін қандыра бейнелеп, әсерлі жеткізеді. Ал енді суреткер жазушы Зейнолла Қаб­до­лов өз романының барлық тарауында дер­­лік Махамбет тұлғасына, оның болмыс-біті­міне, қайсар мінезіне қайта-қайта ай­на­лып соғып отырады. Романның ішінде ерек­­ше көзге түсетін бір ерекшелік – Ма­хам­бет, Исатай тағдыр кешкен табиғи орта, ата­мекен суреті кең ауқымда суреттеледі. Таби­ғат көріністеріне автор айрықша мән береді. «Тайсойған да аумаған Нарын, Ойыл мен Жем арасын тұтастыра жалғап көсіле көл­беген жалпақ шағыл. Бұл да шағыл бол­ғанда сусып төгіліп жатқан жалаңаш құм емес, қыз­ғылт топырағы сұрғұлт шүй­гін­мен, кей тұстары жасыл шалғынмен қым­талған кө­гілдір қоңырлықтар мен кең қол­тықтар, белес-белес белдер, қырқа-қырат­тар, қалың ел­ге сая, мал мен жанға пана Нарын ханжай­лау болса, бұл – сар­жай­лау. Оңтүстік шал­ғайы Жем суынан бас­талатын Тайсойған сол­түстігінде Бүй­рек­құмға ұласып, Ойыл өзе­ніне тіреледі. Ойыл­дың дәл осы аралы­ғын­да Сырым бө­геті, бөгет жиегінде даланың жалындай жалбырап тұрған бір шоқ терек бар. Мұны да Ақкөл мен Кезауызға қарай өт­кен жо­лаушыға көлеңке болсын дегендей Сы­рым батыр өз қолымен егіп кеткен көрі­неді. Кезауыз кезауыз десе, кезауыз, – оң­түстікке қыртыс-қыртыс қызыл ша­­ғылды қақ айырып ағып жатқан Жарып­шық­қан өзенінің солтүстіктегі Ойыл суы­нан жырылған жіңішке жылғаның тол­қыны терең Тайкеткен арнасына келіп то­ғы­сатын құйылысы – табаны тастақ, жиегі қайраң құмды өткел. Бұл араның суы – жайылма, саяз, тізеден аз-ақ асады. Жағасы жайпақ. Сы­рым бөгетінен арғы Қарамеңнен Қара­көлге, одан әрі Қарабайға қарай сапар шек­кен жолаушы арбадан түсіп, балағын түрі­ніп, білегін сыбанып, бой сергітіп, ұйқыа­шар салқын сумен бетін бір сипайды да, көлігін қылт етпеден ат емес өзі сүйреп өткендей арғы бетке шыға бере жайланып суын ішеді. Содан соң пар аттың қамытын алып, дел­белерін шұбатып, жағада жай­қал­ған көк құраққа тұсаусыз қоя береді. Аттар шашасын салқын су шайған жерден тап­жы­лып табан аудармастан қысқа дейін бояуын өзгертіп, буынын қатырмайтын бал­дырған бала құрақты бас салып шал­ғыша қияды да оқта-текте пысқырып қойып күрт-күрт, кірш-кірш шайнайды. Со­дан мінер жағынан иесі оралғанша орн­ы­нан қозғалмайды. Ал иесі жағадан жоғары көтеріліп, ша­ғыл шетіндегі шоқыға шығады, шешінеді. Шо­қының іргесіне ырп-ырп соғып Жарып­шыққан ағып жатады. Нәрі тап-таза, жаға­сы-құмайт, түбі-тегіс ақ қайраң. Суының мөл­­дірлігі сондай ағыспен ығып, жүзіп келе жатқан шоршыма, сойқан балық шор­тан жағадағы адам қараны көріп кенет шошиды да толқынды құйрығымен бір ұрып кері бұрылып қашып кетеді. Соған бағып, бетінен түбі көрінген мөлдір су саяз шығар деп се­кіріп түсе қалсаң, үш кісі бойы тереңге шым батасың да кетесің. Жарыпшыққан – сондай алдамшы өзен, тереңі тентек, тек беті ғана күледі. Өтеміс пен Махамбет – әкелі-балалы екі салт атты Тайсойғанды екі күн аралап, бүгін үшінші күн дегенде Кезауыз­дан өтіп, күн шыға Сырым бөгетіне қарай бет түзеді. Бірақ бұлар жағаға шешінген жоқ, Жа­рыпшыққанға шомылған жоқ; күз сал­қын, күн желкем еді». Осылай төгіліп түсетін табиғат суреттері романның өне бойына айрықша құнар дарытып, қалам­гердің тіл кестесін айшықтап көрсетеді. Зейнолла Қабдоловқа тән суреткерлік тіл, көркемдік бояу, оқырманға терең әсер тастайтын теңеулер үрдісі ой мен парасатқа суарылған. Осындай суреттеулер Тәкен Әлім­құ­лов­тың «Қаройында» да сан қай­­та­ланады. Екі суреткер де ақын тағ­ды­ры­на, ақын трагедиясына жақындай түс­­кен сайын табиғат көріністерінің боя­уын қалыңдата баяндайды. Салқын күз­дің, желкемді күннің суреті екі шығармада да ұқсас қайталанады. Табиғаттың сұсты суреті Махамбетке қатыс­ты өрбитін қанды оқиғаға астарлы мән бере­ді. Осы арқылы Махамбет трагедиясына алып келетін күллі іс-әрекеттің динами­касы ширатыла, ши­ры­ға түседі. Т.