Қазақ ономастикасының атасы атанған ғалымды білесіз бе?

Қазақ ономастикасының атасы атанған ғалымды білесіз бе?

Қазақ ономастикасының атасы атанған ғалымды білесіз бе?
ашық дереккөзі
Қазақ ономастикасының көшбасында тұрған абыз ақсақал Телғожа Сейдінұлы Жанұзақ - 95 жаста. Ғалым-ұстаздың айтқан әрбір әңгімесі тұнған тарих, өнеге мен тәлім-тәрбие. Ол - жас ғалымдарды ғылымға баулыған азамат. Т.Жанұзақтың студент кезіндегі, кейіннен ғылымдағы ұстаздары, атақты ғалымдар -  Қ.Сәтпаев, С.Аманжолов, Ә.Марғұлан, М.Ғабдулин, А.Ысқақов, І.Кеңесбаевтар  туралы айтқан естеліктері өте құнды әрі қызық. Сондай-ақ, Телғожа Жанұзақ С.Е.Малов, Н.А.Баскаков, А.Н.Кононов, Э.Р.Тенишев сынды түркітанушылармен тығыз ғылыми байланыста болған. Академик Қаныш Имантайұлы Сәтпаевты көрген жас ғалымдар именшектеніп, әдеп сақтап тұрып қалады деседі, сонда Қаныш Имантайұлы өзі келіп, қолын беріп, қал-жағдайларын сұрайды екен. Телғожа Сейдінұлы оның бұл қасиетін ірі тұлғаның жастарға деген үміті, қолдауы деп бағалайды. Ал ұстазы, проф. С.Аманжоловпен бірге «Қазақ халық жұмбақтары» (1959) атты көлемді кітапты жазып шығарғаны ғылым жолындағы алғашқы қадамдары десек болады. Т.Жанұзақ қазақ жұмбақтарын, мақал-мәтелдерін жинап, оларды бастыру, жарыққа шығарумен шұғылданып жүреді. Осы тақырыпта С.Аманжоловтың 1940 жылы шыққан еңбегі бар екенін Т.Жанұзақ кейіннен біледі. Оны С.Аманжолов бір кездескенде айтады. Сөйтіп ұстаз бен шәкірт жинаған материалдарын салыстыра екшеп, бірге жарыққа шығарады. Телғожа Жанұзақтың ономастика ғылымына бет бұруына түркітанушы Сергей Ефимович Маловтың тікелей ықпалы болды. 25 жастағы жасындай жарқылдаған жігіт 1953 Ленинградқа (қазіргі Петербор) 1 жарым айға іссапарға барады. Осы сапарда жас ғалымға С.Е.Малов «Қазақ тіліндегі кісі есімдері» атты тақырыпты ұсынып, осы бойынша ақыл-кеңестерін береді. Елге оралған соң, 1954 жылы, академик І.Кеңесбаевтың жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі кісі есімдері» атты кандидаттық диссертациясын жазуға кіріседі. Диссертация қорғалған соң (1961) қазақ ономастикасы бойынша бірнеше еңбектерін жариялайды. Олар: «Қазақ тіліндегі жалқы есімдер» (1965) атты ЖОО арналған оқу құралы, 1971-1974 жылдары «Қазақ есімдерінің тарихы» атты еңбегі, кісі есімдерінің мағынасы мен уәждемесі, этимологиясы көрсетілген «Есімдер сыры» атты еңбегі жарық көреді. Телғожа Жанұзақ Ә.Марғұланмен етене тығыз қарым-қатынаста болған. Ғалым-ұстаз Әлкей Марғұлан Телғожа Жанұзақтың Орталық Қазақстан топонимдерін зерттеу жайлы жоспарын қолдап, өңірді зерттеу қажеттігін айтады. Оның себебі, Орталық Қазақстанда «Тың және тыңайған жерлерді игеру» жүріп жатқандығы, соның салдарынан көптеген тарихи жер-су атауларының жоғалып бара жатқанына назарын аударады. Сол себептен Т.Жанұзақ еш кідірместен Орталық Қазақстанға экспедицияға шығып, аймақтың топонимдерін жинақтауға кіріседі. Бұл мәні аса жоғары жұмысты орындау барысында Ғылым академиясы, оның басшылары қаражат бөліп, тікелей қолдайды. Т.Жанұзақ ұстаздары С.Малов, І.Кеңесбаев, А.