Жері байдың елі неге бай емес?

Жері байдың елі неге бай емес?

Жері байдың елі неге бай емес?
ашық дереккөзі
Пайдалы қазба дегенде ел байлығы, ха­лық игілігі деген бейнелі тіркестер қо­са айтылады. Жеріміздегі кен қо­ры­ның молдығы бұлжымас мақтаныш аргу­мен­тіне айналған, оған негіз де жоқ емес, әри­не. Әйтсе де, құқықтық жағынан да, мора­ль­дық тұрғыдан да өзіне тиесілі байлықтың игі­лігін халық қаншалықты көре алып отыр? Көре алып отыр ма? Жер қойнауындағы байлық қалай игеріліп жа­­тыр, кім игеріп жатыр? Халыққа тиісті үлес қан­шалықты әділ үлестіріледі? Заңда не ай­тыл­ған? Экология министрлігінің 2021 жыл­ғы ақ­па­ра­тында пайдалы қаз­балардың мемлекеттік ба­лансында 8 мың­нан астам кен орны тіркелгені ай­­­ты­лады. Оның 910-ы – қатты пайдалы қаз­балар, 3 мыңнан астамы – кең тарал­ған пайдалы қаз­ба­лар деген мәлімет бар. Дәл осы жылы министрлік гео­логиялық бар­лау аясында 2020 жылы алғаш рет мем­лекеттік балансқа 20 кен орны қойыл­ғанын, еліміздің пайдалы қазба­лар қоры кеңейгенін мәлімдеген бола­тын. Атап айтқанда, 111,5 тонна алтын, 55,4 мың тонна уран, 13,8 млн тонна те­мір кені және 31,7 млн тонна мұнай. – Жер қойнауын пайдалану­шы­лар­дың геологиялық барлау жұмыстарының нә­тижесінде 2020 жылы алғаш рет мем­лекеттік балансқа 20 кен орны қойылды. Со­ның ішінде қатты пайдалы қазбалар – 9, көмірсутек ши­кі­за­ты – 6, жерасты су­лары – 5, – деп айтылған ресми мә­лім­­де­меде. Ал 2022 жылғы ресми ақпаратта еліміздегі кен орындарының жалпы саны 8 711 екені нақтыланған.  width= Жалпы пайдалы қазбалар қор­ларының ішінде экономика­лық маңыздылығы бойынша ең үлкен сал­маққа мұнай, көмір, мыс, темір, қор­ға­сын, мырыш, хромиттер, алтын, мар­га­нец ие деп саналады. Сонымен қатар табиғи байлық арқылы ел экономикасына тар­тыл­ған инвестициялардың саны былтыр ре­кордтық деңгейге жеткен. – Соңғы 25 жылда Қазақстанға тар­тылған 73 трлн теңгенің 70 пайыздан аста­мы – мұнай-газ секторына, 27 пайы­зы тау-кен металлургия кешеніне тиесілі, – деп Экология министрлігі мәлімдеген болатын. Ал биылғы Президенттің Жолдауын­да ең алдымен, жер қойнауын игеру ісіне ин­вестиция тарту үшін заңнаманы және рә­сімдерді барынша жеңілдету керек еке­ніне баса мән берілді. Одан бөлек, геологиялық ақпарат туралы бірыңғай мәліметтер банкін құру жұмысын аяқтау қажет екені айтылды. Яғни, бұған дейін бізде мұндай база болмаған. Сонымен қа­тар Үкіметке индустрия және жер қой­науын игеру салаларының инвес­ти­ция­лық тартымдылығын арттыру тура­лы тапсырма берілді. Демек, жер байлы­ғын игеру, тау-кен өндірісі инвесторлар үшін тартымды сектор болып қала бермек. Дүниежүзілік банк рейтингіне көз жүгіртсек, еліміз табиғи ресурс­тардан түсетін табыс бойынша (ЖІӨ пайы­зымен) 17-орында тұр. Ресурста 1990-2020 жылдар аралығындағы дерек­тер ұсынылған. Осы кезең ішінде елі­міздің орташа көрсеткіші – 17,63 пайыз. Ең төменгі көрсеткіш – 2,95 пайыз 1998 жы­лы, ең жоғары 32,12 пайыз 2008 жы­лы тіркелген екен. Жалпы экономика тұрақты бол­са, халық, бизнес, мемлекет бар­­лығы бірдей пайда көреді. Дегенмен бұл заңдылықтың орындалмағанын дә­лел­ді алға тартпай-ақ сенімді түрде ай­туға болады. Әйтсе де, еліміздегі кен өндіру­ші­лерден мемлекетке түскен та­бысты есептеп көрейік. Жалпы, пайдалы қаз­ба өндірушілер қандай төлемдер тө­леуге міндеттелген? Ол міндеттер орын­далып отыр ма? «Өзімдікі дей алмай...» Жер қойнауын игеруге қатысты ашық мәліметтер базасы – ЕГСУ пор­талындағы Мұнай-газ және тау-кен секторларындағы пайдалану­шы­лардың салықтық және салықтық емес төлемдері бойынша қорытынды есеп мәліметтері бар. Мұндай төлемдерге салық түсім­дері, табиғи және басқа ресурс­тар­ды пайдаланғаны үшін төленетін тө­лемдер, бюджетке түсетін басқа да са­лық емес төлемдер, кеден төлемдері кіре­ді. 2021 жылғы қорытынды есепті бірін­­­ші рет қарағанда, былтыр барлығы 11,5 трлн 482 млрд теңгедей қаражат түс­кені көрсетілген. Оның ішінде Ұлт­тық қор – 2 трлн 972 млрд теңгеге, рес­пуб­ликалық бюджет – 6 миллиард 709 миллион теңгеге, ал жергілікті бюджет 1 трлн 800 млрд теңгеге толыққаны жа­зылған еді. Дегенмен, бір қызығы – пор­талға кіріп, қорытынды ақпаратқа сұ­рау салған сайын салық түсімдері бойынша көрсеткіштер, яғни төлемдердің сомасы өзгеріп отырады. Бұл бұрмалау ма, әлде тех­никалық қателік пе, бұл жағы беймә­лім. Одан бөлек, порталдағы меншік­тегі мемлекеттік үлестер бойын­ша қорытынды есепте мемлекеттің үлесі бар 10 төлеушінің ғана мемлекетке тө­леген дивиденттері туралы ақпарат бар. Кей ірі кәсіпорындардың, мәселен «Со­колов-Сарыбай тау-кен байыту өнді­ріс­тік бірлестігі», «Қазақстан алюминийі», «Қаз­хром», «Жәйрем» тау-кен байыту зауы­ты, «Қазақстан электролиз зауыты», «Шұ­баркөл Көмір», «ТрансКом», «Қашар Руда» т.б орындардың, басшылығының 5 жылдан бергі мем­лекетке төлеген ақшасы туралы мә­лі­мет жоқ екені бұған дейін де біраз ай­тылған болатын. Дегенмен кен бай­лық­тары тоқтаусыз игеріліп, шетелге са­­тылып жатыр. Биылғы қазанда сенатор Дәурен Әділбеков жер қойнауын пай­да­лануға арналған салық ставкаларын арт­тыру есебінен бюджетті толықтыруды ұсы­ныпты. Ол қазір сектордағы салық жүк­темесі 8-9 пайыздан аспайтынын, бұл – шикізаттық емес секторда жұмыс істей­тін кәсіпкерлердің жүктемесімен бір­дей деуге болатынын алға тартыпты. Де­путаттың айтуынша, басқа елдерде өтел­мейтін табиғи қорлар үшін жер қой­науын пайдаланушыларға салық салу 25 пайыз деңгейінде. Сонымен қа­тар ол Лондон түсті металдар биржасы­ның деректерін келтіріп, онда өткен жылы алтын бағасы 40,6 пайызға, күміс ба­ға­сы 71 пайызға, темір рудасы 110 пайыз­ға өс­кенін айтады. Бұл біздің компания­лар­дың табыс деңгейіне әсер ете қоймаған. – Тау-кен секторының жер қойнауын пай­даланушыларына