Жаңалықтар

Күннен-күнге қартайып бара жатқан 4 жасар бүлдіршін көмекке зәру

ашық дереккөзі

Күннен-күнге қартайып бара жатқан 4 жасар бүлдіршін көмекке зәру

Ауыр дертке шалдыққан 4 жасар бүлдіршіннің бет-әлпеті күн өткен сайын қартайып барады. Бірнеше қатерлі сырқатпен ауыратын Ернар Әлібековтің келбеті егде адамдікіне ұқсайды. Тағдырдың тауқыметін тартқан бүлдіршін жайлы  BNews.kz жазды.   Иммунитет тапшылығымен күресу үшін кішкентай Ернарға апта сайын бағасы қымбат тұратын инъекциялар салу керек. Дәрінің бір дозасы 74 мың теңге тұрады. «Ернардың денсаулығы дүниеге келген күннен бастап сыр бере бастады. Екі айдан кейін мұрны мен ерні қыртысталып, ісіп кетті. Дәрігерлер сусымалы тері синдромы диагнозын қойды», −  дейді сәбидің анасы Зебинса Әлібекова. Анасының айтуынша, Ернар тағы бірнеше дертке шалдыққан: алғашқы иммунитет тапшылығы, жүрек ауруы, ауыр дәрежедегі бронх демікпесі және өкпе фиброзы. Әлібековтер отбасы Ташкенттен көшіп келген. Ернар – олардың алғашқы баласы емес, оған дейін 8 айлығында шетінеп кеткен қыздары болыпты. «Жүктілік кезінде бәрі жақсы болды. Дәрігерлердің айтуынша, бар мәселе −  күйеуіміз екеуіміздің алыс туысқан екенімізде екен», −  дейді Зебинса. Қазір бүлдіршінге ең ауыр диагнозымен күресу үшін үлкен көлемдегі қаржы керек."Біз әкімдікке хат жаздық. Бір ай күту керектігін айтты. Қаңтардың соңында қала басшылығының шешімі белгілі болады", −  дейді Ернардың анасы. Дертті бүлдіршін отбасымен бірге жалданған пәтерде күн кешіп жатыр. Иммунитеті әлсіз болғандықтан, жан-жақтағы заттардың бәріне аллергиясы бар балаға тұрып жатқан жерлері мүлдем қолайсыз.  Қажетті қаражатты жинауға көмегі тиер деген ниетпен анасы Instagram желісінен парақша ашқан. Қатерлі ауруларға шалдыққан ұлы өзге балалар секілді ойнап-күле алатын күн туады деп  сенеді.