Ақан Сатаев Сақ патшайымы - Тұмар ханшайым туралы фильм түсірмек
Ақан Сатаев Сақ патшайымы - Тұмар ханшайым туралы фильм түсірмек
Танымал режиссер Ақан Сатаев сақтардың көшбасшысы - Тұмар ханшайым туралы тарихи фильмді түсіруді жоспарлап жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Иә, дәл осы киноны түсіруге үлкен ниет бар. Біз әлемдік тарихты өзгерткен тұлғалар туралы тарихи фильмдерді түсіруіміз керек. Осыны тиісті деңгейде, халықаралық дәрежеде жасай алатын болсақ, халықтың көңілінен шығып қана қоймай, фильмге кеткен шығынды да толығымен ақтай аламыз. Ондай картиналарды Таяу Шығыс, Америка және тағы басқа елдерге халықаралық прокатқа шығаруға болады», - деді Сатаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, бүгінде фильмнің синопсисі, яғни сценарийдің қысқартылған нұсқасы дайын. Қаржы мәселесі әлі шешілмеген. Дегенмен, режиссер түсіру жұмыстарын ағымдағы жылдан қалмай бастауға ниетті.
Айта кетейік, сақ патшайымы Тұмардың есімі ежелгі жазбаларда Томирис деп көрсетілген. Б.з.д. 530-529 жылдары Мидия елінің патшасы Кир көптеген елдерді өзіне бағындырып, «Азия әміршісі» атағына ие болып, Ұлы Далаға қарсы жорыққа шықты. Шайқастардың бірінде Кир патшасы Томиристің жұбайы Рустамды өлтіріп, Тұмардың баласы Сыпырды қолға түсірген. Тұтқында Томиристің ұлы да мерт болды. Ал Кир көшпенділер еліне елші аттандырып, олардың ханшасына өзіне тұрмысқа шығуын сұрады. Сонымен бірге, бір халыққа бейбіт жолмен бірігу туралы ұсыныс жасады. Тұмар Кир патшасының ұсынысын қабылдамай, оның қанға тоймас басын қанға тұншықтыруды уәде етеді. Ақыры, сөзіне тұрған патшайым парсыларға қарсы ұрыс жүргізіп, жеңіске жетеді. Сол кезде Тұмар парсылардың патшасы Кирдің басын шауып алып, қан толтырылған сабаға тығып: «Аңсағаның қан еді, іш енді соны!» - деп айқайлады.
Бұл оқиғаны грек тарихшысы Геродот «ең кескілескен және ұлы шайқас» деп суреттеген