салық жүктемесін ұл­ғайту биржалық қатты пайдалы қаз­баларға, негізгі экспорттық пози­ция­лар­ға мөлшерлемені шамамен 1,5-2 есе арт­тыру жолымен жүзеге асырылуға тиіс деп санаймыз. Бұл шара ХДПИ бойынша қо­сымша түсімдерді 200 млрд теңгеден асыра ұлғайтуға мүмкіндік береді. Соны­мен қатар тау-кен металлургия кешені жоғары маржа екенін ескеру қажет, – деп­ті сенатор. Депутаттың дерегіне сүйенсек, тек 2017-2018 жылдары жариялан­ған қаржылық есептілікке сәйкес, атал­ған сектор шетелге жалпы сомасы 3 трлн тең­геге дивиденд төлеген. Сенатор шетелдіктерге төленетін ди­видендтерге салық салу жүйе­сін де сынап, жеңілдіктерді алып тастау мә­селесін көтеріпті. Қазір Қазақстан ре­зиденттерді біздің елімізде пайдалы қаз­баларды өндіру есебінен алған ди­видендтер бөлігінен салық төлеуге мін­деттемейді. Дамушы елдердің басым көп­шілігінде мұндай жеңілдік қарас­тырылмайтынын айта кету керек. Сондай-ақ Дәурен Әділбеков Қа­зақстанның тауар биржаларында жа­салған мәмілелерге салықтық жеңіл­дік­терді алып тастауды ұсынды. Иә, со­нымен қатар жер қойнауын игерушілерге мем­лекет тарапынан бірқатар жеңілдік, қол­дау да қарастырылған. Яғни, пайдалы қазбалардың не­гіз­гі иесі халық болса да, одан түсе­тін пайданы халық көріп жатыр деп ай­туға келмейді. Тіпті, бұл туралы ақпа­рат­тың өзі толық емес немесе күмәнді. Заң не дейді? 1991 жылы тәуелсіздігіміз жария­лан­ған сәттен бастап жер қойнауын пай­далану үшін жеткілікті ауқымды заң­намалық база құрылды. Тау-кен сала­сындағы қатынастар, кез келген басқа на­рықтық қатынастар сияқты, азамат­тық, экологиялық, корпоративтік, валю­та­лық, жер және басқа да салалық заң­на­малардың ережелерімен реттеледі. 1996 жылғы «Жер қойнауы туралы» заң мен 1995 жылғы «Мұнай туралы» заң­ды барлық пайдалы қазбаларға қа­тысты жер қойнауын пайдалану мәсе­ле­лерін реттейтін базалық заң – 2010 жы­лы қабылданған «Жер қойнауы тура­лы» заң алмастырған еді. Одан бөлек, заң­наманың маңызды бөлігін көптеген заңға тәуелді акті, аталған заңды да­мы­туға қабылданған Үкімет қаулылары құра­ды. Жер қойнауын пайдалану сала­сын­дағы заңнаманы қалыптас­тыру процесі осы уақытқа дейін жаңа нор­мативтік-құқықтық актілерді қабыл­дау арқылы да, ескілерін өзгерту арқылы да белсенді түрде жалғасын тауып отыр. Осы тұста 1999 жылы басталған Қазақ­стан­дағы жер қойнауын пайдаланудың құ­қықтық режимін қатаңдату үрдісін, заң­намалық базаны экологияландыруды жә­не қазақстандық өндірушілерді қол­дау саясатын атап өтуге болады. Одан бөлек, 2018 жылы «Жер қой­науы және жер қойнауын пай­да­лану туралы» кодекс айналымға енгі­зіл­ді. Нақтырақ айтқанда, жер қойнауын паи­̆далану саласындағы заңнама нор­ма­ларын жүйелендіруді көздейтін, соны­мен қатар инвестициялық тартымды­лық­ты арттыруға бағытталған «Жер қой­науы және жер қойнауын пайдалану ту­ралы» кодекс қабылданды. Кодекстегі