Жаңалықтар

Қошанов ҰҚШҰ елдеріне жаңа модельдік заң қабылдауды ұсынды

ашық дереккөзі

Қошанов ҰҚШҰ елдеріне жаңа модельдік заң қабылдауды ұсынды

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Қазақстанның парламенттік делегациясы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Парламенттік Ассамблеясының кезекті отырысына қатысу үшін Мәскеуге жұмыс сапарымен барды. Кеңестің бірлескен отырысына және ҰҚШҰ ПА XV пленарлық отырысына қатысушылар Армения Республикасының 2021-2022 жылдардағы Ұйымға төрағалығының қорытындылары мен Беларусь Республикасының алдағы төрағалығы кезіндегі басымдықтары туралы ақпаратты тыңдады. Мәжіліс спикері өз сөзінде өңірде тұрақтылық пен қауіпсіздікке нұқсан келтіретін түрлі қауіп-қатерлер мен қақтығыстардың өзекті болып отырғанына назар аударды. Мұндай жағдайларда ашық диалогтың маңыздылығын Қазақстан Президенті талай мәрте атап өткен болатын. Е.Қошановтың айтуынша, осы тұста ҰҚШҰ елдері парламенттеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сонымен қатар отырыстың күн тәртібіндегі мәселелердің бірі  биылғы 20 қарашада өткен Қазақстандағы президенттік сайлауды бақылауға қатысқан ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы мониторингтік тобының қорытындылары туралы болды. ҰҚШҰ ПА миссиясының қорытындысына сәйкес, сайлау халықаралық нормалар мен ұлттық заңнамаға толығымен сәйкес өтті. Айта кету керек, ҰҚШҰ ПА құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан парламенттерінің өкілдері кіреді. Онда әлеуметтік-экономикалық және құқықтық мәселелер, саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық, қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері бойынша үш тұрақты комиссия жұмыс істейді.