Жақсылыққа жетелер «Жақсылық арифметикасы»

Жақсылыққа жетелер «Жақсылық арифметикасы»

Жақсылыққа жетелер «Жақсылық арифметикасы»
ашық дереккөзі
Кәсіпкерліктің жас, әлеуметтік жағдай талғамайтыны белгілі. Қазір елімізде бұл саланы жеке және әлеуметтік кәсіпкерлік деп бөліп қарастыруға болады. Бүгін мемлекеттік бағдарламаның арқасында кәсіп бастаған әлеуметтік кәсіпкер, көпбалалы ана Ұлжан Құдайбергенқызымен сұхбаттасудың сәті түсті. Мырзагелдиева Ұлжан Құдайбергенқызы – «Халық алғысы» және Б.Момышұлының «Батыр шапағаты» медальдары мен мемлекеттік награда «Шапағат» медалінің иегері, «Business Woman Qazaqstan-2022» республикалық салалық премиясының «EDUCATION BRAND-2022» номинанты, әлеуметтік кәсіпкер,  «Жақсылық арифметикасы NS» қоғамдық қорының басшысы, «Жақсылық арифметикасы» оқу орталықтарының директоры, көпбалалы ана. – Кәсіпке қалай келдіңіз? Кәсіпті бастауға не себеп болды? – Қазіргі таңда әлеуметтік кәсіпкермін. Кәсіпті бастауға балаларым себеп болды. Өйткені көпбалалы анамын. 20 жылдық еңбек өтілі бар жоғары білімді, жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде мектепте жұмыс істедім. Бірақ 4 балам болғандықтан, таңнан кешке дейін жұмыста жүріп, оларға көңіл бөле алмадым. Сондықтан мектептегі жұмысымды тоқтатып, кәсіпке келуді дұрыс деп санадым. Өйткені егер бір кәсіпті игерсем, балаларыма көп көңіл бөле аламын, жалпы олардың тәртібі мен білімін, тәрбиесін қадағалау мақсатында осы салаға бет бұрдым. – Қазіргі таңда әлеуметтік кәсіпкерсіз. Кәдімгі кәсіпкер мен әлеуметтік кәсіпкердің ара-жігін ажыратып алсақ. Әлеуметтік кәсіпкер деген кім? – Қазіргі кәсіпкерді жеке кәсіпкер және әлеуметтік кәсіпкер деп бөлеміз ғой. Олардың айырмашылығы мынада: әлеуметтік кәсіпкер – өзін ойлай отырып, халыққа қызмет көрсетуді басты мақсаты ететін адам. Сонымен қатар әлеуметтік кәсіпкерлер адамдардың мәселесін шеше отырып, жаңа немесе бұрын қолданылмаған ресурстарды іздейді. Бұл, мысалыға, мүмкіндігі шектеулі адамдар немесе жалғызбасты аналар үшін арнайы жұмыс орындарын құру мәселесі болуы мүмкін. Жалпы елімізде әлеуметтік мәселе көп. Ал бұл бағыттағы кәсіпкерлер оларды шеше отырып, елдің экономикасын көтеруге атсалысады. Өйткені олар бұған дейін қолданылмаған ресурстарды айналымға енгізеді.  width= Жеке өзім бұл бағытты таңдағанда – өзіме әрі өзгеге пайдалы болуды мақсат еттім. Қазір аз қамтылған отбасылар деген жік шыққан. Біз сол аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіп, көпбалалы аналармен, көпбалалы отбасыдан шыққан балалармен жұмыс жасаймыз. Көбіне көпбалалы аналарға психологиялық, заңдық тұрғыда көмек керек болады. Сол кісілердің арнайы мамандардан тегін кеңес алуын ұйымдастырамыз. Сонымен қатар әлеуметтік кәсіпкер ретінде демеушілер арқылы көптеген отбасыға азық-түлік себетін тарату, дәрі-дәрмек алып беру, балаларын киіндіру арқылы көмек береміз. – Осы уақытқа дейін қандай кәсіптермен айналыстыңыз? – Атамекен ҰКҚ орталығы туралы 2019 жылы білдім. Сол жылдың қарашасында олар бюджет толығымен игерілмегендіктен, 6-патокты ашқан еді. «Бастау-Бизнес» бағыты бойынша білім алуға құжат тапсырып, оффлайн форматта тәжірибе жинадық. Бізге сабақ берген Азамат Серікұлы деген тренер басынан аяғына дейін жанымызда жүріп, бір сөзбен айтқанда 70 кісіні кәсіпке баулыды. Бизнес жоспар жазу, смета құру, бәсекелестерді тану, табу, сенің пайдаңды есептеу – жалпы сол кезде санамызда бизнестің алғышарттары қалыптасты. 