негізгі жаңалықтар қа­та­рында «бірінші келген – бірін­ші алады» қағидаты бойынша жер қой­науын пайдаланудың аустралиялық мо­делін енгізу, пайдалы қазбалардың қор­ларын есептеудің халықаралық жүйе­сіне көшу, геологиялық ақпарат­тар­дың қолжетімділігімен қамтамасыз ету айтылды. Одан бөлек, жер қойнауын пай­да­лану саласында геологиялық бар­лауға инвестициялар тарту үшін 2019 жылдан бастап коммерциялық табу бонусын алып тастау туралы бас­тама көтерілді. Теңіздегі және терең мұ­най кен орындары үшін жер қой­науын пайдалануға арналған неғұрлым қарапайым балама салық ұсынылды. Жер қойнауын пайдалануға арналған балама салықты енгізу кезінде салық тө­леушіге жер қойнауын пайдалану­шы­ның арнайы салықтарын төлеудің жал­пыға бірдей белгіленген тәртібінде қалу құқығы берілетін болды. Қатты пайдалы қаз­баларды барлауды жеделдету үшін жал­ға алу төлемдерінің тетігі енгізілді. Сонымен, Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы 2010 жылғы 24 маусымдағы заңның 11-ба­бында жер қойнауы Қазақстан хал­қына тиесілі екені айтылған. Қазақстан хал­қының атынан меншік құқығын мем­лекет жүзеге асырады. Яғни, жер бай­лығынан халыққа тиесілі үлесті ұқ­са­туға мемлекет, Үкімет тікелей жауапты. «Бұл ретте мемлекеттің меншік құқығын жүзеге асыруы Қазақстан халқының мүд­десі үшін мемлекеттік меншік ре­жи­мі арқылы іске асырылатыны» да көр­сетілген. Ал 8-бапта жер қойнауын пай­даланудың ақылы екені айтылған. Заң бойынша, жер қойнауын пай­далану ақылы (өтеулі). Жер қой­науын пайдалану үшін ақы төлеу Қа­зақстан Республикасының салық заң­намасына сәйкес салықтарды және бюд­жетке төленетін басқа да міндетті тө­лемдерді төлеу арқылы жүзеге асы­рыла­ды. Оны біз талдап өттік. Салық пен салықтық емес бұл тө­лем­дерден бөлек, пайдалы қаз­баларды игерушілердің халық алдында бас­қа да бірқатар міндеттемесі бар. 36-баптың 10-тармағы арқылы жер қой­науын пайдаланушылар өздері кен өн­діріп отырған өңірдің әлеуметтік-эко­номикалық дамуына және оның инф­ра­құрылымын дамытуға атсалысуға, яғни осы мақсатта қаражат бөлуге міндет­теледі. Өңірлердің дамуына қаншалықты үлес қосылып отыр? Сонымен, «Жер қойнауы туралы» заң және басқа да нормативтік-құ­қықтық актілерде жер қойнауын пай­даланушылардың халық алдындағы мін­деттері бекітілген. Атап айтқанда, жер қойнауын пайдаланушылардың не­гіз­гі міндеттері келісімшартқа және заң­намаға сәйкес жер қойнауын пай­далану жөніндегі операцияларды жүр­гізу, жер қойнауын пайдалану жөніндегі опе­рацияларды жүргізу кезінде адамның өмірі, денсаулығы және қоршаған орта­ның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, келі­сімшарттық аумақты келісімшартта көз­делген мақсаттарда ғана пайдалану, жер қойнауын пайдалану жөніндегі опе­ра­цияларды жүргізуге арналған жобалау құ­жаттары мен технологиялық схе­ма­лардың ережелерін сақтау. Одан