Әлімқұловтың шығармасында күт­пеген жерден қызғыш құстың көрінуі, көң қарғаның ұшып жүруі, ботаның боздауы, сол кеште, апақ-сапақта айдың тұтылуы, бар­лығы ақын өлімін, оның ауыр қазасын ша­рықтау шегіне жеткізе суреттеуге жол аша­ды. Зейнолла Қабдолов өз романында Махам­­­бет қазасын суреттейтін эпи­зодтарды қағаз бетіне толық түсіріп, үл­геріп кете алмағанымен, бірақ ақын қаза­сына алып келетін барлық оқиғаның дә­лел-деректерін айна-қатесіз, нанымды, се­німді суреттеулер арқылы алып келеді. Махамбет трагедиясына алып келе­тін оқиғалар тізбегі жазушы су­рет­теулерінде көпқырлы, полифониялық си­патымен есте қалады. Махамбеттің соңғы күн­дерде, жалғыз қалғанда, күллі өмір жо­лын көз алдынан өткізіп, ой тұңғиығына бат­қан сәттерін суреттеген беттермен ро­ман нүктесі төмендегідей қойылады: «Сол баяғы жалғыз үй, сол баяғы екі құлынды бие, екі боталы түйе, бір ат. Қазір боталар бо­саты­лып, құлындар ағытылған. Бәрі қо­сыл­ғанда тоғыз құрапты; кәдімгідей көз кідір­тер бір табын мал. Және бәрі қосылып, топ­талып, бірге жайылып жүр; тоғызы да Қарой­дың Дендер жақ беткейінде-шідер­леулі кер арғы­мақтың төңірегіне шоғыр­ла­нып, бір-бірінен қара үзбей жайылады. Махамбет бірауық аспанға-бұрқыра­ған будай яки түтілген түбіттей бу­дақ-будақ әуеде ілініп тұрып қалған қыз­ғылт бұлттарға қарады. Алып аспанға ай­шық-айшық сурет салған қызыл бұлттар шы­­нында да әр нәрсеге бір ұқсап кетеді. Ма­хамбеттің көзіне мына суреттер Жас­құс­тағы Орда шаһары секілденіп кетті. Хан ордасына Теке жақтан келіп төте кіретін айдау жол бар-ды; мынау орданың сол Теке беті сияқты. Хан сарайының әшекейлі биік қақпасы, сарайдың екі қанатын кере созып әкететін көше-көше көп үй, тіпті оң жақ­тағы айдын – Шалқар көл мен сол жақта қол­дың саласындай тізіле самсап, жиек­құмды жа­ғалай жосылып әрі асқан жал-жал жасыл терек­тер... Бәрі де қызғылт сары нұрға бал­қып, керемет көркем келбетпен Махамбеттің көзін арбап алды. Махамбет аспандағы бұлтқа тел­міріп ұзақ тұрды; қызыға қарап, қатты тол­қып ойланып тұрды: «Япырмай, тіршілік түп-түгел жерден кетіп, аспанға көшкен бе, қалай!»... Жапан далада жалғыз қалған ақын­ның күллі ішкі жан әлемі, жүрек күйзелісі, атамекеніне, туған жеріне, туыс-бауыр­лары­на деген ұлы сағынышы, ұлы қайғысы, ұлы мұңы, барлығы ақынның осынау сана ағымы арқылы көз алды­мыздан өтеді. Осыдан кейін роман Махамбеттің ба­сын шабуға келген бір топ жен­дет­тердің, яғни «сау желіп, суыт келе жат­қан тобырдың» оңаша отырған қараша үйге өңмеңдей кіріп, залым ойларын іске асыру­ға беттеген зымиян іс-әрекеттерін сурет­теумен тәмамдалады. Ары қарай Махамбеттің Ықылас баста­ған опасыз ағайынның алдында алдас­пан­дай арқырап сөйлеп, айыбын айтып, ат құй­рығын кесісіп, шарт кетуі. Ызадан жа­ры­лардай болған жеті баскесердің қы­лыш­тарын ала ұмтылған қаскөйлігінен титтей де қаймықпаған, жаралы арыстандай жал­ғыз алысқан алып жүректі ақынның жан алысып, жан беріскен арпалысы. Махамбеттің жантәсілім етер сәттегі Ұлы өкініші. Ұлы арманы. Осының бар­лы­ғын жазушы ақ қағазға түсіріп үлгермеді. Тағдырдың жазуы.

Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы, академик