24 күн білім алғаннан кейін әрқайсысымыз бизнес-жоспар құрып, жеке жоба қорғадық. Нәтижесінде 200 АЕК көлемінде грант иегері атанып, 2021 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 5 млн теңге грант жеңіп, «Жақсылық арифметикасы» оқу орталығын аштық. Содан бері көпбалалы отбасының балалары мен ерекше балаларды тегін оқытып келеміз, 1 емес, 2 бірдей орталығымыз ел игілігі үшін жұмыс істеп тұр. Осылайша әлеуметтік кәсіпкерлікке келдік. Бұл орталықты ашуға көпбалалы аналардың сұранысы тікелей әсер етті. Қазіргі таңда «Жақсылық арифметикасы» оқу орталығында 102 отбасының 197 баласы тегін білім алып жатыр. Оқу орталығында мектепке даярлау, ұзартылған күн тобы (1-4 сынып балаларына), домбыра, шахмат, көркем өнер, гитара, қобыз, вокал және шешендік өнер үйірмелері бар. Қазіргі таңда смартфонға байланған балалардың сөйлеу мәдениеті мен ойлау қабілеті төмендеп бара жатқандықтан, шешендік өнер үйірмесін қосу арқылы баланың сахна мәдениетін қалыптастыру, сөз шеберлігін арттыру, сөйлеу мәдениетін көтеруді мақсатымыз еттік. Орталықтың тағы бір өзгешелігі – тереңдетілген ағылшын тілі оқытылуында. Ал жалпы алғашқы бизнесім – массаж кабинетін ашу болды. Отпен емдеу, банка арқылы массаж жасау деп түрлерге бөліп қарастырдық. Бұл жерде де – көпбалалы аналар мен ерекше бала өсіріп отырған аналарға 50%-дық жеңілдікпен массаж қызметін көрсетуді қолға алдық. 2020 жылдан бастап осы бағытта жұмыс істеп, пандемияға байланысты бизнесте біраз уақыт демалдық. Жалпы тәжірибе – осы.  width= – «Жас мамандарды әлеуметтік осал топ балаларына білім беру арқылы педагогикалық еңбек тәжірибесін жинауға баулу орталығы» туралы айтып берсеңіз. Негізгі мақсат, міндет қандай еді? Ол қазіргі таңда қаншалықты жүзеге асып жатыр? – Біз ашқан орталықта көпбалалы отбасының балаларымен, ерекше балалар тегін білім алып жатыр. Астана қаласы жұмыспен қамту орталығы екі бағдарлама арқылы орталық қызметкерлерін жұмыспен қамтуда. Біріншісі – «еңбек», екіншісі – «жастар практикасы» бағдарламасы. «Еңбек» бағдарламасы бойынша жас мөлшеріне, дипломына, санатына шектеу қоймаса, ал «жастар практикасы» жастарға шектеу қояды. Яғни 29 жасқа дейінгі жастарды жұмыспен қамту, оларға алғашқы жұмыс орны ретінде көмек береді. Сол үшін оқу орталықтарында осындай курс ашып, жас мамандарды әлеуметтік осал топ балаларына білім беру арқылы педагогикалық еңбек тәжірибесін жинауға баулып отырмыз. Орталықтың басты мақсаты – кеше ғана диплом алған жастарға бағыт-бағдар беріп, өзі үйрене отырып, үйрете алатынына көзін жеткізу. Өйткені кез келген жұмыс беруші адамның түйіндемесін қарай отырып, еңбек өтілін сұрайды. Ал кеше диплом алған жастар еңбек өтілін қалай көрсете алады? Сондықтан біздің орталыққа жұмысқа тұрған жас маман балалармен бірге үйрене отырып, еңбек өтілін жинауға мүмкіндік алады. Әсіресе, баламен, ата-анамен, басшылықпен жеке жұмыс істеу тәжірибелерін жинайды. – Рақмет!