бөлек, жұ­мыспен қамту кезінде жергілікті ха­лыққа басымдық беру де айтылған. Со­нымен қатар кен өндірген кезде жұ­мыс­пен қамтылған мамандарды оқытуға, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысу мәселелері қарас­тырыл­ған. Яғни, жер қойнауындағы байлықтан түскен ақшаның бір бөлігі сол өңірдегі тұрғындардың өмірін жақ­сартуға жұмсалуға тиіс. Жоғарыда тоқталып өткен ЕГСУ порталында өңірдің дамуына бө­лінген қаражат және оның қандай мақ­сатта, неге берілгеніне қатысты ақпа­рат бар. Былтырғы тізімге көз жүгіртсек, тек 16 кен игерушінің ғана осы мақсатта қар­а­жат бөлгені көрсетілген. Одан бөлек, бұл міндеттеме, атын­да тұрғандай өңірдің әлеуметтік жадайын, инфрақұрылымын дамытуға ғана жұмсалуға тиіс. Яғни, бастама кен сар­қылғанда, оның игілігі әлі біразға дейін халыққа қызмет етсін деген ниет­те енгізілген тетік. Дегенмен жаңа­ғы 16 жер қойнауын пайдаланушының біразы инф­рақұрылымға, тіпті қатысы жоқ қайы­рымдылық немесе басқа да мақ­сат­та ақша бөлгенін байқауға болады. Мә­селен, жаңажылдық сыйлықтарға, нау­қас адамның еміне, қарттар үйіне іс-шара өткізуге немесе тағы да басқа. Бұл бір жағынан қайырымдылық, дегенмен бұл міндеттеме мектеп, аурухана құры­лысы, тұрғын үймен қамту сияқты ауқы­мы мен бюджеті әлдеқайда кең баста­ма­ларды қаржыландыруға тиіс екенін ес­тен шығармаған жөн. Одан бөлек, жер қойнауын заң­сыз, өз бетінше пайдаланатын­дар­­мен күреске де ерекше мән беріліп отыр. Дегенмен заңды түрде пайдаланып отырғандардың өзінде кем-кетік көп. Мәселен, биылғы 10 қарашада Пре­зидент Бас прокурор Берік Асы­ловты қабылдаған еді. Сол кезде ол жер қойнауын пайдаланушылардың бюд­жетке 96 миллиард теңге міндетті тө­лемді төлемегенін айтқан болатын. Берік Асыловтың айтуынша, осы жер қойнауын пайдалану мен автомобиль жолдары салаларында аса күрделі заң бұзу фактілері анықталған. Индустрия министрлігі кен өн­діруге дайын тұрған 144 кен ор­нын барлауға келісімшарт берген. Эко­номикалық ресурстарды заңсыз шо­ғырландыруға қарсы іс-қимыл мә­селелері жөніндегі комиссия жұмысы­ның аясында прокурорлардың акті­лері­не сәйкес, құны 43 миллиард теңгені құ­райтын заңсыз берілген және мақса­тына пайдаланылмаған 7,3 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылған. Со­ның ішінде олигополия меншігіндегі 140 мың гектар жер болғаны анық­та­лып­ты. Осындай енді 160 мың гектар жер қайтарылады деп жоспарланған екен. Қорыта айтқанда, жер қойнауы 30 жылдан бері игеріліп келсе де, әлі күнге дейін жүйеленбей отыр. Ең басты мәселе – жер байлығының игілігін халық көріп отырған жоқ. Шикізатты экспортқа жібереміз, ол дайын өнім болып өзімізге қайтып келеді. Ал сол екі аралықтағы түсетін пайда қайда кетеді деген сұрақ өз-өзіне жауап беріп тұрғандай. Жалпы, жердің байлығы халық үшін абстрактілі ұғымға айналған: бар деп мақтанамыз, қанша екені, қайда екені беймәлім...