Ысқақовтардың басшылығымен зерттеулер жүргізіп, оларға ізетті, талапты шәкірт бола білді. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Ұстазы мықтының ұстамы мықты» дегендей, Т.Жанұзақ кейіннен Қазақ ономастикасы бойынша көптеген шәкірт тәрбиеледі. Әрбір тәрбиелеп шығарған шәкірттерінің бойындағы ғылымға деген талабы мен адалдығын, қарым-қабілетін жоғары бағалап, дәл таныды. Сондай-ақ, әлі күнге дейін барынша қолдау білдіріп, ақыл-кеңесін айтып отырады. Е.Керімбаев, Қ.Рысберген, А.Жартыбаев, Б.Бектасова, М.Қожанұлы, З.Құламанова, Б.Әбдуәлиұлы, Б.Көшімова, т.б. шәкірттерін баулып, отандық ономастика мектебінің қалыптасуына аянбай еңбек етті. Ғалымның жетекшілігімен 6 докторлық және 16 кандидаттық диссертация қорғалды. Проф. Т.Жанұзақ қазақ қана емес, түркі ономастикасының да қалыптасуына елеулі еңбек сіңірді. Ғалым-ұстаз түркі халықтары ішінен ғылым докторлары мен ғылым кандидаттарын дайындауға қатысты.  Ғалымның 1971 жылы шыққан «Қазақ есімдерінің тарихы» атты еңбегінде ежелгі сақ, ғұн, көк түрік заманынан келе жатқан антропонимдерді жинақтап, жүйелеп, бүгінгі есімдермен сабақтастығын қарастырады. Есімдердің жасалуы, морфологиялық құрамы мен семантикасы осы еңбекте талданады. Сондай-ақ, 1976 жылы қорғалған «Қазақ тілі ономастикасының негізгі проблемалары» атты докторлық диссертациясы түркітану ғылымының дамуына қосылған сүбелі үлес болды. Т.Жанұзақ ономастика ғылымының топонимика, этнонимика, астронимика салалары бойынша да көптеген зерттеу жұмыстарын жүргізді.  Ғалым макротопонимдерден бастап, микротопонимдерге дейін, олардың тарихын, этимологиясын, құрамын жан-жақты талдады. Антропонимдерден, этнонимдерден қойылған жер-су атауларының түп-төркініне үңіліп, пайда болу тарихынан мол мағлұмат алуға мүмкіндік туғызды. Қазақ ономастикасының атасы атанған Т.Жанұзақ Қазақстан аумағындағы жер-су атауларын жинақтап, лингвистикалық, географиялық түсіндірмесін берген еңбектерінің қатарына «Орталық Қазақстанның жер-су аттары» (авторлас, 1989), «Қазақстан географиялық атаулары. Алматы облысы» (2005), «Қазақ ономастикасы. Топонимика» (2008), «Қазақстан Республикасының топонимдері. Топонимия Республики Казахстан» (2001), «Түркістан облысының жер-су атаулары» (авторлас, 2022) және т.б. жатады. Филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Жанұзақ 70 жыл ғұмырын Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында, кейіннен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында табан аудармай еңбек етуге арнады. Қазақ ономастикасын жүйелеп, теориялық негізін жасады, Отандық ономастикалық мектептің негізін қалады. Ұзақ жылдар бойы жалқы есімдер бойынша мағлұматтар жинап, оларды жүйелеп, зерттеу еңбектеріне арқау етті. Телғожа Жанұзақ әріптестерін өте жоғары бағалайды, олардың әрбір жетістігіне қуанып, жылы лебізін білдіруді еш ұмытпайды. Шәкірттеріне келгенде, оларды әрқашан демеп, ғылым жолына түсулеріне үлгі бола білді.   Әрлен СЕЙТБАТҚАЛ, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инстиуты Ономастика бөлімінің қызметкері.