Жаңалықтар

ҚазҰУ-да шығыстану мұрасының алтын қоры ашылды

ашық дереккөзі

ҚазҰУ-да шығыстану мұрасының алтын қоры ашылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті ғалым, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор, шығыстанушы ғалым, дипломат Әбсаттар қажы Дербісәлінің 75 жылдығы аталып өтті деп хабарлады turkystan.kz. Алдымен Әл-Фараби кітапханасында «Академик Әбсаттар Дербісәлі атындағы сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры» ашылды. Тарихи бөлмеде білім алушы жастар үшін арнайы ертедегі кітаптар мен ғалымдар жазған қолжазбалар қойылған. Кейін салтанатты жиын «Шығыстану және руханият мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға жалғасты. Жиынға Президент Әкімшілігі,Ғылым және жоғары білім министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Алматы қаласы әкімдігінің және ҚМДБ өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Әбсаттар Дербісәлінің жары Рафия Бәкірқызы мен ұрпақтары, Түркия, Ресей, Мысыр, Иордания, Өзбекстан, Тәжікстан, Иран мемлекеттерінің елшілері мен консулдары, дін саласының қызметкерлері, ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы және білім алушы жастар қатысты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы – Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасады. Ол өз сөзінде академик Әбсаттар қажының келуімен ҚМДБ жаңа кезеңге аяқ басқанын жеткізді. Әбсаттар қажы Дербісәлі – саналы ғұмырын ғылым мен білімге арнаған ғалым. Өзіне жүктелген дінбасы қызметін абыроймен атқарды. Мәселен, дін саласында құжаттандыру, ісқағаздарын жүргізу мәселесін ретке келтірді. Отандық дін мамандарын даярлауға баса көңіл бөліп, 2001 жылы «Нұр-Мүбарак» Египет-Ислам мәдениеті университетін ашты. Қазіргі таңда аталмыш білім ордасы діни жоғары білімді, білікті мамандар даярлайтын оқу орнына айналды. Сондай-ақ еліміздің тоғыз аймағынан тоғыз медресе, бір қарилар даярлайтын орталық ашты, – деді Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы. Өз кезегінде «Нұр-Мүбарак» Египет-Ислам мәдениеті университетінің ректоры Мұхаммед аш-Шахат Абдулхамид Мұхаммед әл-Джинди, Әбсаттар Дербісәлінің жары, ҚР Дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген ардагері Рафия Бәкірқызы сөз сөйлеп, бүгінгі шараның маңыздылығын атап өтті. Жиын барысында ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде академик Әбсаттар Дербісәлі атындағы дәрісхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Сонымен қатар ғалымның ғылыми еңбектері жинақталған кітаптың тұсаукесері өтті.